2026 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында бразилиялық сарапшы, «Casa Politica» компаниясының бас директоры, «Monitor da Democracia» институтының президенті Марсио Коимбрамен кездесу өтті.
Кездесуде тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, геосаяси өзгерістер және олардың әлемнің жекелеген өңірлерінің дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Орталық Азиядағы қазіргі саяси және экономикалық үдерістерге, сондай-ақ өңірдің халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанына ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын, көпвекторлы дипломатиясының ерекшеліктерін және геосаяси ахуал құбылмалы жағдайда өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету тәсілдерін талқылады.
Өз кезегінде Марсио Коимбра Бразилиядағы ішкі саяси ахуалға сараптамалық баға беріп, елде өтіп жатқан сайлау науқанының ерекшеліктерін, саяси бәсекедегі негізгі үрдістерді және олардың мемлекеттің әрі қарайғы дамуына ықтимал әсерін баяндады.
Кездесу қорытындысында тараптар сараптамалық пікір алмасудың маңызын атап өтіп, кәсіби диалогты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.





