Skip to content
Басты бет » Әділдік – Қазақстандағы қоғамдық консенсустың бір бөлігі

Әділдік – Қазақстандағы қоғамдық консенсустың бір бөлігі

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

Біз әділдік туралы шын мәнінде не ойлаймыз, және ол Қазақстан контексінде нені білдіреді? Әлеуметтік әділдік – адамдардың  ресурстарды бөлудегі әділеттілікті қабылдауы: сапалы білім мен медицина, тұрғын үй қолжетімділігі; еңбек және оның бағалануы; заң алдындағы теңдік пен құқықты қорғау; сондай-ақ адамның шыққан тегіне, таныстықтарына немесе этносына қарамастан, әлеуметтік баспалдақпен көтерілу мүмкіндігі.

Басқаша айтқанда, әр адам әділдікті сезінеді, тіпті балабақшадағы бала да әділетсіздікті байқай алады. Бізде теңдік пен норманың бұзылуын бірден анықтай алатын туа біткен қабілет бар. Сондықтан әділдік наз емес, ол – сенімнің, әлеуметтік тұрақтылықтың және бейбіт өмір сүрудің негізін құрайтын әлеуметтік қажеттілік. Әділетсіздік болса, адамды тұлға ретінде мойындаудан бас тартуды білдіреді; философтардың ойынша, адамға ең ауыр жан азабын келтіретін де – дәл сол әділетсіздік.

ҚСЗИ жүргізген зерттеулердің бірінде «Ерінбей еңбек етуге дайын адамдарды марапаттау керек дегенмен келісесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Аналитикалық тұрғыдан алғанда, бұл тұжырым қоғам қандай болуы керек деген нормативтік күтімді білдіреді.

Жауап берушілердің басым бөлігі (66,6 %) бұл тұжырыммен толық келіседі, 32,0 % келіседі, 0,8 % келіспейді, 0,2 % – мүлде келіспейді, ал 0,3 % жауап беруге қиналды. Бұл сұрақ шындықтың айнасы сияқты: егер адамдар осы тұжырыммен келіссе, олар жеке әділдік пен меритократияға сенетінін білдіреді. Яғни адам жұмысқа бар күшін салса, ол көп нәрсеге лайық, ал қоғам соны қамтамасыз етуі керек деп сенеді. Бұл тұжырыммен келіспеу – жүйелік әділетсіздікті сынау деген сөз: «Мен қанша тырыссам да, біреулер таныстарының арқасында қызметке орналасуы мүмкін, бұл – әділетсіздік». Осылайша, бұл аналитикалық тұрғыдан қоғамдағы еңбектің құндылығын ғана емес, сонымен қатар қоғамның құрылымын – яғни адал еңбек шын мәнінде бағалана ма, жоқ па – түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен, жауап берушілердің көпшілігі бұл пікірмен келіседі, бірақ тереңірек қарасақ, біздің қоғамда тіл, жас, табыс, жыныс немесе жұмыспен қамтылу топтары бойынша көзқарастардың арасында қарама-қайшылық байқала ма? Корреляциялық талдау жыныс (Пирсон коэффициенті -0,005-ке тең), жас (-0,003), табыс (0,055), білім (-0,019), жұмыспен қамтылу (-0,002) және елді мекен түрінің (+0,004) адал еңбектің әділ бағалануы идеясында шешуші рөл атқармайтынын көрсетті. Бұл көрсеткіштер мен зерттеліп отырған мәселенің арасында өзара корреляция жоқ. Бұл жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.

Ұзақ уақыт бойы біз, әлеуметтанушылар, «үлкен алтылыққа», яғни жыныс, жас, білім, табыс, жұмыспен қамтылу және елді мекен түрі сияқты факторларға сүйеніп келдік. Бұл айнымалылар біз үшін түсінікті, өлшеуге оңай болды; олар бізге адамның әлеуметтік мінез‑құлқын дұрыс түсіндіретіндей болып көрінді. ХХ ғасыр бойы әлеуметтану тап, жас ерекшелігі, ауыл мен қала бойынша талдауларға негізделіп дамыды. Басқаша айтқанда, әлеуметтанушылар адамның жұмыс орнын, тұрғылықты жерін, жасын сұрау арқылы оның қалай ойлайтынын болжауға болады деп сенді. Қазір болса, дәстүрлі талдау іргелі құндылықтарды түсіндіруде өз ықпалын жоғалтуда. Бұл – жаңа әлеуметтік шындықтың пайда болуының белгісі, және ол шындыққа сай еңбекқорлық пен еңбекті адал бағалау сияқты құндылықтар адамның әлеуметтік жағдайына қарамастан, ортақ әрі маңызды құндылықтар ретінде қабылданады. Осы жерде заманауи әлеуметтану теориетиктері бұл құбылысты сипаттап үлгергенін атап өту маңызды. Мәселен, Ульрих Бек «тәуекел қоғамы» атты әлеуметтанулық тұжырымдамасында таптық шекаралардың әлсіреп, бірегейліктер мен құндылықтардың барған сайын жекеленіп бара жатқанын зерттейді. Ал Мануэль Кастельс желілік қоғамға көшу теориясында классикалық әлеуметтік‑демографиялық маркерлердің орнына ақпарат қолжетімділігіне негізделген жаңа стратификациялық қағидаттар келе жатқанын айқындайды.

Дәстүрлі индикаторлардың ескіруіне қандай мысалдар келтіруге болады? Қазақстандағы жастары бірдей екі әйел қалайша «параллельді әлемдерде» өмір сүре алады? Олар әртүрлі тілдерде сөйлейді, әртүрлі телеарналарды қарайды және әлеуметтік желілерде әртүрлі блогерлерге жазылған болуы мүмкін. Яғни, 35 жастағы жоғары білімі бар әйел Астанада табысты маман да, Түркістанда үй шаруасын атқаратын әйел не Ақтөбеде кәсіпкер де болуы мүмкін. Олардың құндылықтары мен көзқарастары, қажеттіліктері мүлде ұқсамауы мүмкін, сонда да олар әлеуметтік-демографиялық тұрғыда бір топқа, яғни бір жылы туған әйелдер тобына жатады.

Бұл неліктен орын алуда? Қарқынды модернизация, өңірлік айырмашылықтар мен тілдік ерекшеліктер бұрын біртекті де болжамды болған топтарды бұзып жатыр. Барған сайын медиакеңістік, діндарлық немесе көші-қон тәжірибесі секілді символикалық маркерлердің рөлі арта түсуде. Әлеуметтік құбылыстарды түсіндіруде адамдардың теңсіздік тәжірибесі мен мәдени кодтары секілді мүлде өзге айнымалылар маңызды орын ала бастайды. Шамасы, бұл құбылыс тұлғаның әлеуметтік мәртебесінен гөрі оның бірегейлігінің маңызы артып келе жатқанымен байланысты көрінеді. Бұл құбылыстар бүгінде қоғамды ұғынудың «жаңа тетіктері» ретінде қарастырылса, «дәстүрлі алтылық» жаңа жолдар көрінбейтін ескі географиялық картамен салыстырыла алады.

Осылайша, еңбек пен әділ сыйақыға сенім тек жеке көзқарас емес. Еңбекті әділ бағалау құндылығы кең таралып, ортақ нормаға айналғаны сонша, ол топтар арасындағы айырмашылықтарға тәуелді емес бола бастады. Енді бұл пікір ғана емес, бұл – қоғамдағы консенсус.

Әлеуметтік-демографиялық маркерлердің мәнінің төмендеуі – маңызды үрдіс, және ол бүгінгі Қазақстанда жаңа мағыналық желілер қалыптасып жатқанын көрсетеді. Бұл желілер енді тапқа, тұрғылықты жерге, тіпті білім мен табыс деңгейіне емес, басқа, әзірге толық зерттелмеген негіздерге сүйенетінін көрсетеді. Біз әлеуметтік құрылым логикасының өзгеруінің алғашқы белгілеріне куә болып отыруымыз мүмкін: бұрын белгілі бір әлеуметтік топтарға «тән» болған негізгі идеялар мен моральдық бағдарлар енді әлдеқайда кең аудиторияны біріктіре бастады.

Әрине, бұл әлеуметтік айырмашылықтар толықтай жойылды деген сөз емес. Алайда бұл әлеуметтанушылар ондаған жылдар бойы қолданып келген талдау үлгісі қазіргі өзгерістердің бәрін толық қамти алмайтынын білдіреді. Демек, барған сайын күрделі, өзгермелі және болжауға келмейтін қоғамға ілесу үшін әлеуметтанудың өзі де өзгеруі керек.

Біздің таңдамада еңбекқор адамдардың жұмысы ақталуы керек деген тұжырыммен келіспейтіндер де бар: 0,8 % жауап беруші келіспейді, ал 0,2 % мүлдем келіспейді. Мұндай келіспеушілік нені білдіруі мүмкін? Олар, мысалы, нәтижеге тек еңбек қана емес, сонымен қатар жемқорлық немесе ресурстар қолжетімділігінің тең еместігі ықпал ете алады деп санауы мүмкін. Бұл жауап берушілердің меритократия идеясын сыни тұрғыдан бағалайтынын білдіреді, яғни оны жүйелік теңсіздіктің тасасында қалып қойғандай қабылдайды, немесе олар табыс еңбекке ғана емес, сәттілікке, таныстықтарға не тағдырға да тәуелді дейтін фаталистік немесе ұжымшыл көзқарасқа бейім болуы да мүмкін. Ал жауап беруге қиналған 0,3 % адам туралы не айтуға болады? Олар не мұндай әділдікке Қазақстанда қол жеткізу мүмкін емес деп ойлауы мүмкін, не олардың бұл туралы нақты пікірі жоқ.

Сонымен біздің деректер еңбекқорлық пен оған жұмсалған күш-жігердің адал бағалау қағидасын қоғам санасында терең орныққан құндылық ретінде көрсетеді. Бұл келісім маңызды моральдық-компенсаторлық қызмет атқарады: ол кез келген еңбекті әділ бағалайтын әлеуметтік тәртіпке деген ұжымдық үмітті бейнелейді.

Әлеуметтік сауалнама 2024 жылғы 11 мамыр мен 22 маусым аралығында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ тапсырысы бойынша өткізілді. Іріктеме көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан, еліміздің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қатысушылар тартылды.