2025 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) халықаралық қатынастар факультетімен бірлесіп, факультеттің 30 жылдығына арналған «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен дипломатиясы» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары, дипломаттары, сараптамалық-аналитикалық қауымдастық өкілдері қатысты.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов дөңгелек үстел қатысушыларына арнаған сөзінде ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің 30 жылдығы – бұл тек жетекші ұлттық жоғары оқу орнының білім беру құрылымының мерейтойы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның дипломатиялық және аналитикалық мектебінің қалыптасуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
«Өткен отыз жыл ішінде факультет шынайы дипломатия, саясат, ғылым және бизнес кадрларын даярлайтын ұстаханаға айналды. Әрине, бұл жетістіктер Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушыларының жанқиярлық еңбегінсіз мүмкін болмас еді», – деп атап өтті ҚСЗИ басшысы.
Еркін Тұқымов ҚСЗИ мен Халықаралық қатынастар факультетін көптеген жылдар бойғы нәтижелі ынтымақтастық байланыстыратынын еске салды.
«Біз бірлескен аналитикалық жобалармен айналысамыз, зерттеулер жүргіземіз, іс-шаралар ұйымдастырамыз, сараптамалық пікір алмасамыз және жаңа буын халықаралық қатынастар мамандарын қалыптастырамыз. Институт қызметкерлері оқу процесіне белсенді қатысады, ал факультет түлектері ҚСЗИ құрамын толықтырады. Біздің көрнекті қайраткерлеріміздің бірі, мезгілсіз дүниеден өткен Мұрат Тұрарұлы Лаумулин тек біздің институттың ғана емес, сонымен қатар Халықаралық қатынастар факультетінің де қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты», – деді ҚСЗИ директоры.
ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаева факультеттің 30 жыл ішінде тек жоғары білікті кадрлар даярлайтын жетекші ғылыми-білім беру орталығы болумен қатар, сыртқы саясаттағы жаңа идеялар мен тәсілдерді қалыптастыратын маңызды аналитикалық алаңға айналғанын атап өтті.
«Біз үшін Қазақстанның сыртқы саясат стратегиясын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ҚСЗИ сияқты аналитикалық орталықпен ұзақ жылдар бойы жемісті ынтымақтастық орнату аса маңызды. ҚСЗИ мен факультет арасындағы бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулер халықаралық қатынастар мен әлемде болып жатқан оқиғаларды тереңірек талдауға ықпал етеді. Бұл ынтымақтастық халықаралық қатынастар мамандарын, аналитиктердің, дипломаттар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау процесіне оң әсерін тигізеді», – деді факультет деканы.
Дөңгелек үстел отырысына ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаш Аренова, Алматыдағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек және ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұрша қатысты. Панельдік сессиялар барысында ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері Ербулат Сейлеханов және ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Булат Ауелбаев баяндама жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар халықаралық қатынастар парадигмасының өзгеру жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты, Қазақстанның Орталық Азия, Еуразиялық кеңістік, Еуропа және АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастық мәселелері, елдің сыртқы саясатының көлік-логистикалық бағыты, Орталық Азиядағы өңірлену процестерінде ғылым мен білімнің рөлі және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар атап өткендей, жаңа геосаяси жағдай және халықаралық қатынастар жүйесінің трансформациялануы аясында Қазақстан Республикасының дәстүрлі көпвекторлы сыртқы саясаты прагматизм мен мүдделер балансын ұстану қажеттілігіне тап болуда. Жаһандық күн тәртібінің өзгеруі тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясы мен дипломатиясын бейімдеу мәселесін өзектендіреді.
Сарапшылардың пікірінше, күрделі халықаралық ахуал жағдайында Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі өз ұстанымдарын сақтап қана қоймай, көпжақты диалогты нығайту және әлемдік, өңірлік державалармен, сондай-ақ жақын серіктестер мен көршілермен ынтымақтастықты дамыту арқылы орташа держава ретіндегі мәртебесін арттыру маңызды.
Дөңгелек үстелде ҚСЗИ мен ҚазҰУ арасындағы академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлаудағы инновациялық тәсілдер мен сыртқы саяси мәселелер бойынша стратегиялық ұсыныстар әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.


