Skip to content
Басты бет » «ҚСЗИ GPS» сарапшылары аралас сайлау жүйесін талқылады

«ҚСЗИ GPS» сарапшылары аралас сайлау жүйесін талқылады

2023 жылдың 10 ақпанында Алматы қаласында «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында сарапшылар қауымдастығы аралас сайлау жүйесінің негізгі артықшылықтары мен мүмкіндіктерін талқылады.  Белгілі саясаттанушылар, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен академиялық ортаның өкілдері, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары аралас сайлау жүйесі тәжірибесіне қатысты сараптамалық пікірлерімен бөлісті.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау алдағы бірнеше айдың саяси-ақпараттық күн тәртібінің басты оқиғасы болады.

Мұндай назар аударудың себебі – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Облыстық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады.

Бір жағынан бұл жаңашылдық Қазақстан үшін жаңалық емес. 1999 және 2004 жылдардағы сайлаулар да аралас жүйемен өтті. Содан бері он бес жылдан астам уақыт өтті. «Гибридтік» сайлау туралы білмейтін жаңа буын өсіп шықты. Сондықтан сарапшылардың қазіргі міндеті – аралас сайлау жүйесін түсіндіру.

«Аралас сайлау жүйесі барынша жиі кездесетін тәжірибе. Бүгінде бұл жүйе Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика және басқа да елдерде қолданылады. Бізге жақын Ресейде, Қырғызстанда және Грузия мен Литвада осындай жүйе бар. Әрине, әр елдің өзіне тән ерекшеліктері бар», – деген Е. Тұқымов бұл тақырыпты, яғни аралас сайлау жүйесі бойынша сайлауды өткізудің түрлі аспектілерін «ҚСЗИ GPS» ұлттық сараптама платформасының отырысында талқылауды ұсынды.

Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Канатбек Азиз бүгінгі тақырып Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де өте өзекті екенін атап өтті.

«Сайлау нәтижесінде туындаған бірнеше мәселелер бар. Бірінші кезекте бұл депутат мәртебесін жүзеге асыру мәселесіне қатысты. Өйткені саяси партиядан сайлайтын депутаттар мен бір мандатты округтер бойынша сайланатын депутаттардың құқықтық негіздері әртүрлі. Қырғызстанның сайлау жүйесіндегі өзгерістерге және депутаттық корпустың қалыптасуына 2020 жылғы қазан оқиғасы толықтай әсер еткенін атап өткім келеді. Нәтижесінде конституциялық реформа жүргізіліп, онда конституциялық кеңес мүшелері депутаттық корпусты мажоритарлық және пропорционалды жүйе бойынша аралас жүйе негізінде сайлауды ұсынды. Мажоритарлық жүйеге осылайша оралу қызық болды. Себебі бұл бәріміздің басымыздан посткеңестік кезеңде өтті», – деді К.Азиз.

Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы ҰСЗИ ғылыми қызметкері Шерадил Бактыгулов ағымдағы сайлау Қазақстандағы саяси жүйенің өзгеруінің көрсеткіші екендігіне назар аударды. «Жақында Қазақстанда болатын парламент сайлауы, менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалардың жалғасуының дәлелі. Бұл Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруының көрсеткіші екенін атап өткім келеді. Сайлауға қатысты айтар болсам, әлемде кемшіліксіз сайлау жүйелері жоқ және барлық тәжірибелер бір-бірін байытып отырғаны анық. Осыған байланысты мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына бар тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік беретін  осы сараптама алаңын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын», – деді сарапшы.

Өз кезегінде Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды қарастыруға мүмкіндік беретінін айтты. «Өзіне тән міндеттер мен функцияларды лайықты атқара алатын тиімді Парламентті қалай құруға болатыны бізді толғандырады. Бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды білдіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді А.Әміребаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Насимова партиялар мен кандидаттар жастармен жиі кездесіп тұруы керек деп есептейді. «Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар сайлауалды бағдарламаларды таразылап, талдай алады. Партиялар мен кандидаттар тек белсенді жастармен ғана емес, еліміздің барлық жастарымен байланыста болуы керек. Қазіргі жастар, әсіресе студенттер, манипуляция мен фейктерді ажырата алады. Жастардың мотивациясын түсіну үшін олармен жиі кездесіп, тілдесу қажет», – деді Г.Насимова.

Ал «Стратегия» ӘСЗО» ҚҚ жобалар үйлестірушісі Ольга Симакова тақырыпқа қатысты былай деді: «Халық кандидаттармен және олардың бағдарламаларымен әлі таныс емес. Сайлаушыларды жаңаша тәрбиелеу керек деп есептеймін».

Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар Қазақстандағы сайлау жүйесін реформалауға оң баға берді. Сондай-ақ талқылауға қатысқан мамандар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа шақырылымында пікірлер плюрализмін қамтамасыз етудің әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, сайлау үдерісіне мажоритарлық жүйені қайтару мемлекеттік саясаттың өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар спикерлер алдағы сайлау және одан кейінгі саяси жүйенің жұмыс істеуі сапалы сараптамалық-талдауды қажет ететініне бірауыздан келісті.