Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату
арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген 
үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады

 
2019 жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл іс-шара жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келді. 

«Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы «Bіlіm jáne Gylym!» дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген болатын. Ал Жолдау Тоқаевтың білім беру жүйесіндегі өзгерістер туралы месседжтерінің жалғасы деуге болады. Президент басты мәселелер ретінде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім сапасындағы алшақтықты, оқулықтар сапасының жеткіліксіздігін, елдің жоғары оқу орындарының деңгейі төмен екенін айтты» - дейді Президент Жолдауына қатысты өз ойын ортаға салған ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Мадина Нұрғалиева.

Оның айтуына қарағанда, бұл мәселелерді шешу қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты.

«Қазіргі уақытта аймақтардағы білім беру ұйымдарын басқару жүйесі тиімсіз. Аудандық деңгейде бюджеттік әкімшілендіру барлық туындаған мәселелерді тез әрі толық шешуге мүмкіндік бермейді. Бұл мектептерді жөндеу, жылумен қамтамасыз ету, интернет және басқа да мәселелерге қатысты. Сондықтан Президент білім беруді әр деңгейінде қаржыландыруды қарастыру міндетін қойды» - дейді ол.

Сонымен қатар, саяси сарапшы ауылдық жерлердегі білім беру – елдегі сапалы адами капиталды қалыптастыру үшін ең маңызды қадамның бірі екенін атап өтті.

«Қиын мәселелер тізімінде ауылдарда мұғалім жетіспеушілігі көш бастап тұр деуге болады. Жолдау аясында ауылдағы білікті педагогтардың тапшылығы мәселесін шешу үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жұмыс аясын кеңейту және осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін жеткізу ұсынылды» - дейді сарапшы.

Мадина Нұрғалиеваның пікірінше халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың өте сәтті мысалы - аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау жөніндегі Жол картасын жасау болмақшы.

«Осындай балаларға үйірмелерге, білім беру орталықтарына, жазғы лагерьлерге баруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, Президент аз қамтылған балалар қатарына кіретін барлық оқушы үшін тұрақты негізде кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл әлеуметтік көмекке тегін ыстық тамақ, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету кіреді. Сонымен қатар, сапалы білім беру жүйесі ғылымның дамуынсыз мүмкін емес. Қазақстандық ғылымның озық дамуына назар тұрақты және кешенді болуы тиіс. Президент Қ.К. Тоқаев Жолдауда атап өткендей, «Біздің ғылым қаншалықты сапалы және тиімді? Үкімет бұл мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін арттыру және оларды іс жүзінде қолдану тұрғысынан қарастырған жөн». Осыған байланысты, отандық ғылымды қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеу контекстінде Мемлекет басшысының месседжін кеңейту және жалғастыру маңызды» - дейді ол.

Басылымдар