Skip to content
Басты бет » Қазақстанның медиа-архипелагы

Қазақстанның медиа-архипелагы

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

Бүгінде адамдардың ешбір жаңалыққа сенбейтінін жиі естиміз. Алайда шынымен маңызды тақырып көтерілсе, адамдар бәрібір ол жаңалықтың мән-жайын қайдан оқып, көріп, түсінуге болатынын іздейді. Мұндай таңдаудан адамның талғамынан гөрі оның әлеуметтік болмысы, буыны, тіпті сол сәттегі көңіл-күйі туралы көбірек білуге болады. Бүгін біз Қазақстанда қай жаңалық көзі көбірек сұранысқа ие екенін түсінуге тырысамыз: телевизия ма, әлеуметтік желілер ме, интернет-БАҚ па, әлде басқа ма?

ҚСЗИ[i] көктемгі зерттеуінде респонденттерге «Қазақстан саясаты, экономикасы мен қоғамдық өмірі туралы жаңалық оқығанда, қай ақпарат көзіне көбірек сенесіз?» деген сұрақ қойылып, төмендегі тізім ұсынылды:

1. Республикалық телеарналар

2. Қазақстандық интернет-БАҚ

3. Әлеуметтік желілер және мессенджерлер

4. Шетелдік БАҚ

5. Баспа газеттері мен журналдары

6. Блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары

7. Радио.

Респонденттерге жаңалықтың үш дереккөзін таңдау мүмкіндігі берілді. Бұл жағдайда біз бірінші таңдау бойынша талдау жүргізе аламыз, яғни тек бірінші ақпарат көзі ескеріліп, медиа кеңістікте басты орынды кім алатыны туралы анық біле аламыз. Сондай-ақ көп таңдаулы сұрақтарда респондент үш дереккөзге дейін таңдай алады. Бұл тәсіл ақпарат тұтыну ауқымы мен құрылымын бағалауға мүмкіндік береді. Ең қызығы – біздің талдауымызда екі әдіс те бірдей дерлік нәтиже көрсетті, ал бұл – сирек кездесетін маңызды көрсеткіш:

Бағалаулардағы мұндай үйлесімділік қазақстандықтардың бірнеше арнаны қатар пайдаланған жағдайда да санасында жаңалық көздеріне деген сенім иерархиясының айқын қалыптасқанын көрсетеді. Басқаша айтқанда, респонденттердің арасында ақпарат көздеріне деген сенімдерінде қарама-қайшылық байқалмайды: бірнеше дереккөзді атау мүмкіндігі болғанның өзінде, олар жауаптарды интуитивті түрде ұқсас орналастырады. Бұл жайт жаңалық көздеріне деген сенімнің тұрақтылығын және қоғамда саясат, экономика және қоғамдық өмір мәселелеріне қатысты біршама орныққан ақпараттық иерархияның бар екенін аңғартады. Екіншіден, республикалық телеарналар жетекшілігін сақтағанымен, Қазақстанның медиа кеңістігінде телевизиямен қатар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және цифрлық платформалар барған сайын маңызды рөл атқаратын гибридті модель айқын байқалады. Мұндай құрылым тек гибридтілікті ғана емес, сонымен бірге халықтың сеніміне ие ұлттық ақпарат ландшафтың өзіндік ерекшелігін де көрсетеді. Ал бұл – қазіргі заманда өте сирек кездесетін жайт.

Сонымен біздің елдің медиа пейзажы қандай?

Республикалық телеарналар еліміздің бас институционалдық медиа орталығы рөлін атқарады (59,1%). Шынында да, цифрландыруға қарамастан, Қазақстанда теледидар ресми коммуникацияның өзегі ретінде сақталады. Миллиондаған қазақстандықтар үшін ТВ ресми ақпараттың, әсіресе саясат, экономика және қоғамдық өмір мәселелері бойынша негізгі арна болып қала береді.

Бұған қоса, тағы бір ақпараттық кеңістік те қарқынды дамуда: респонденттердің әрбір үшіншісі (34,7%) әлеуметтік желілерге сенетінін атап өтті. Әлеуметтік желілер көбіне балама, кейде толықтырушы арна рөлін атқарып, әсіресе қала тұрғындары мен жастар арасында кеңінен қолданылады. Алайда бұл екі әлемнің тоғысатыны анық: мысалы, кешке адам жаңалықты теледидардан қараса, таңертең әлеуметтік желілерден оқиды.

Сенім рейтингінде үшінші орынға қазақстандық интернет-БАҚ ие (30,3%). Бұл дәстүрлі журналистиканы онлайн форматпен ұштастыратын сайттар үшін елеулі көрсеткіш. Олар журналистік стандарттар бойынша жұмыс істейді, мемлекеттік қолдау алады, сапалы мәлімет жариялайды.

Қазақстандық медиа архипелагының метафоралық қатарын жалғастыра отырып, интернет-БАҚ медиакеңістіктің үшінші аралы ретінде айқындалады. Айта кететін жайт, бұл – құрамы алуан түрлі санат: мұнда мемлекет қолдайтын ресурстар да, тәуелсіз редакциялар да бар. Аудиторияның Интернетке деген сенім деңгейін көру үшін, біз шығу тегі мен ұстанымы әртүрлі басылымдарды әдейі бір тармаққа біріктірдік.

Төртінші орында – баспа газеттер мен журналдар. Қазақстандықтардың 9,2%-ы баспа көздеріне сенеді. Әрине, бұл көрсеткіш теледидармен, әлеуметтік желілермен және интернет-БАҚ-пен салыстырғанда төмен. Дегенмен, газеттер мен журналдарды әлі де өңірлердегі жасы үлкендер мен интернет-БАҚ-тың сенсациялық мақалаларына сенбейтін, құрылымды әрі тексерілген ақпаратты қалайтындар оқиды. Олар үшін баспа басылымдары – артық эмоциясы жоқ, дерегі көп, уақыт сынынан өткен сенімді ақпарат көзі. Демек, Қазақстанның медиа кеңістігінде қағазға басылған сөздің өз аудиториясы мен мәні бар құрылым әлі де сақталып отыр.

Блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларын сауалнамаға қатысқандардың 8,7%-ы таңдаған. Алғаш қарағанда бұл төмен көрсеткіш сияқты. Алайда бұл сенім рейтингісіндегі бесінші орында тұрған сан ғана емес, бұл – ережесі бөлек, аудиториямен өзіне тән, тірі тілде сөйлесетін жаңа күш. Олардың редакциясы да, бюджеті де, хабар тарату лицензиясы да жоқ, сонда да олардың өз аудиториясымен жақын таныс ретінде сөйлеу алу қасиеті бар, ал бұл – дәстүрлі жаңалық көздері қайталай алмайтын дүние. Көп жағдайда блогерлерді «өзіміздің адамымыз» ретінде қабылдайды, яғни арада қашықтық жоқ, олар қарапайым тілде сөйлейді, ал олардың посттарына пікір қалдыруға болады. Блогерлер тек жаңалықтармен ғана емес, өз өмірімен де бөліседі.

Шетелдік БАҚ-ның ақпаратына сауалнамаға қатысқандардың 8,5%-ы сенеді. Айта кетсек, шетелдік БАҚ-ның біздің ақпараттық кеңістікте болуы – түрлі көзқарастар қатар өмір сүретін, бірақ үстемдікке ие болмайтын медиаплюрализмнің белгісі. Ал олардың үлесінің төмен болуы Қазақстанның медиатәуелсіздігінің көрсеткіші ретінде бағалануға лайық. 

Радио медиа тұтыну құрылымында жетінші орынға орналасты, оны сауалнамаға қатысқандардың 5,4%-ы таңдады. Көрсеткіш аз болғанымен, мүлде жоқ деуге де келмейді. Газет сияқты, радио да біздің медиялық жадымыздың бір бөлігі, бірақ оның жұмыс істеу тәсілі өзгеше. Радионы қарап, басып, парақтап отырудың қажеті жоқ. Оны жолда, көлікте, асүйде фондық режимде тыңдауға болады. Оның күші де осында – толық назар аударуды талап етпейді, әрдайым қолжетімді болып тұрады. Бәлкім, сондықтан оны «бейтарап» дереккөз ретінде көреді, ақпараттан хабардар болып отыруға мүмкіндік бере отырып, артық нәрселермен жүктемейді. Бүгінде радионы, шамасы, форматы үшін емес, тыңдау әдеті үшін ұнататын адамдар тыңдайды.

Осылайша қазіргі Қазақстанның медиа кеңістігін архипелагқа ұқсатуға болады. Олардың пішіні, халқының тығыздығы, тілі мен әдеттері әртүрлі, бірақ бәрі де адамдардың назарына ие. Ең үлкен аралда халықтың сенімін әлі де сақтап отырған республикалық телеарналар орналасқан. Оның қасында – мобильді, дауысы қарқынды, ең бастысы, жылдам өсіп келе жатқан әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Интернет-БАҚ болса, жағалау сызығы ойлы-қырлы, ресми және цифрлық әлемді қосатын, бірақ әзірге көршілерінен оза қоймаған аралға ұқсайды. Архипелагтың ар жағында біз газеттерді, радионы, блогерлерді және шетелдік БАҚ-ты көреміз. Бұлар – тауаша, шағын форматтағы аралдар, бірақ олардың маңызы сөзсіз: бірі – мәдени тұрақтылығымызды сақтайды, екіншісі – жеке пікірді жеткізеді, үшіншісі – орын алып жатқан оқиғаларға ғаламдық көзқарасымен бөліседі.

Қорытындылай келе, Қазақстанның бүкіл медиа кеңістігінің құрылымы өзін-өзі биіктететін пирамида да, түзу сызық та емес. Ол әр қолданушы өз бағытын таңдап, кейде бір жағалаудан екіншісіне өтетін аралдар картасы іспетті. Осы архипелагта сенім, алуандық және аудиторияға құрмет қаншалықты көп болса, Қазақстанның ақпараттық экожүйесі де соншалықты тұрақты болмақ.


[i] Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуір аралығында жүргізілді. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.