ҚСЗИ директоры ҚазҰУ ұйымдастырған халықаралық конференцияға қатысты

22-04-22

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен өткен «Егемен Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясына отыз жыл: жетістіктер, міндеттер мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйледі.

Халықаралық конференцияның мақсаты – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негізгі бағыттарына ғылыми талдау жасау және талқылау. Сыртқы саясаттағы жетістіктерді сыни тұрғыдан қарағанда Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастардағы болашағы, оның қауіпсіздік жүйесіндегі, интеграциялық құрылымдардағы, экономикалық және өркениеттік үдерістердегі орны мен рөлін анықтау міндеті қойылады.

Өзінің алғы сөзінде Еркін Тұқымов 30 жыл ішінде еліміздің әлемнің саяси картасында орнықты орын алғанын атап өтті. «Егемен Қазақстан – халықаралық қатынастар жүйесінің толыққанды субъектісі, шекаралары заңды түрде бекітілген тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Әлемдік қауымдастық Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясатын жоғары бағалайды және құрметтейді. Оның бүкіл әлемде бейбітшілікті, қауіпсіздікті және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалары кеңінен қолдау тапты. Біз көптеген мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың 30 жылдығы кезеңіне үлкен сыртқы саяси жетістіктермен аяқ басып отырмыз. Бұл саладағы басты жетістік – барлық мүдделі тараптардың қызығушылықтарының стратегиялық теңгеріміне және ынтымақтастығына бағытталған көпвекторлы саясаттың дәйекті және прагматикалық жүзеге асырылуы», – деп атап өтті Еркін Тұқымов.

Сондай-ақ ҚСЗИ директоры ҚазҰУ мен ҚСЗИ ғылыми орталықтарының сараптамалық қызметін үйлестіру туралы ұсынысын ортаға салды. Еркін Тұқымовтың айтуынша, зияткерлік ресурстарды біріктіру Қазақстандағы ғылыми мектептердің дамуына, сараптама орталықтарының аналитикалық әлеуетін күшейтуге тың серпін береді. Бұл ретте ҚазҰУ ғалымдарының көптеген өзекті бағыттар бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастары мен сыртқы саясаты саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге қатысуы үшін қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар Еркін Тұқымов жас мамандарды даярлау бойынша ҚазҰУ-мен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. «Біз магистрлер, PhD докторлар, студенттер мен жас оқытушылар үшін ҚСЗИ-да тағылымдамадан өтуге, ҚазҰУ магистрлері мен докторанттарының ғылыми-зерттеу тақырыптарын сараптауға, сондай-ақ семинар мен тренингтер сияқты бірлескен жобалар жасауға әрқашан да қуаныштымыз», – деп түйіндеді сөзін Еркін Тұқымов.

Бөлісу:

Дорогой посетитель!

Мы рады приветствовать Вас на нашем новом сайте!

Ресурс находится в процессе доработки и наполнения контента, старая версия доступна по ссылке