Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті – Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі

Біздің елімізде “Жауапты мемлекет - жауапты коғам -
 жауапты адам” жүйесі берік орнығуы керек

Мәдина Бектенова, https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-zhasospirimderdin-17-bulling-kurbany-bolgan-sarapshy_a3689602

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мәдина Бектенова Қазақстандағы буллинг және кибербуллинг жөнінде талдау деректерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау және азаматтардың мүддесін қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Соның ішінде отбасы және бала институтын қолдау бойынша маңызды шаралар туралы айтылды. Әсіресе, Президент балалар қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керектігін айтып өтті. Шынында да Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қарсы 879 қылмыс тіркелді, оның 402-і жыныстық зорлық-зомбылықпен тікелей байланысты. Жыл сайын бұл сипаттағы қылмыстар саны өсіп келеді», - дейдің сарапшы.

Айта кетсек, 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Мемлекет басшысы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін көтерген еді. Бүгінде Президенттің бұл тапсырмасы орындалып, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы іс-қимыл үшін қылмыстық жауапкершіліктің әлдеқайда қатайтылғаны мәлім.

«Алайда, мәселе әлі де өзекті екенін мемлекет те, қоғам да біліп отыр. Президенттің айтуынша, мұндай қылмыскерлер бұдан да қатаң жазаға тартылуы тиіс, тіпті кешірім мен мерзімінен бұрын босату құқықтарынан да айыру қажет. Сонымен қатар ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның балаларға қатысты қылмыс фактілерін жасыру жөніндегі алаңдаушылығы да бүгінгі Жолдауда көрініс тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі мен бей-қам қарауы қатаң жазаланып, әрбір іс прокуратура органдарының ерекше бақылауында болатынын ескертті», - деді М. Бектенова.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғау органдарын алаңдатып жүрген тағы бір ауқымды мәселе – мектепте немесе интернет алаңыңда балаларды қудалау (буллинг).

«Қазіргі қоғам үшін адам құқықтарын білу, балалардың құқығын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау өте маңызды. Буллинг сөзі ағылшын тілінің «bully», яғни қорқыту ұғымын береді. Бұл физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. ЮНИСЕФ мәліметінше, әлемде 150 миллион бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Арнайы зерттеулер көрсеткіштеріне сәйкес түрлі елдерде буллингтен балалардың 19-30 пайызға дейін зардап шегеді. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өткізген зерттеулерге сүйенсек, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17%-ы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған», - деді спикер.

Сонымен бірге жаңа технологиялар дамып, әлеуметтік желілердің танымал болуымен буллингтің жаңа түрі – кибербуллинг пайда болды. Кибербуллингке қорлау хабарламаларын жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде кемсітетін пікірлер жариялау, қорлайтын фотосуреттерін орналастыру және электронды нысанда біреуді қорқыту жатады.

«Бүгінде 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12%-ы кем дегенде бір рет немесе одан да көп рет кибербуллингке ұшырағаны белгілі болды. жасөспірімдердің 11%-ы кем дегенде бір рет басқа адамдарды кибербуллинг құрбаны етуге қатысқан.

Кибербуллинг адамға орасан зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллинг кесірінен адамдар суицид жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мәселен, бір кездері «Синий кит», «Розовый сон» сияқты балаларды өлімге итермелеген ойындар қаптады. Осыған орай кибербуллинг мәселесін қатаң қадағалауға алып, заң тұрғысынан оның таралуына шектеу қойылса деген пікірлер сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан көп айтылып жүр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық нормаларды қабылдауды тапсырды», - деді М. Бектенова.

Әрине, тек заң тұрғысынан бұл мәселе түбегейлі жойылмайды. Бұл үшін бала тәрбиесі, буллингті алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізу, балалар мен жас өспірімдердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы тұрғыда ұйымдастыру жөнінде жүйелі жұмыстардың да қажет екені анық.

«Бұл тұрғыда Президенттің әр облыс, аудан орталықтарында жаппай спорт секцияларын ашу, шығармашылық пен қолөнер үйірмелер жұмысын қолға алу жөніндегі тапсырмалары да өте өзекті әрі уақытылы деп есептейміз.

Сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды. Кез келген бала, азамат өзіне, өзінің өміріне қауіп төнгенін байқаса немесе қорлауға ұшыраса, арнайы орындарға хабарласып, көмек сұрауға толық құқылы екенін білуі абзал», - деді Мәдина Бектенова.

 

Басылымдар