Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату
арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген 
үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады

2020 жылғы 24 сәуірде ««Қазіргі заманның діліндегі этностылық және конфессионалдық: әдіснама және зерттеу мәселелері»» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік оnline-семинар өтті. Ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Aзия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы.

Халықаралық оnline-семинардың спикерлері қатарында Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, доктор Беате Эшмент (Берлин, Германия), Қазақстан халқы ассамблеясы Кафедралар қауымдастығының төрағасы, профессор Анатолий Башмаков, Көші-қон жөніндегі Халықаралық ұйымның бас халықаралық сарапшысы, доктор Петр Казмеркевич (Варшава, Польша), Қырғыз Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының экс-Бас хатшысы, профессор Муратбек Иманалиев (Бішкек, Қырғызстан), Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Кавказ мәселелері мен өңірлік қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ахмет Ярлыкапов болды.

Онлайн семинар барысында спикерлер мен қатысушылар қазіргі әлемдегі азаматтық, этностық және діни бірегейлік мәселелерін, әлеуметтік әлсіздік пен ұзақ мерзімді радикалдану проблемаларын, сондай-ақ жаһандық қатерлер жағдайындағы діни тәжірибелердің өзгеруі факторларын талқылады.

Доктор Беате Эшмент Қазақстандағы кіші этностық топтардың бірегейлігі мен жағдайын зерделеуге арналған әлеуметтанулық зерттеудің негізгі нәтижелерімен бөлісіп, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жалпы алғанда табысты екенін айтып өтті. Алайда, елдегі демографиялық және этносаяси ахуалдың өзгеріп тұратын даму жағдайларын есепке ала отырып, бұл саладағы терең сараптамалық зерттеулерге ерекше назар аудару қажет.  Анатолий Башмаков өз баяндамасында Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне ерекше тоқталып, оның этносаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастыруда үлкен ықпалы бар екеніне және ҚХА-ның болашағы мен қызметін қайта жандандыру мүмкіндігіне қатысты жеті факторды атап өтті.

Доктор Петр Казмеркевич Нұр-Сұлтан қ. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның кеңсесімен бірлесе атқарған жұмыс аясындағы далалық зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, Орталық Азия елдерінен шығатын мигранттардың ұзақ мерзімді радикалдану қаупіне әкеліп соғатын идеологиялық факторлардан бөлек, әлеуметтік-экономикалық әлсіздіктердің де маңызы жоғары екенін мәлімдеді.  

Діни бірегейлік, соның ішінде ислами бірегейліктің қалыптасу факторлары мен ерекшеліктері, тарихи дамуы мәселелері профессор Муратбек Иманалиевтің баяндамасынан орын тапты. Оның айтуынша, ислами бірегейлікті және оның айналасында қалыптастырылған талқылауларды зерттеу барысында бұл үдерістерді өңірлік, елдік және этностық ерекшеліктерге қарай ажыратып қарау маңызды. Ахмет Ярлыкапов өз баяндамасында жаһандық қатерлерге жауап ретінде мұсылмандардың діни тәжірибелерінің қалайша өзгеріп жатқаны тұрғысынан ислами бірегейлік тақырыбына көңіл бөлді. Осы орайда қазіргі коронавирус пандемиясы жағдайында діни тәжірибелерді орындау концептісі өзекті талдау тақырыбына айналуы жөнінде ерекше айтылды.

Онлайн семинар жұмысына ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ атынан Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова, Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова және Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова қатысты.

 

Басылымдар