Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин дүниеден озды

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин дүниеден озды

Бүгін жанашыр әріптесіміз, танымал ғалым, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Лаумулин Мұрат Тұрарұлы ұзақ науқастан соң өмірден озды.

Мұрат Лаумулин 1982 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіндегі арнайы курсты бітірді. Одан соң өз білімін КСРО Ғылым академиясында жалғастырып, тарих ғылымдарының кандидаты,  саяси ғылымдарының докторы атанды.

Өзінің еңбек жолын қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік университетінде бастап, әр жылдары ҚР ҰҒА Шығыстану институтында, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қауіпсіздік және қарулы бақылау басқармасында, Германия Федеративтік Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігінде, ҚР Сыртқы істер министрлігінде еңбек етті.

Әрине, Мұрат Тұрарұлының еңбек жолындағы жарқын беттері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен тығыз байланысты екені даусыз.

Біздің институттың құрылған күнінен бастап қызмет етіп, Қазақстандағы аналитиканың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырды.

Сарапшылар қауымы Мұрат Лаумулинді «ҚСЗИ бренді» деп атап кетті. Әріптесіміз осы атауға әбден лайық.

Лаумулин Мұрат Тұрарұлы бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат, Орталық Азия геосаясаты, Қазақстанның Батыспен қарым-қатынасы, АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясы, Орталық Азиядағы ЕО стратегиясы бағытында ондаған монографиялар мен жүздеген мақалалар жазған ғалым. Олардың ішінде кәсіби ғылыми ортада мойындалған 4 томдық «Әлемдік шығыстанудағы Қазақстан және Орталық Азияның тарихы» еңбегі де бар. Ғылымда өзіндік бір бағыт –  әлемдік геополитикадағы Орталық Азияны зерттеу мектебін қалыптастырып дамытты.

Ажал айтып келмейді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұжымы марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына, дос-жарандарына орны толмас қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтады.