Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату
арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген 
үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады

 2019 жылдың 10 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық адам құқықтары күніне арналған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі Комиссияның дөңгелек үстелі өтті.

Дөңгелек үстел барысында Конституциямен және қолданыстағы заңнамамен қамтамасыз етілген адамның құқықтары мен бостандықтарының іске асуы жөнінде айтылды, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудің ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіру жайында талқыланды.

Іс-шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өтті. «Қазақстан Республикасының ең жоғары құндылығы мен басым бағыты – адам құқығы. Бұл туралы ҚР Конституциясында нақты жазылған. Ұлы даланың мемлекеттік саясатының негізгі бағыты әрқашан адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мен қорғауға бағытталған. Қазақ халқы ежелден халықтық демократияны ұстанып, құқықтық мәдениетті қалыптастырып, қарапайым адамның құқықтары мен бостандықтарын жоғары құрметтеді және бұл механизм елді басқару процестерінде, сыртқы және ішкі саясатта қолданылды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау, қорғау бойынша өзіне міндеттемелер қабылдады және БҰҰ-ның 70-тен астам халықаралық құжаттарын бекітті», - деп Қырымбек Көшербаев дөңгелек үстел жұмысын аша отырып сөз сөйледі. ҚР Мемлекеттік хатшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы қабылданған күннен бастап 71 жылдығымен және Адам құқықтарының халықаралық күнімен құттықтады, сондай-ақ осы халықаралық құжат – Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы – қазіргі кезеңдегі адамзат тарихында үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев өз сөзінде адам құқығы мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуының негізі болып табылатынын, осы тезистің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының тақырыбы мен мазмұнының үндесіп отырғанын атап өтті. Мемлекет Басшысының Жолдауында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сондай-ақ Ш. Нұрышев біздің елімізде бала құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасқанына назар аударды: «Қазақстан 1994 жылғы 16 ақпанда қол қойған бала құқықтары туралы Конвенция алғашқы халықаралық шарттардың бірі болды. Тәуелсіздік жылдары елімізде бала құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасты, халықаралық стандарттарға сәйкес Конституциялық және заңнамалық деңгейде құрылған. Дегенмен, біз балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін үнемі жетілдіруді жалғастырамыз».

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов «адам құқығы» ұғымы туралы өз пікірімен бөлісті. «Бұл сұраққа келгенде ешқандай шек жоқ. Жылдан жылға жұмыс жетілдірілуі тиіс. Бір жағынан, адам құқықтары туралы оңай түрде айтуға болады - адам бостандыққа, өмір сүру, жұмыс істеу мүмкіндігіне, білім алу, медициналық сақтандыру және кепілдіктер сияқты конституциялық мүмкіндіктерді қолайлы пайдалануға кепілдік беруі тиіс. Яғни, бұл ұғым өмір сүру деңгейі мен сапасына байланысты, сондықтан осы мәселелерді біздің комиссия мезгіл-мезгіл қарастырып, жыл сайын Мемлекет басшысына баяндама дайындайды. Мемлекет басшысы баяндамаларды Үкіметтің қарастыруына жібереді. Біздің көптеген ұсыныстарымыз, мысалы, Қылмыстық кодексті, Қылмыстық іс жүргізу кодексін қабылдау кезінде ескерілді».

БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, БҰҰДБ-ның ҚР-дағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен белсенді ынтымақтастығын оң бағалады. Дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде ол «Қазақстан БҰҰ-ның көптеген құрылымдарымен, атап айтқанда, соңғы жылдары экономикалық, әлеуметтік және мәдени жобалар құқықтары жөніндегі комитетімен, сондай-ақ әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою және Әмбебап мерзімдік шолу мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп келе жатқанын» атап өтті.

Қатысушылар халықаралық құқықтың нормаларын ұлттық заңнамаға енгізу мәселелерін алға тартып, адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетiктерiн жетілдіруге қатысты пайымды пікір білдірді. Сонымен қатар адам құқықтарын сот және соттан тыс институттар арқылы қорғауды жетілдірудің өзекті мәселелері де назарға алынды.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың, шетелдік өкілдіктердің, үкіметтік емес сектордың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

ҚСЗИ атынан іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, директор Зарема Шәукенова қатысты.

Басылымдар