Бибигуль Омирбаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы
Жаһандық деңгейде денсаулық сақтау саласы барған сайын ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы қаралады. Бүгінде мемлекеттердің экономика, адами капитал және әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үрдісінде шешуші рөлді алғашқы медициналық-санитариялық көмек буыны атқарады.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде – яғни емханалар мен отбасылық дәрігерлер жұмыс істейтін буында – халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі және оның созылмалы аурулар мен эпидемия сияқты сын-қатерлерді дер кезінде алдын алу қабілеті қалыптасады.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қаржыландырудың құрылымы мен динамикасын талдау бүгінде тек салалық емес, сонымен қатар стратегиялық мәнге ие мәселеге айналды. Ол халықтың өмір сүру сапасына, экономикалық өнімділігіне және мемлекеттің бюджеттік тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Макроэкономикалық контекст: шығыстар көлемінің өсуі және олардың құрылымдық өзгерісі
2019–2024 жылдар аралығында Қазақстандағы денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығындар шамамен үш есеге артты – 1,9 трлн теңгеден 5 трлн теңгеге дейін. Бұл көрсеткіш аталған саланың мемлекет үшін басым бағыт екенін айқын дәлелдейді.
Дегенмен, қаржыландыру құрылымы белгілі бір алаңдаушылық туғызады:
- мемлекеттік шығындардың үлесі 6 пайыздық тармақтан астам қысқарды (2023 жылы 66%-дан 2024 жылы 59,2%-ға дейін);
- Халықтың тікелей шығыстары 2024 жылы 30,7%-ға жетті (2023 жылы 27,7%-ды құраған). Бұл көрсеткіш қаржылық қорғаныс бойынша халықаралық деңгейде ұсынылатын шектен (20%) жоғары.
- «Қалтадан төленетін шығыстардың» артуы үй шаруашылықтарына түсетін қаржылық жүктеменің өсіп келе жатқанын және медициналық қызметтердің қолжетімділігі төмендеу қаупін білдіреді.

Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек: қаржыландыру қағидаты және тәжірибелік шектеулер
Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидатын қолданады. Бұл әлемдік тәжірибеде ең ұтымды тәсілдердің бірі болып саналады. Аталған модель бойынша әрбір тіркелген пациентке жасына, жынысына және өзге де қауіп факторларына сәйкес қаржы бөлінеді.
Бұл модель ресурстарды тиімді пайдалануға және көрсетілетін қызмет көлемін бақылауға бағытталған. Алайда іс жүзінде жан басына шаққан нормативтің деңгейі алғашқы медициналық-санитариялық көмектің барлық қажетті функцияларын толық қамтуға жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ол заманауи профилактикалық бағдарламаларды енгізу мен білікті мамандарды бастапқы буында ұстап қалуға мүмкіндік бермейді.
АМСК-ны қаржыландыру: профилактикаға басымдылық бермей өсу үрдісі Талдау нәтижелері бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмекке жұмсалатын шығыстар бес жыл ішінде 1,1 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін өскен. Алайда АМСК үлесі жалпы шығыстар құрылымында тұрақты деңгейде қалып отыр немесе төмендеуде. Бұл қаржыландырудың өсуі жүйедегі жалпы шығыстардың ұлғаюымен қатар жүріп жатқанын, яғни алғашқы көмектің басым бағыты ретінде мақсатты түрде күшейтілмегенін көрсетеді.

Қазақстандықтар әлі де дәрі-дәрмектерге жеке қалтасынан шығатын қаражаттың басым бөлігін жұмсауда (50%-дан астам). 2024 жылы АМСК-ға арналған жеке шығыстардың жалпы көлемі 1,55 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алғашқы көмек деңгейіне жұмсалған барлық шығыстардың жартысынан астамын қамтыды. Осы жағдай алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімді деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Профилактикалық шараларға арналған шығыстар да салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр. Егер 2019 жылы Қазақстанда профилактикаға бөлінетін шығыстардың үлесі шамамен 3,5% болса, 2023 жылға қарай ол 2,1%-ға дейін төмендеген.
Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мүше елдерінде, керісінше, профилактикаға бағытталған шығыстардың көлемі артып келеді және орта есеппен 5%-ды құрайды. Ал Нидерланд, Австрия және Ұлыбритания сияқты жекелеген мемлекеттерде бұл көрсеткіш 10–12%-ға тең.

Осылайша, жалпы қаржыландыру көлемінің өскеніне қарамастан, жүйеде құрылымдық теңгерімсіздік сақталуда: АМСК құрамындағы профилактикалық бағыт әлі де жеткіліксіз қаржыландырылған, ал қаржылық жүктеме біртіндеп халықтың өзіне ауысуда. Бұл жағдай профилактика мен ерте араласуға басымдық беру қажеттігін, сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті денсаулық сақтау жүйесінің шын мәніндегі тұрақты негізіне айналдыру маңыздылығын көрсетеді.
Жоғары деңгейдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру мен шығыстарды тиімді бақылаудың стратегиялық құралы
Бүгінде медициналық көмекке жүгінудің шамамен 90%-ы алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде тиімді шешілуі мүмкін. Дәл осы деңгейде салынған әрбір теңгенің ең жоғары қайтарымы қалыптасады. Арнайы және стационарлық көмекке өткен сайын медициналық қызметтердің құны айтарлықтай өседі. Сондықтан басты басымдық – жүйені жалпы қаржыландыруды ұлғайтудан гөрі, ресурстарды ұтымды түрде бастапқы буынның пайдасына қайта бөлу болып табылады. АМСК деңгейінде ауруларды дер кезінде анықтау, созылмалы ауруларға шалыққан науқастарды сапалы бақылауда ұстау, тиімді профилактика мен кеңес беру арқылы неғұрлым көп жағдайды шешу – қажетсіз госпитализациялар мен қымбат диагностикалық және емдік араласулардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл тәсілдің тиімділігі халықаралық тәжірибеде дәлелденген: алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейту госпитализация жиілігін азайтуға, артық тағайындаулар көлемін төмендетуге және дәрілік заттарды тұтынуды оңтайландыруға ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банк деректері бойынша, алғашқы буынға салынған әрбір 1 АҚШ доллары 10 долларға дейін экономикалық пайда әкеледі, ал вакцинацияға бағытталған инвестициялар 44 есеге дейін қайтарым береді. Бұл ретте АМСК-ны қаржыландыру – шығыстарды ұлғайту емес, керісінше, оларды қысқартудың тиімді тетігі. Бұл ұзақ мерзімді инвестиция жүйенің тиімділігін арттырып қана қоймай, халықтың денсаулығын жақсартуға және елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Экономикалық тиімділіктен бөлек, дамыған алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді: ана мен бала өлім-жітімін азайтуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі болып табылатын адами капиталды қалыптастыруға ықпал етеді.
Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі деңгейде келесі өзгерістерді жүзеге асыру қажет. Біріншіден, бастапқы буынның басымдық деңгейін арттыру – демографиялық, эпидемиологиялық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жан басына шаққан нормативті кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Қаржыландыру халықтың нақты қажеттіліктеріне сай бағытталуы керек, бұрынғы шектеулер мен лимиттерге емес. Екіншіден, шығыстар құрылымын қайта қарау қажет: стационарлық және жоғары технологиялық көмектен біртіндеп профилактика мен пациенттерді кешенді сүйемелдеуге басымдық беру, нәтижеге негізделген төлем тетіктерін енгізу, сондай-ақ «дәрігер – мейірбике – әлеуметтік қызметкер» үлгісіндегі интеграцияланған командаларды дамыту маңызды. Үшіншіден, бастапқы буынның профилактикалық қызметін күшейту қажет: скринингтік бағдарламаларды кеңейту, созылмалы аурулары бар пациенттерді сапалы бақылауда ұстау, сондай-ақ жалпы практика дәрігерлері мен мейірбикелердің халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлін арттыру.
Осылайша, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке инвестиция құю – бұл неғұрлым тиімді, қолжетімді және тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық таңдау. Мұнда профилактика мен ерте араласу ұлт денсаулығының және мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының негізіне айналады.


