2022 жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Қырғыз Республикасының Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты (ҰСЗИ) бірлесіп, «Қазақстан – Қырғызстан: стратегиялық серіктестіктің жағдайы мен әлеуеті» атты сараптамалық онлайн талқылау өткізді.
Аталған шара Қазақстан Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың Қырғызстанға сапары қарсаңында өтті. Қазақстан мен Қырғызстан арасында әлеуметтік-экономикалық өзара іс-қимыл әлеуетін ашу үшін мүмкіндігі зор екені белгілі. Сол себепті саяси және экономикалық реформалар кезінде туысқан елдер арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру қажеттігі бар.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, атап айтқанда гидроэнергетика, жасыл экономика, сауда-экономикалық ынтымақтастық, транзиттік әлеуетті дамыту, көлік коммуникациялары, экологиялық өнімдерді өндіру және т.б. сұрақтар талқыланды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жақсарту және нығайту мақсатында өзекті мәселелер бойынша ақпарат алмасумен қатар сараптамалық талдау жасап, кез келген мәселенің шешімін бірлесіп табу қажеттігін атап өтті.
ҰСЗИ директоры Рустам Асизбаев халықаралық және аумақтық күн тәртібі тұрғысында елдердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Сараптамалық пікірталасқа қатысқан сарапшылар тұрақты түрде іс-шаралар өткізу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Аталған іс-шаралар аясында өзекті проблемаларды ашық және мазмұнды талқылауға, екі елдің мүдделері үшін ынтымақтастық перспективаларын ашу үшін ортақ негіздерді іздеуге мүмкіндік бар.