Алматы қаласында «КИСИ GPS» ұлттық сараптамалық алаңының екінші отырысы өтті

gps

ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 19 сәуірде Алматы қаласындағы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында «Жергілікті өзін-өзі басқару – демократия мектебі» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының отырысын өткізді. Пікірталас алаңына ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов модераторлық жасады.

Еркін Тұқымов өзінің алғы сөзінде Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқарудың күшті жүйесі азаматтардың тұрғылықты елді-мекеніндегі өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей қатысуының базалық негізі деп атап өткеніне тоқталды. «Бүгінде Қазақстанда 2345 жергілікті қоғамдастық бар. Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалаудың ауқымы өте кең екені анық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар, мәслихаттардың рөлі айтарлықтай өзгеруде, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасы 2024 жылы қазіргі 6-дан 13-ке дейін өседі. Сондай-ақ Кеңестердің өкілеттіктерін кеңейту, ауылдық округ әкімдері аппаратын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігіне өзгерту, ең бастысы  «ҚР жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңын қабылдау жоспарлануда. Осы реформалардың барлығы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қалай әсер етеді, реформалардың нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қандай моделі қалыптасуы керек, жергілікті жерлерде азаматтар өзін-өзі басқару бойынша белсенді жұмыс істеуге дайын ба – осы және басқа да мәселелерді Ұлттық сараптама алаңымыздың бүгінгі отырысында талқылауды ұсынамын», – деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының басшысы.

Қоғамдағы өзін-өзі ұйымдастыру деңгейі қоғамның жауапкершілікті өз мойнына алу, өз позициясын белсенді түрде көрсету және шешім қабылдау үдерісіне әсер ету қабілетін көрсетеді. Жергілікті өзін-өзі басқару институционалдық құрылым ретінде азаматтық қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруы мен дамуының маңызды элементі болып табылады. Азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы олардың басқару құқығын жүзеге асыруға және мемлекеттегі шешім қабылдау үдерісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Бұл құқық жергілікті деңгейде жергілікті мәселелерді шешу кезінде барынша сапалы жүзеге асырылады. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті жерлердегі өмірді демократиялық ұйымдастырудың өзіндік мектебі болып табылады. Ол қоғамды өзін-өзі ұйымдастыруға дағдыландырып, бұл мәселелерді азаматтардың мүдделеріне сәйкес сапалы шешу үшін қажет.

Қазақстанда қалыптасу және қарқынды даму барысында жергілікті өзін-өзі басқару институтының өзіндік моделі қалыптасуда. 2012 жылы Жергілікті өзін-өзі басқару Тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылғалы бері белгілі бір табыстар мен нәтижелерге қол жеткізіліп, азаматтық қоғам тарапынан оң қабылдануда. Дегенмен бұл ұзақ жолдың басы ғана. Азаматтық қоғам саяси институт ретінде жетілген сайын одан әрі қайта құрулар үшін жаңа жағдайлар туындайды.

Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясының профессоры Еркімбек Рақымбаевтың пікірінше, жер-жерлерде өкілді және атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу қажет. «Олар үшін тиісті кадрлар дайындалуы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару саласында қоғамдастықтар құру қажет. Біз құрған Қазақстан жергілікті қоғамдастықтарының конгресі 2025 жылға дейін орталық және жергілікті билік арасындағы билікті орталықсыздандыру стратегиясын әзірледі. Дәл осы стратегияның аясында жергілікті қоғамдастықтардың қызметін реттейтін тиісті заң жобаларының мәселесі пысықталуда», – деп атап өтті Еркімбек Рақымбаев.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Руслан Ақмағанбетов жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесі орталықсыздандыру мәселесін шешуді талап ететініне тоқталды. Спикердің ойынша, ол үшін ауыл, аудан және облыс арасындағы үйлестіру рәсімдерін жеңілдету қажет. «Жергілікті маңызы бар мәселелер жергілікті жерде шешілуі керек. Ал жергілікті өзін-өзі басқарудың өз мәселелерін шешуі үшін қаражат қажет. Қаржыны бөлу халық санына сәйкес болуы керек, сонымен қатар жиналған қаражаттың басым бөлігін жергілікті жерлерде қалдыру, тұрақты үлесті аудандарға, облыстарға және орталыққа бөлу маңызды», – деді ол.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметовтің пікірінше, жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау кезінде бюджетаралық қатынастарды өзгерту мәселесін қарастыру қажет. «Бюджет бөлуді жалғастыру керек, әйтпесе жергілікті мекемелердің тәуелділігі сақталады. Өкілеттіктер мен құзыреттерді кеңейту экономикалық ресурстармен қамтамасыз етілуі керек. Бүгінгі таңда орталықсыздандырудан халық саны көп және экономикалық тиімді жерлерде орналасқан ауылдық округтер ғана ұтуда», – деді спикер.

Қоғамдық мониторинг саласы бойынша сарапшы Руслан Асаубаев жергілікті атқарушы органдар халықпен бірлесе жұмыс істеуді үйренуі керек екенін айтты. «Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар жергілікті тұрғындармен байланыс пен жиындарды ұйымдастыруда қиындықтарға тап болып отыр. Бүгінгі таңда жергілікті қоғамдастық туралы жақсы заң дайындап қойғанның өзінде, оны жүзеге асыруда қиындықтар туындауы мүмкін. Қазір бізде ауыл әкімдері сайланды. Болашақ Кеңес мүшелерін осылайша сайлау керек. Бұл жергілікті қоғамдастықтардың рөлі мен жауапкершілігін арттырады» – деп тоқталды сарапшы.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяков:  «Мемлекеттің барлық функциялары бір бірімен қиылысып жатыр. Президенттің Жолдауында айтылғандай, функционалдық талдау жүргізіп, функцияларды белгілеу қажет. Әкімшілік-аумақтық бөлініс – адамдар тұратын аумақтар екенін түсіну керек. Олар көлемі жағынан ғана ерекшеленсе де, олардың ортақ қасиеттері көп», – деді Сергей Худяков.

Саясаттанушы Петр Своиктің пікірінше, билік халықты қызықтыратын өзін-өзі басқару жүйесінің үлгісін ұсынуы қажет. Жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін бұл схеманы цифрландырған жөн. Өзін-өзі басқару да билік. Оған аумақ, ресурстар және жүзеге асыру мүмкіндіктерін беру керек», – деді Петр Своик.

«Альтернатива» заманауи зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтың ойынша, қай бағытта жүру керектігін түсіну үшін үш фактор бар. «Бірінші фактор – орталықсыздандыруға қажетті саяси ерік-жігер. Басқарудың суперпрезиденттік үлгісі бар бұрынғы басшылық орталықтандыруға талпынды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды 2-уі 1-інде принципі бойынша құрды. Комитеттер, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері – бұл құрылымдардың қызметі туралы түсінік болмады. Сондықтан қандай модельге көңіл бөлу керектігі түсініксіз болды. Поляк, француз, орыс, қырғыз модельдері қарастырылды. Президент Қ.К.Тоқаев әкімдерді сайлау және т.б. орталықсыздандыру бағыттарын жариялады. Екінші фактор – адами фактор. Адамдар, шынын айтқанда, тұтынушы. Біз тіпті тұрғын үйлер деңгейінде МИБ құра алмаймыз. Үшінші фактор – экономикалық мәселелердің тереңдігі. Әркімнің өз экономикалық мүддесі, түсінігі болғандықтан Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, әкімдер деңгейінде дау-дамайлар жүріп жатыр. Бірақ, ең бастысы, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жолға қойылмаса, 4-ші деңгейлі бюджеттен нәтиже болмайды. Егер бұл қызметпен ешкім айналыспаса, онда салық болмайды», – деп атап өтті сарапшы.

«Біз цифрлық ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бірақ аналогтық әлемдегідей әрекет етеміз. Мысалы, МИБ үшін қосымшаларды әзірлеп, сол арқылы қатысу мәселесін шешу қажет. Цифрландыру пассивтілік мәселесін жабуға көмектеседі. Цифрлық шешімдер жұмыспен қамтылған азаматтардың, сондай-ақ кезеңдік еңбек миграциясына қатысатындардың да жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыс ішіндегі аудандар мен қала ішіндегі аудандарды ажырата білген жөн. Түсініксіздікті жою үшін қалалық аудандарды дистрикт деп атауды ұсынамын» – деді ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі Асқар Нұрша.

Саясаттанушы, ECPM аналитикалық жобаларының жетекшісі  Леся Қаратаева: «Халықтың өздері қатысуға дайындығы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Біз МИБ деңгейінде халық үнемі белсенді бола бермейтінін көрдік. Мұқият дайындық жұмыстары қажет».

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының профессоры Сарқытбек Молдабаев: «Жергілікті өзін-өзі басқарудың басты мәселесі – адамдарды өз бетінше сұрақтарды шешуі үшін біріктіру. Ауылдың әлеуетін таба білу керек. Біздің әлеуетіміз – халық. Қазақстанның әрбір аймақта ғылыми-өндірістік жобаларын ашуға мүмкіндігі бар. Цифрландырудың өз орны бар, өзекті мәселе. Ең дұрысы бізге 2 деңгейлі басқару қажет – республика және ауыл керек. Цифрландыру арқылы бұл жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ қазіргі нақты жағдайда – 3 деңгей: республика, аудан және ауыл», – деп тоқталып өтті.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша журналист, «Мир Евразии» қоғамдық қорының президенті: «Жергілікті өзін-өзі басқарудың екі жолы бар – не оны орталықтан ажырату, не мемлекетпен тығыз байланыста болу».

«Alem Research» талдау бөлімінің жетекшісі Милана Құрбанованың айтуынша, цифрландыру жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. «Медиа-кеңістікті зерделеу негізінде жергілікті жерде қабылданған шешімдердің сапасы үшін, сондай-ақ міндеттерді орындау мерзімін сақтамағаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Ықпал ету шаралары ретінде жергілікті өзін-өзі басқару субъектілерін материалдық және әкімшілік ынталандыруды қолдануға болады»,- деді сарапшы.

Саясаттанушы, саяси шолушы Замир Қаражановтың пікірінше,  бүгінде жергілікті өзін-өзі басқару қауіпсіздік мәселелерімен де, қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен де айналысады. «Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары бар. Бұл институттар бір-бірінің функцияларын қайталамауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Бүгінде біз азаматтардың пассивтілігін байқаймыз, бірақ бұл азаматтардың саяси өмірге қатысқысы келмейтіндігінен емес, олардың оған қалай қатысу керектігін білмеуінен. Азаматтық қатысу нысандарын ұйымдастыру қажет, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту керек», – деп қорытындылады сарапшы.

19 04 22 1

Бөлісу:

Дорогой посетитель!

Мы рады приветствовать Вас на нашем новом сайте!

Ресурс находится в процессе доработки и наполнения контента, старая версия доступна по ссылке