Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында жыл сайынғы ғылыми кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша Институт орындаған жұмыстың есебі жарияланды.
Институт директор Еркін Тұқымов өз сөзінде ҚСЗИ-дың ағымдағы жылғы қызметі ел басшылығына ішкі саясат, әлеуметтік-экономикалық үдерістер, ҚР сыртқы саяси стратегиясы саласында қажетті болжамды-талдамалық және ғылыми-ақпараттық материалдарды дайындауға және ұсынуға бағытталғанын атап өтті.
Биыл уақыттың жаңа заманауи талаптарына бейімдену және Институт жұмысын жетілдіру мақсатымен 3 орталық қайта құрылды. Стратегиялық даму орталығы, Халықаралық зерттеулер орталығы және Экономикалық зерттеулер орталығы шеңберінде 8 талдамалық бөлім қызмет атқаруда. Институт командасына жетекші қазақстандық және халықаралық жоғары оқу орындары, ірі халықаралық консалтингтік компаниялар және басқа да зерттеу институттарынан келген мықты сарапшылар қосылды.
2023 жылы ҚСЗИ қызметкерлері ондаған талдамалық материалдар дайындап, 28 ғылыми-ұйымдастыру іс-шаралары, шетелдік елшіліктердің, халықаралық ұйымдардың, шетелдік ғылыми-зерттеу және талдау орталықтарының өкілдерімен 90 кездесу өткізді. Сондай-ақ БАҚ-та 680 рет пікір білдірді.
30 жылдық мерейтойға орай ҚСЗИ ұйымдастырған ең ауқымды іс-шара ірі халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинаған «Asia in the Changing World: Agenda for the Future» Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы болды. Қонақтар қатарында: БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Контртеррористік комитеті Атқарушы директоратының Атқарушы директоры Наталья Герман, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала.
Ғылыми кеңестің қорытындысы бойынша 2024 жылға жоспарлар белгіленді. «Білім экономикасы» («Knowledge economy») тақырыбына арналған Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумын өткізу, жергілікті жерлердегі ахуалды мониторингілеу және талдау үшін ел өңірлеріндегі жұмысты күшейту, Central Asia’s Affairs журналын халықаралық деңгейге көтеру, жас сарапшыларды қолдау жөніндегі бағдарламалар және басқалар жоспарлануда.
Отырыстың соңында ҚСЗИ директоры ұжымға алғысын білдіріп, бірқатар қызметкерлерді өз жұмысын жауапкершілікпен орындағаны және институттың дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатпен» марапаттады.