28 қыркүйек күні елордада «Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы – әлемнің турбуленттік жағдайындағы алтын көпір» тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми cыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуі өтті. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Сыртқы істер министрлігі өткізді.
Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов іс-шараны алғы сөзбен ашты.
ҚСЗИ директорының айтуынша, бүгінгі кездесу –тарихи оқиға. Себебі Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының 10-шы мерейтойлық саммиті қарсаңында өтіп жатыр. «Ұйымның даму жылдарында біздің елдеріміз мәдени-өркениеттік ынтымақтастық мәселелерінде ғана емес, сонымен қатар Түркі әлемінің халықаралық аренадағы рөлі мен орнын жалпы түсінуде де жақындасты», – деді ол. Еркін Тұқымов түркі мемлекеттері алдарына қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ ұлттық-мәдени бірегейлікті үйлесімді ілгерілету сияқты мақсаттар қойып отырғанын атап өтті.
«Түркі кеңесінің Түркі мемлекеттері ұйымына айналуы ынтымақтастығымыздың тереңдей түскенін көрсетті. Бұл елдеріміздің бірлескен тарихындағы жаңа белесті белгіледі. Біз алдымызға экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және көліктік өзара байланысты дамытуға бағытталған стратегиялық мақсаттар қойып отырмыз», – деді ол. Сонымен қатар ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов «Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамалық құжатына тоқталды. Бұл құжатты дайындау және іс-шаралардың нақты жоспарын дайындау әлі алда. «Тарихи тұрғыда ТМҰ құрылуына бастамашы болған Қазақстан мүше елдер арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуды ынталандыруға бағытталған. Еліміздің басты мүддесі – инновациялық экономиканы дамыту және көлік дәліздерін әртараптандыру», – деп толықтырды өз сөзін институт басшысы.
Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев мырзаның айтуынша, ТМҰ өнеркәсіптен туризмге дейінгі барлық салаларда мемлекеттер арасындағы көпжақты қарым-қатынастарды дамытуды қолдайды. Бас хатшы 2026 жылға дейінгі Ұйым стратегиясы мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейдеді. «Транскаспий көлік дәлізі – Азиядан Еуропаға бағытталған стратегиялық маңызды жол. Оның тиімділігін арттыру үшін жаңа сауда жолдары арқылы өтетін елдер арасында кедендік саясатты сәйкестендіру қажет», – деп қорытындылады ТМҰ Бас хатшысы.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым талдау орталықтарының отырысы маңызды сәтте өтіп жатқанын атап өтті. «Жақында ғана Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім ратификацияланды. Оның қызметі түркі мемлекеттерінің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынына сенімдімін», – деді А. Сарым.
Осылайша, «Сенім дағдарысы дәуіріндегі түркі елдерінің ынтымақтастығы: аймақтық модельдің ерекшеліктері» пленарлық сессиясының спикерлері, оның ішінде «ақыл-ой орталықтарының» басшылары, түркі елдерінің қазіргі кезеңдегі өзара әрекеттестігін нығайту жолдарына қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Олар ТМҰ елдері орналасқан кеңістік бірқатар өркениеттік және геосаяси ақаулармен шектесетінін, осыған байланысты елдер арасындағы ынтымақтастық пен диалог одан да маңызды бола түсетінін атап өтті. Пленарлық сессия қатысушылары мемлекетаралық қатынастарды нығайтып, өзекті мәселелерді шешу үшін үйлестірілген стратегияларды әзірлеуге шақырды.
Панельдік сессиялар қауіпсіздік саласындағы заманауи халықаралық және өңірлік сын-қатерлерді талдауға, сондай-ақ экономикалық жобалар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты түркі кооперациясының негізгі бағыттарына арналды.
«Сенім дағдарысы дәуіріндегі түркі елдерінің ынтымақтастығы: аймақтық модельдің ерекшеліктері» сессиясына қатысқан сараптамалық орталықтардың өкілдері трансшекаралық қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұру үшін түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Екінші сессияға қатысқан спикерлер экономиканың түрлі салаларындағы байланыстарды нығайту бойынша бірқатар нақты қадамдар мен ұсыныстарды алға тартты. Олар түркі елдерінің экономикалық және сауда мүмкіндіктеріне тоқталып, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларға баса назар аударды.
Нұх Йылмаз, Түркия СІМ жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы, Түркі мемлекеттері ұйымы құрылғаннан бері елеулі өзгерістер мен қайта құруларды бастан кешіргенін атап өтті. «ТМҰ шешім қабылдауға қабілетті ұйым ретінде қалыптасу жолында табысқа жетті. Қазір түркі әлемі маңызды әлемдік сауда жолдарының орталығында орналасқан. ТМҰ – бұл мүмкіндіктерді пайдаланудың сенімді құрылымы. Біздің елдеріміздің әл-ауқатының дамуына ықпал ететін экономикалық интеграция қажет», – деп толықтырды сарапшы.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Канатбек Азиз пленарлық сессиядағы сөзінде былай деді: «ТМҰ іргетасы – Орталық Азия елдерінің ортақ мәдени коды. Аймақта барлық салалар бойынша ынтымақтастықты жандандырдық, біз үшін бір-бірімізді ести білу және тыңдау өте маңызды. Бұл тұрғыда Түркі жобасы ынтымақтастықтың перспективалық үлгісіне айналуы мүмкін. Сол себепті Орталық Азия және Түркия қарым-қатынастары бойынша 2 зерттеу орталығын құру керек. Бізге аймақтық интеграциялық жобаларға арналған бағдарламалар мен аналитикалық кадрларды тиісті оқыту қажет».
Мартон Шоберл, Мажарстандағы Халықаралық қатынастар институтының Бас атқарушы директоры,
Мажарстан қуатты мемлекеттерге негізделген мықты одаққа ұмтылатынын жеткізді. «ТМҰ – мұны дәлелдейтін жақсы мысал. Мажарстан сияқты біздің институт та ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастыққа мүдделі және адал екеніне сенімдімін. Біздің мүшелігіміз халықаралық ынтымақтастықтан сәл артық, себебі оған туыстық пен достығымыз кіреді».
Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Акрамжон Неъматов мырзаның айтуынша, Ұйым мүшелеріне экономикалық бағытта стратегиялық серпіліске қол жеткізіп, ТМҰ аумағын жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігіне айналдыруымыз қажет. «Сондай-ақ өзара байланысты нығайтып, сауда, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастықты дамытуымыз керек. Экономика, сауда және өнеркәсіптік ынтымақтастық саласындағы жоспарларды жүзеге асыру үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты біз үшін қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдарды тығыз үйлестіру маңызды», – деді ол.
Шири Шириев, Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры, Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде әлеуеті мен мүмкіндіктері зор беделді халықаралық ұйым екенін айтты. «ТМҰ-ның оң әсері келесі себептерге байланысты. Біріншіден, ТМҰ – саяси немесе әскери одақ емес. Ұйым ортақ тарихи тамырға, мәдениетке, сауда-экономикалық мүдделердің сәйкестігіне негізделген. Екіншіден, ТМҰ инвестициялық қызметке, технологиялық алмасуға және адами капиталды дамытуға жақсы мүмкіндік береді. Үшіншіден, ТМҰ-ның географиялық кеңістігі оның сауда және транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Көлік дәліздерінің Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарындағы негізгі учаскелерінде орналасқан ТМҰ мемлекеттерінде «хабтардың» тұтас инфрақұрылымын құруға болады» – деп атап өтті ол. Сондай-ақ Ш. Шириев ынтымақтастықты кеңейту көмірсутегі ресурстарын тұтынушы елдерге жылдам әрі үнемді тасымалдауға да ықпал ететіндігін айтты.
Әзербайжан Республикасының Халықаралық қатынастарды талдау орталығының департамент басшысы Джавид Велиев ТМҰ елдері арасындағы ынтымақтастықты одан ары тереңдету қажеттілігіне баса назар аударды. «ТМҰ-ның әрбір мүшесі әлем мен аймақтың құрметті серіктесі болуы қажет. Сонымен қатар ынтымақтастықты қолдауымыз абзал. ТМҰ әлемдік ауқымда беделге ие болып, аймақтық мекеме ретінде қабылдануы керек», – деді Велиев мырза.
Сондай-ақ елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімге ықпал ететін гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Сарапшылардың пайымдауынша, білім, өнер және мәдениет саласындағы тәжірибе алмасу ұйымға мүше елдердің даму әлеуетін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ұйымды құрудың бастамашысы болған еліміз түркі мемлекеттерінің жақындасуына ерекше мән беріп отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда Қазақстан ТМҰ мүше-мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған сыртқы саясатты дәйекті түрде жүргізуде.