ҚСЗИ-да «Атом даласы: Қазақстан ядролық қарудан қалай бас тартты» кітабының тұсаукесері өтті

26-04-22

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында белгілі қазақстандық халықаралық қатынастанушы ғалым, ҚСЗИ-ның негізін қалаушы Өмірсерік Қасеновтің туған күніне орай «Атом даласы: Қазақстан ядролық қарудан қалай бас тартты» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – Өмірсерік Қасеновтың қызы, халықаралық саясаттанушы Тоғжан Қасенова.

Тоғжан Қасенова – ядролық саясат бойынша әлемдегі жетекші сарапшылардың бірі, Олбанидегі Нью-Йорк мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының ғылыми қызметкері. Ол әкесінің жолын қуып, өз мамандығы ретінде ядролық мәселелерді таңдап, БҰҰ Бас хатшысының ядролық қарусыздану жөніндегі екінші қазақстандық (әкесінен кейін) кеңесші атанды.

Тоғжан Қасенованың «Атом даласы: Қазақстан ядролық қарудан қалай бас тартты» монографиясы Қазақстанның кеңестік кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі ядролық тарихымен таныстырады. Кітапта Семей ядролық сынақ полигоны және өткен ядролық кезеңнің еліміздің бүгінгі күнінде қалай көрініс тапқаны туралы айтылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Өзінің алғы сөзінде ҚСЗИ Институттың тұңғыш директоры және негізін қалаушысы, Қазақстандағы ядролық қаруды таратпау бойынша ірі сарапшы Өмірсерік Төлешұлы Қасеновтың ғылыми еңбектер жинағын 2018 жылы басып шығарғанын атап өтті. Кітапқа Өмірсерік Қасеновтың тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыру, оның ішінде ядролық қарусыздану саласындағы таңдамалы еңбектері, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік әріптестерінің ол туралы естеліктері енді. Сонымен қатар 2018 жылдың 24 сәуірінде Өмірсерік Төлешұлының туған күніне орай, оның отбасы – зайыбы, қыздары Наргис пен Тоғжан Қасеновалардың қатысуымен «Ө.Т.Қасенов – еліміздегі тұңғыш «ақыл-ой орталығының» тұңғыш басшысы» атауымен аталынған кітаптың тұсаукесері өтті.

«Міне, төрт жылдан соң, біз бүгін Өмірсерік Төлешұлының қызы Тоғжан Қасенованың әкесінің ісін жалғастырып, ядролық саясат саласында зерттеуші ретінде кең аудиторияға таныс емес Қазақстанның ядролық тарихы туралы монографиясының тұсаукесерін өткізіп отырмыз», – деді Еркін Тұқымов.

Тұсаукесерде кітаптың авторы Тоғжан Қасенова еңбекті жазуға отбасының ұзақ жылдар бойы Семей облысында тұрғаны, әкесі Өмірсерік Қасеновтың ядролық қарусыздану, Қазақстанның ядросыз статусқа ие болуы және республиканың сыртқы саясатының қалыптасуы мәселелерімен айналысуы түрткі болғанын атап өтті.

Сондай-ақ Тоғжан Қасенова бұл кітап тек халықаралық аудиторияға ғана емес, қазақ оқырманына да арналып жазылғанын, біз үшін еліміздің тарихын өзіміздің білуіміз маңызды екенін атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында ядролық мәселе өте маңызды оқиға. Бүгінде біз өткеннің қасіретті беттерін саралап, болашаққа сабақ алуымыз қажет. Автор кітаптың қалың қазақстандық аудиторияға таныстырылымы ағымдағы жылдың 29 тамызына жоспарланғанын, осы уақытқа дейін монография қазақ тіліне аударылатынын мәлімдеді.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Гарвард университетінің ресейлік және еуразиялық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Наргис Қасенова, Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» ҮЕҰ негізін қалаушы және директоры Әлімжан Ахметов және халықаралық саясаттанушы Дәурен Әбен қатысты.

Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиевтің айтуынша, Қазақстанның бүгінгі таңда ашық, халықаралық аренада беделді болуы – ядролық қарудан бас тарту туралы шешімнің арқасында жүзеге асты.

«Қазақстан үшін «Атом даласы» кітабының шығуы өте маңызды. Полигонды жауып, ядросыз ел болдық, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа отырдық, Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификацияладық. Біз халықаралық аренада жаһандық қарусыздану үдерісінде көшбасшылардың бірі екенімізді айтамыз. Сонымен бірге аймақта үшінші, төртінші ұрпақ бойы тұратын зардап шеккендерге әлеуметтік-экономикалық және медициналық қолдау көрсетуді де ұмытпаған жөн», – деді «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» ҮЕҰ негізін қалаушы және директоры Әлімжан Ахметов.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергеновтің пікірінше, «Атом даласы: Қазақстан ядролық қарудан қалай бас тартты» атты кітаптың ағылшын тілінде басылуы қазақ тарихын шетелге таныту үшін өте маңызды.

«Мен Абай өңірінің қайта құрылуына өте қуаныштымын, кітапта айтылған аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелері енді тиімдірек шешіледі деп сенемін», – деді халықаралық саясаттанушы Дәурен Әбен.

Бөлісу:

Дорогой посетитель!

Мы рады приветствовать Вас на нашем новом сайте!

Ресурс находится в процессе доработки и наполнения контента, старая версия доступна по ссылке