Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату
арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген 
үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады

Алмас Арзықұлов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зертетулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 29 маусымдағы отырысында індетпен күрес бойынша берілген нұсқаулардың тиісті деңгейде орындалмағанын айтып, бірқатар жергілікті билік басшыларына жүктелген міндеттердің шала орындалуы есебінен кейбір аймақтардағы жағдайдың ушығуын қатаң сынға алды.

Жалпы, қатерлі індеттің таралуы мен оған күреске қарсы карантиндік шараларды енгізу мемлекеттік басқару органдарының тиімділігі, олардың тұрғындармен өзара байланыста жұмыс істеуінің өзекті мәселелерін айқындады. Еліміз үшін қиын-қыстау кезеңде әрбір министр, жергілікті мемлекеттік орган басшылары жүйелі, жоспарлы және батыл әрекет жасап, қалыптасқан жағдайдан шығу үшін барлық күш-жігерін салып, әрекет етуі тиіс еді.

Бірақ, өкінішке орай Мемлекет басшысы атап өткендей, карантиндік шектеулер алынып тасталғалы бері коронавирусты жұқтырудың саны 7 есе өсті. Бұл бірқатар мемлекеттік органдар жұмысындағы кемшіліктерден көрінді, әсіресе, орталық және жергілікті деңгейде шұғыл, қатаң үйлестіру, нұсқаулардың орындалуын бақылау мен жағдайға мониторинг жасауды қамтамасыз етуге дайын болмады.

Төтенше жағдай режимін тоқтату барысындағы негізгі талаптардың бірі – карантиндік шаралардың, яғни барлық санитарлық нормаларды қатаң түрде сақтау, жұмыс орындарында үнемі залалсыздандыру жүргізіп тұру, күнделікті өмірде адамдардың өзара ара қашықтықты ұстану іспетті шарттардың орындалмауына байланысты және жергілікті жерлердегі уақтылы емес, тиімсіз атқарылуын жұмыстың нәтижесінде вирус еңбек ұжымдарында, жүйелік маңызы бар салаларда, кен және өндіріс орындарында кең таралды.

Ағымдағы эпидемиологиялық қиын жағдайды тұрақтандыру, соған қатысты шұғыл шараларды қабылдау үшін қатаң карантин енгізуге қатысты Мемлекеттік комиссияға шұғыл түрде ұсыныстар әзірлеу бойынша тапсырма берілді.

Мемлекеттік комиссия ұсыныстар дайындау барысында алдыңғы қатаң шектеулер кезіндегі жіберілген кемшіліктерді есепке алуы тиіс, яғни жалпы пандемиямен күреспен қатар, туындайтын жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдарларды да жою шараларын ойластыру қажет.

Дағдарыстық жағдайдан шығу және пандемияның жаңа кезеңімен күрес шараларына қатысты Денсаулық сақтау министрінің баяндамасына қолдау білдірген Мемлекет басшысы ендігі жерде аталған жоспардың нақты және тиімді орындалуына назар аудару қажеттілігіне тоқталды.

Пандемияның жаңа толқынына қатысты жағдайға бақылауды назарда ұстау үшін жедел шаралар қабылдау қажет. Олардың қатарында аймақтар арасындағы жағдайдың әр түрлілігіне қатысты қажетті ресурстарды орталықтандырылған түрде бөлу, зертханалық зерттеулер тиімділігін арттыру, алғашқы медицина-санитарлық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау саласын қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, халыққа қажетті азық-түлік бағасы мен қолжетімдігін қамтамасыз ету секілді шаралар бар.

Вирусқа қарсы күрестің маңызды шараларының бірі – ақпараттық қамсыздандыру, өйткені дер кезінде берілген ақпарат, қажетті және тиімді шараларды қабылдауға, емдеу үдерісін бастауға негіз болады. Пандемияның алғашқы кезеңінде құрылған Республикалық коммуникациялық орталық жұмысын қайта жандандыру қажет, және де халыққа шұғыл және қажетті ақпаратты жеткізуде ресми каналдармен қатар, әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану да өте маңызды.

Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың ақпараттық жұмыстарын өзара үйлестіруі қажет, өйткені ақпараттың жетіспеушілігі нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар көптеп тарап, тиісті органдардың жұмысын одан сайын қиындатып отыр.

Коронавирус – қауіпті ауру, оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ, оның қауіптілігінен қорқып, үрейге бой алдырмаған дұрыс. Бүгінгі таңдағы қиындықтарды алдағы кезеңге серпін беретін сын-тәуекелдер ретінде бағалауымыз қажет.

Басылымдар