Екі күндік «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумының алғашқы күні аяқталды.
Әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының сарапшыларын біріктірген Орталық Азиядағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған жаңа диалог алаңы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылды.
Іс-шараны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов салтанатты түрде ашты. Өз сөзінде ол Азияның қарқынды экономикалық және технологиялық ілгерілеуін, Азияның әлемдегі өсіп келе жатқан геосаяси маңызы мен форумның өзектілігін атап өтті.
Форум қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу оқыды.
Қазақстан СІМ басшысы өз сөзінде қоғамымызды қайта құру мен демократияландыру, сондай-ақ экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы біздің және Орталық Азияның табысы үшін өте маңызды екенін айтты: «Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Біз қауіпсіздік, сауда, инвестициялар, көлік, логистика, энергетика, индустрияландыру, технологиялық даму, су ресурстарын басқару, экология, мәдениет және білім беру салаларындағы тығыз ынтымақтастықты жақтаймыз. Біз Алматыда Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі өңірлік хаб құруды ұсынамыз. Қазақстан биылдан ШЫҰ-ға төрағалық етеді. Біз экономикалық және сауда қатынастарын кеңейтуге және нығайтуға, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ұмтыламыз».
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан еліміздің сыртқы саясаты туралы айта отырып, Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешу бойынша біз бастамашылық еткен Астана процесін атап өтті. Сонымен қатар ол еліміздің Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетудегі белсенді ұстанымына тоқталды: «Біз өсіп келе жатқан гуманитарлық қауіптің алдын алу жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысуға тырысамыз және Ауғанстанға көмектесу үшін БҰҰ орталығын ашудың стратегиялық маңызы зор деп санаймыз».
Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың назары бас сессияның маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Осылайша, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков өз сөзінде: «Орталық Азия елдері соңғы жиырма жылда өздерінің экономикасы мен қоғамын дамыту үшін және терроризмге қатысты ортақ мәселелерді шешу үшін халықаралық әріптестермен өңірлік ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікті нығайтуда орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күш-жігерге ризашылық білдіреді. Бұл тұрғыда жалпыға ортақ өркендеу, бейбітшілік және адам құқықтарын қамтамасыз етуде біздің тұрақты қолдауымызға сене аласыздар», – деді В. Воронков.
Наталья Герман, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Контртеррористік комитеті Атқарушы директоратының Атқарушы директоры «Жусан» операциясын сөз етті: «Қазақстан өңірде бірінші болып осы үндеуді қолдап, өз азаматтарын, әсіресе әйелдер мен балаларды қақтығыс аймақтарынан қайтаруда өзінің көшбасшылығын көрсетті. Бұған Орталық Азияның басқа мемлекеттері де қосылды. ОА мемлекеттері өңірлік деңгейде терроризмге қарсы күрес бойынша бірлесіп жұмыс істеуге берік саяси ерік-жігерін танытып келеді».
Орта және кіші елдердің маңыздылығы туралы ойымен АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай бөлісті. Оның айтуынша, күш біріктірген жағдайда биполярлық әлемді бөлшектеу жаһандық және аймақтық істерде маңызды рөл атқара алатынын түсінген орта және кіші елдердің әлеуетін күрт арттырады. Бүгінде бұл процесс бүкіл планетада байқалғанымен, Азияда ең танымал.
Аймақ дамуы бойынша өз бағасын Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала да берді. «Орталық Азияға қарап, біз өңірлік проблемаларды бірлесіп шешуге бағытталған оң күш-жігерді көріп отырмыз. Халықаралық қауіпсіздіктің көптеген сын-қатерлері өңірде сезіледі. Өңірлік ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде Қазақстанның Транскаспий дәлізіндегі жұмысты жандандыру үшін көрші елдермен және Каспий теңізінің арғы жағында орналасқан елдермен ынтымақтастықты қалай белсенді түрде кеңейтетінін келтіруге болады».
Сарапшылар жоспарланған жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін саяси, сарапшылық және азаматтық қоғамдастықтың қатысуын қамтамасыз ету қажет деген келісімге келді. Осы және өзге де тақырыптарға арналған пікірталастар форум алаңында 14 шілде күні де жалғасын табады.