Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатады

Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатады

2024 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына Вьетнам Коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академиясының президенті, Орталық теориялық кеңес төрағасы Нгуен Суан Тханг бастаған вьетнамдық делегациясы келді.

Қонақтарды қарсы алған ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бүгінгі кездесу Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастардың келешегін талқылауға және екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан мен Вьетнам – көптеген ұқсастықтары бар елдер. Соңғы жылдары сауда-экономикалық қарым-қатынастарымыз тұрақты өсуде. Осылайша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымының көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артып, 610,9 миллион долларға жетті.

АСЕАН елдері арасында Вьетнам халық саны және сатып алу қабілеті мүмкіндігіне қатысты ЖІӨ бойынша 3-ші орында (шамамен $1,5 млрд). Бұл қазақстандық экспортты кеңейту перспективасын айқындайды», – деді Е.Тұқымов.

ҚСЗИ директоры сондай-ақ 2022 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей әуе қатынасы қалпына келтірілгенін, ал ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап екі елдің азаматтарына бір-бірінің аумағында 30 күнге дейін тұруға мүмкіндік беретін визасыз режим енгізілгенін еске салды.

Өз тарапынан доктор Нгуен Суан Тханг Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықтың серпінді кеңеюіне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арасында ежелден келе жатқан жақсы қарым-қатынастар бар, бұл ынтымақтастықты, оның ішінде сараптамалық-талдау саласын одан әрі дамыту үшін зор әлеуетке ие», — деді ол.

Шара аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Е.Тұқымов мұны екі ел арасындағы сараптамалық өзара әрекеттестікті кеңейтудегі маңызды қадам деп атап, осы саладағы нақты ұсыныстарын айтты.

«Біз Chatham House форматындағы нақты мәселелерге бағытталған бірқатар онлайн сессияларды ұсынып отырмыз. Оларға тек жетекшілер ғана емес, сонымен бірге зерттеушілер де қатысып, агроөнеркәсіптік даму, өңдеуші өнеркәсіп, инвестициялық және инфрақұрылымдық ынтымақтастық мүмкіндіктері сияқты өзекті тақырыптарды талқылай алады», — деді ҚСЗИ директоры.

Сондай-ақ, вьетнамдық делегацияның сапары аясында екі ел арасындағы экономикалық, сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі, білім, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелеріне арналған семинар өтті.

Кездесуге партия және мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ екі елдің ғылыми қауымдастығының өкілдері қатысты.