Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату
арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген 
үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады

2020 жылдың 27 ақпанында Нұр-Cұлтан қаласында этносаралық қатынастарды зерттеу мен реттеудегі тәсілдерді жетілдіру, осы саладағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар қызметінің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: сарапшылар пікірі» атты дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушылар: ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Қоғамдық келісім» РММ, Орталық коммуникациялар қызметі. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық институттардың басшылары, жетекші қазақстандық сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысын аша отырып, Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қордайдағы қайғылы оқиғалар этносаралық қарым-қатынас саласын мұқият, кешенді талдау және мемлекеттік органдардың жұмысы мен қоғамдық институттардың бірқатар бағыттары бойынша қызметін өзектендіру қажеттігін атап өтті.

- Жергілікті және орталық деңгейде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін талдаудан өткізіп, қоғамдық институттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігін түсіну арқылы бұл құрылымдардың жұмысын әрі қарай дамыту жолдарын айқында алуымыз абзал. Біздің ойымызша, бұл талқылау барысындағы диалог ашық әрі адал болуы тиіс, - деді М. Әшімбаев.

М. Әшімбаев сондай-ақ Қазақстандағы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын атап өтті: этносаралық келісімді, бейбітшілік пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау; тіл, дін немесе әлеуметтік жағдай белгілері бойынша Қазақстан азаматтарын кемсітуге жол бермеу; көпэтностылық елдің дамуы үшін жұмыс істейтін басымдық пен стратегиялық ресурс ретінде. Қазақстандағы этносаралық қатынастардың жаңа парадигмасының негізі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің уақыт өте келе еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажеттігі туралы тұжырымдамалық идеясы болуы тиіс.

М. Әшімбаев мемлекеттік органдардың этносаралық қатынастар мәселелері бойынша ашық диалогқа, азаматтық қоғам институттарымен және мүдделі азаматтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын атап өтті. Ол сондай-ақ этносаясат жөніндегі Сараптамалық кеңестің құрылуын, сараптамалық қауымдастық өкілдерін оның жұмысына қатысуға, сондай-ақ Қазақстандағы этносаясаттың жаңа Тұжырымдамасы жобасын әзірлеуге үлес қосуға шақырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Ассамблея қызметі туралы баяндама жасап, этносаралық саланы басқарудың жүйелі проблемаларының бар екендігін атап өтті.

«Елімізде этносаралық қатынастар саласын реттейтін заң жоқ. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң оның қызметін реттейтін негіздік нормаларды ғана қамтиды. Мемлекеттік және ұлттық саясат саласындағы уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті әлі де тиімді жұмыс істеп отырған жоқ. Ассамблеяның хатшылығы және «Қоғамдық келісім» РММ мемлекеттік орган болып саналмайды. Әзірге жеткілікті өкілеттігі жоқ», - деп атап өтті Ж. Түймебаев.

Ол сондай-ақ жергілікті жерлердегі этносаралық қарым-қатынас мәселелері бойынша жұмыс көбінесе қосымша жұмыс қағидаты бойынша жүргізілетінін атап өтті – кейбір өңірлердің әкімдері, Ассамблеяның Төрағасы бола отырып, осы жұмысты жүргізуге ынталы емес. Қазақтармен интеграциялану, білім беру, мәдениет, қоғамдық қауіпсіздік секілді этносаралық қатынастардың аспектілері тиісті деңгейде жүргізілмейді.

Осы проблемаларды шешудің жүйелі шарасы ретінде Ж. Түймебаев этносаралық қатынастар тақырыбы бойынша ғылыми-талдамалық, болжамды жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта, басшылықтың тапсырмасына сәйкес этносаясат мәселелері бойынша жеке ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Басты назар этно-демографиялық дамудың тенденциялары мен болжамдарын зерттеуге, жабық этностық топтардың қазақстандық қоғамға бірігуіне бағытталады.

Бұдан басқа, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту департаментін қайта құру және оның негізінде Этносаралық қатынастар жөніндегі комитет құру ұсынылды.

ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Садвокасова Жамбыл облысының Қордай ауданына барған арнайы зерттеу тобының жұмыс нәтижелерін таныстырды. Сарапшылар талқылау тақырыбына білікті түрде қарауға мүмкіндік беретін толық ақпарат алды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстанда тұрып жатқан этностарды қазақ әлеуметтік-мәдени факторы негізінде біртұтас қауымдастыққа біріктіретін ықпалдастыру институттарын құру қажеттігін атап өтті.

«Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ жетекшісі Гүлмира Илеуова өз сөзінде қазақстандықтардың әлеуметтік сауалнамаларда анықталатын көптеген ұқсастықтардың болуына назар аударды. Сарапшы көптеген ұқсастықтарды басқару мемлекеттік органдардың идеология саласындағы маңызды міндеті болып табылатынын атап өтті.

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Ирина Черных этносаралық қатынастар саласын секьюритилендіруге жол берілмейтінін және Қазақстан жан-жақты талдау объектісі болуға тиіс түрлі этностық топтардың табысты бірге тұруы мен тығыз өзара іс-қимылының оң тәжірибесі мен дағдысына ие екенін атап өтті.

Қазақстанның Азаматтық Альянсы Вице-президенті Мұрат Әбенов жұмыс күші шамадан тыс оңтүстік өңірлеріндегі жастарды кадрлар жетіспеушілігі орын алған солтүстік және шығыс облыстарда оқытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Серпін» бағдарламасын мысал ретінде келтірді. Қоғам қайраткернің пікірінше, бұл жоба орыс тілді және қазақ тілді қоғамдастықтардың табысты бірігуінің және тілдік әлеуметтік-мәдени бірлікті құрудың ерекше тәжірибесін ұсынады.

Дөңгелек үстелде сондай-ақ қоғам қайраткері, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым, «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ директоры Евгений Жовтис, кинорежиссер, сценарист, жазушы, ҰҚСК мүшесі Ермек Тұрсынов, «Хабар Агенттігі» АҚ Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі, редактор-сценарисі Өркен Кенжебек, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҰҚСК мүшесі, ҚР Президенті Әкімшілігінің спичрайтерлер тобының мемлекеттік инспекторы Максим Споткай, Халықаралық Түркі академиясының жетекші сарапшысы Тимур Козырев, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ бас редакторы Мұхтар Сеңгірбай сөз сөйледі.

Өз сөздерінде олар этносаясаттың өзекті мәселелерін қозғады: қазақ мәдениетінің құндылықтары және оның қазақстандық қоғамның дамуына әсері, Қазақстан Республикасының адам құқықтары мен этникалық азшылық саласындағы халықаралық міндеттемелері, этникалық тақырыптарды жария ету ерекшеліктері, сондай-ақ этносаралық қақтығыстарды болдырмау мен реттеудің заманауи технологиялары.

Сөз соңында ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ғани Нығметов дөңгелек үстелдің ұйымдастырушыларына, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің модераторы, саясаткер Талғат Қалиевке өте маңызды тақырыптағы пікірталас үшін алғысын білдірді. Сындарлы сөз, өзекті сұрақтар мен жауаптар, ұсыныстар жасаған қатысушылар да үлкен алғыс айтылды.

27 02 2

Басылымдар