ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов 2023 жылдың 10 наурызында Душанбе қаласында «Тәжікстан – Орталық Азия: тату көршілік, өзара көмек, мәңгілік достық және ортақ даму саясаты» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Іс-шараны Конрад Аденауэр атындағы Қордың Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің қолдауымен Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы (бұдан әрі – СЗО) ұйымдастырды.
Конференцияны аша отырып, СЗО директоры Хайриддин Усмонзода қонақтарды пікірталасқа шақырды: «Орталық Азияда келіспеушіліктерден гөрі байланыс нүктелері көп. Өңір елдері ынтымақтастыққа деген адалдығын көрсетіп қана қоймай, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр. Мәселен, Орталық Азия мемлекеттері Тәжікстанның 2025 жыл Мұздықтарды қорғау жылы деген бастамасын бірауыздан қолдады».
«Бұл халықаралық конференция Орталық Азия мемлекет басшыларының мерейтойлық бесінші Консультативтік кездесуі қарсаңында іс-шаралар циклін ашады. Саяси шешімдерді қабылдау процесін аналитикалық қолдауда көрініс табатын ғылымды қажет ететін саяси тәжірибе контекстінде үлкен маңызға ие», – деді өз сөзінде Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Содик Имоми.
Орталық Азия елдерінің стратегиялық зерттеулер орталықтары басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстан-Тәжікстан қатынастарын жоғары бағалады: «Қазақстан Тәжікстанның өңірдегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екені кездейсоқ емес. 2022 жылдың қорытындысы бойынша біздің сауда айналымымыз 1,5 млрд долларды құрады. Екіжақты қатынастардың түрлі салалардағы әлеуеті зор».
Е.Тұқымов бірлескен дамудың перспективалық бағыттары туралы былай деді: «Орталық Азия әлемдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналуы мүмкін. Елдеріміздің әлеуеті зор: мұнда минералды ресурстар, мұнай мен уран сияқты түрлі энергия көздерінен бастап, адами капитал мен кең ауыл шаруашылыққа арналған жерлерге дейін бар».
БҰҰ ФАО мәліметтері бойынша, 2021 жылы 828 миллион адам аштықтың алдында болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 46 миллионға көп. Болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруіне байланысты негізгі дақылдардың өнімділігі 10%-ға төмендейді. Бұл ретте адамзат қалалық агломерациялардың өсіп келе жатқан халқын тамақтандыру үшін 70%-ға көп өнім өндіруге мәжбүр болады.
Азық-түлік қатерлері тұрғысынан ҚСЗИ басшысы Орталық Азия құрлықтағы азық-түлік хабына айналуы мүмкін екенін атап өтті. «Қазақстанды «bread basket of Central Asia» немесе аймақтың астық қоймасы деп атайды. Еліміз астық пен ұннан бөлек, мал шаруашылығына да тарихи және табиғи бейімделген. Аймақтың басқа елдерінде оазистік егіншілік дәстүрлері дамыған, дүниежүзілік ауқымда мақта мен күріш өсіріледі. Болашақта Орталық Азия азық-түлік консорциумын құру мәселесін пысықтау қажет», – деді Е.Тұқымов.
Сондай-ақ Еркін Тұқымов ОА әріптестерінің Оңтүстік Азияға қарай экономикалық дәліз құру жөніндегі ұсынысына толықтай қолдау білдірді. «Транзиттік әлеуетті іске асыру Орталық Азия елдерінің негізгі ресурстық емес драйверлерінің біріне, сондай-ақ экономиканың өндірістік және технологиялық жаңғыруының локомотивіне айналуы мүмкін. Қазақстанда логистикадан түскен табыстың үлесі қызмет көрсету саласы құрылымында 30%-ға жетеді. Егер біз күш біріктіріп, тауарлар мен шикізатты құн тізбегі бойынша тікелей тасымалдауды күшейтсек, қандай көрсеткіштерге қол жеткізе алатынымызды елестетіп көрейік», – деді ол.
Сөз соңында ҚСЗИ басшысы: «Аймақтың транзиттік тасымалдауға және кең ауқымды инвесторлармен халықаралық жобаларға қатысуы жаһандық ойыншылардың Орталық Азия елдерінің аумақтық тұтастығы мен тұрақтылығына, сыртқы қауіптерден қорғануды арттыруға қызығушылығын арттыратынын атап өткім келеді» деп қорытындылады.