21 қыркүйек күні Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» талдау орталықтарының үшінші форумы жұмысын бастады. Форумға Орталық Азия елдерінің жетекші «ақыл-ой орталықтары» қатысты: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты, Тәжікстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы, Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты.
Қытай тарапынан форумға Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, оның ішінде Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институты және басқа да талдау орталықтары қатысты.
Қазақстанның «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастық жөніндегі көзқарасына арналған сөзінде ҚСЗИ директоры Е. Тұқымов көлік жолдарын ұштастыру, өңірдің цифрлық дамуы, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты кеңейту мәселелеріне назар аударды.
Осылайша институт басшысы халықаралық жүк тасымалының ұлғаюына тоқталды. «Биылғы бірінші жартыжылдықтағы деректерге сүйенсек, ҚР мен ҚХР арасында жүк тасымалының өсімі байқалып отыр. Ол 13,7 млн тоннаны құрайды. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл 26%-ға артық. ҚР-дан ҚХР-ға жүк экспорты 8,3 млн тоннаға дейін 37%-ға өсті», – деді ол. Сонымен қатар ол алдағы көлік дәліздерін экономикалық дәліздерге айналдыру бойынша жұмыстың маңызын атап өтті. «Толыққанды көлік дәліздерін салмасақ, Қазақстан мен өңірдің экономикасы тұтастай алғанда орташа табыстан жоғары емес деңгейде қалатын болады. Көлік жолдарын біріктіру шағын және орта бизнеске көршілес елдердің нарықтарына жол ашады. Сәйкесінше бұл сауданы дамытуға және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді», – деді Е. Тұқымов.
Өз сөзін жалғастыра отырып, ҚСЗИ басшысы цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне де көңіл бөлді. «Қазақстандағы қаржы технологиялары нарығы – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан, Орталық Азиядағы ең ірі нарықтардың қатарында. Еліміздің қаржы технологиялары нарығындағы басты трендтердің бірі – цифрлық төлемдер мен электрондық коммерцияның өсуі. Халықтың басым көпшілігі, 78 пайызы цифрлық төлемдер жасайды. Бұл бағытта өңір елдері арасындағы технологиялар трансферін кеңейту, сонымен қатар Орталық Азияның жеке цифрлық технологиялар нарығын қалыптастыру орынды болып көрінеді. ОА стратегиялық және экономикалық зерттеулер институттары тартылуы мүмкін бірлескен жобаларға толық сараптамалық-талдамалық қолдау көрсету маңызды».
Инвестицияларды тарту саласында былтыр тікелей шетелдік инвестициялардың жаһандық көлемі 12,4%-ға төмендегеніне қарамастан, Қазақстанда, керісінше, 2022 жылы инвестициялардың таза ағыны 83,1%-ға өсіп, 6,1 млрд долларға жеткенін айтты Е. Тұқымов. Оның айтуынша, ОА елдері мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту кезінде бірлескен инвестициялық жобалардың ашықтығын қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл қоғамның қолдауы мен жергілікті шағын және орта бизнесті бірлесіп жұмыс істеуге тартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, аталған форум аясында ҚСЗИ директоры бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Мәселен, Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжимен кездесуде Е. Тұқымов Қазақстан барлық өзекті мемлекетаралық мәселелер бойынша ашық сараптамалық диалогқа әрқашан адал болып қала беретінін айтты.
«ҚСЗИ халықаралық талдау институттарымен диалогқа үлкен мән береді. Әсіресе Қытай институттары ерекше орын алады. Мұнда, Сианьда, біз Орталық Азиядағы даму мәселелерімен айналысатын көптеген ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен кездестік. Бұл Қытайдың ОА өңіріне үлкен қызығушылығын және өзара тиімді бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндігін көрсетеді. Біз өз тарабымыздан зерттеу әлеуетімізді дамытатын өзара ғылыми алмасуды дамытуға дайынбыз», – деді ҚСЗИ директоры.
Өз кезегінде РШЕОАИ директоры осы трек бойынша өзара әрекеттестіктің оң үрдісін атап өтті. «ОА – Қытай сарапшылар арасында кешенді диалог жүргізуге болатын механизмге айналуда. Қазақстанның көптеген халықаралық мәселелер бойынша мүддесі мен ұстанымы біз үшін ерекше маңызды. Біз сараптамалық өзара іс-қимылымызды тұрақты негізде жалғастыруға ниеттіміз», – деді Сунь Чжуанчжи.
ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Дамуды зерттеу орталығы Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюаньмен кездесуде тараптар мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту үшін сараптамалық өзара әрекеттестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша пікірталастарды ұйымдастыру үшін бетпе-бет және онлайн кездесулер өткізуге келісті.