Бүгін Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Каспий Саясат Орталығының (кейін-КСО) басшылығымен кездесті.
Кездесуге Вашингтонда орналасқан Американың жетекші «ми орталығы», тәуелсіз зерттеу орталығының бас директоры Эфган Нифти, қауіпсіздік және саясат бағдарламасының төрағасы, экс-елші Ричард Хогланд, басқарма мүшесі, Джонс Хопкинс университетінің профессоры, доктор Марша Макгроу-Олив және аға ғылыми қызметкер Ричард Спунер қатысты.
19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауы туралы әріптестерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Еркін Тұқымов елімізде саясатпен қатар, экономикаға да біраз өзгеріс енгізілгенін атап өтті. «Бұл жай ғана косметикалық өзгеріс емес. Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жылдар бойы біз экономиканың саясаттан басым екеніне сендік. Алайда саяси реформаларсыз экономиканы өзгерту мүмкін емес екенін түсіндік. Тек саяси инклюзияны енгізу арқылы ғана экономиканы монополиясыздандыруға және әртараптандыруға болады». КСО басшысы Эфган Нифти өз кезегінде 2021 жылдан бастап Қазақстанда оң өзгерістер көп болғанын айтты.
Орталық Азия аймағында интеграциялық үдерістер мәселесіне ерекше көңіл аударып, кездесу қатысушылары өткен жылдардағы тәжірибені және қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, ынтымақтастықты қайта бастау қажеттігіне тоқталды. Осы тұрғыда ҚСЗИ директоры «көптеген мәселелерді шешудің жалғыз жолы – кооперация. Онсыз біз су мәселесін де, шекараларға қатысты дауларды да шеше алмаймыз» деген сенім білдірді.
Қазақстанның даму перспективалары мен қорытындыларын талқылай отырып, тараптар «Болашақ» мемлекеттік білім беру бағдарламасының маңыздылығын жоғары бағалады.
Сонымен қатар сарапшылар Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының перспективаларын, саясат, экономика және энергетика саласындағы өңірлік қауіпсіздікті талқылап, еліміздің транзиттік әлеуетін, атап айтқанда Транскаспий көлік дәлізінің мүмкіндіктерін өзектендіру мәселелері бойынша пікір алмасты.