Skip to content
Басты бет » Әйелдің табысы артқанда

Әйелдің табысы артқанда

Отбасы – адамзат ойлап тапқан кез келген әлеуметтік формадан да ұзақ өмір сүретін құндылық. Алайда ең алдымен өзгерістердің лебін сезінетін де – отбасы. Қазіргі таңда әйелдер еңбек нарығында белсенділік танытып, кәсіби мансап құруда, ал ер адамдар өзгеріп жатқан әлем жағдайында өз орнын және әлеуметтік мағынасын сақтап қалуға ұмтылуда. Соның нәтижесінде отбасы бұрын-соңды анықталмаған, бірақ біртіндеп қалыптасып келе жатқан жаңа ережелер мен қағидаттар аясында өмір сүруді үйреніп келеді.

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

бас ғылыми қызметкері

Қазіргі таңда Қазақстандағы әйелдер де, әлемнің көптеген елдеріндегі секілді, білім алып, еңбек нарығына белсенді араласып, қаржылық жауапкершілікті өз мойнына ала бастады. Алайда әйелдің ер адамнан көбірек табыс табуы қоғамдағы дәстүрлі түсініктерге – яғни ер адамның отбасының негізгі асыраушысы болуы тиіс деген ұғымға – айтарлықтай сын тудырып отыр. Соған қарамастан, бүгінде бүкіл әлемде әйел негізгі асыраушыға айналған отбасылар саны артып келеді. Бұл – адамзат тарихындағы ең көне әлеуметтік институттардың бірі саналатын отбасының табиғатына үлкен өзгеріс әкелген жағдай. Алайда бұл өзгеріс тек қалтаға емес, отбасының ішкі логикасына әсер ететін өзгеріс. Енді ақша мен билік бұрынғыдай бір рөлде тоғыспай, екеуі екі бөлек ұғымға айналуда.

Қазақстандықтардың бұл мәселеге көзқарасы

Сауалнама барысында респонденттерге мына пікірді бағалау ұсынылды: «Әйелдің күйеуінен көбірек табыс табуы отбасыда кикілжіңдер туғызады». Бұл сұрақ бір қарағанда жеңіл көрінеді, бірақ оның астарында қаншама сезім, үміт пен үрей жасырынған. Әдеттегі реттілік өзгеріп, үйде негізгі асыраушы әйел болғанда не болады?

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың басым бөлігі (60,1%) бұл жағдайдан ешқандай қауіп көрмейді. Ал сауалнамаға жауап берушілердің шамамен үштен бірі (37%) әлі де әйелдің жоғары табысы отбасыда қиындықтар туғызуы мүмкін деген ойды ұстанады (1-сурет). Жалпы алғанда, қазіргі заманғы отбасылық рөлдер туралы түсінік Қазақстанда дәстүрлі ұстанымдардан гөрі әлдеқайда икемді болып келеді, дегенмен «ер адам – басты асыраушы» деген ескі көзқарас әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Егер суалнама нәтіжелеріне мән берсек, бұл жағдай ер адамдарды көбірек алаңдатады. Ерлердің шамамен 39%-ы «әйелдің жоғары табысы отбасында қиындықтар туғызады» деген пікірмен келіседі, ал әйелдердің арасында бұл көрсеткіш 36%-ды құрайды. Айырмашылық үлкен емес, бірақ бұл нәтиже ерлердің табысты көбіне өз қадір-қасиетінің өлшемі, ал әйелдердің табысты отбасына қолдау көрсету мүмкіндігі ретінде қабылдайтынын көрсетеді (2-сурет).

Жас ұлғайған сайын бұл мәселеге көбірек алаңдай бастайды. Отыз жасқа дейінгі жастардың басым бөлігі бұл жағдайды қалыпты қабылдайды, ал олардың тек әр үшіншісі ғана оны белгілі бір қауіп ретінде бағалайды. Ал аға буын өкілдері, әсіресе алпыс жастан асқандар, «ер адам – басты асыраушы болуы керек» деген дәстүрлі көзқарастан айырыла қойған жоқ (3-сурет).

Қызығы, патриархалды және заманауи көзқарастар тек ауылдық жерде емес, қалалық отбасыларда да қатар өмір сүріп келеді. Ауыл мен қаланың бұл мәселедегі айырмашылығы шамалы (3-сурет).

Адамның білімі деңгейі артқан сайын, мұндай жағдайға деген уайым да сейіле түседі. Жоғары білімі бар қазақстандықтардың шамамен үштен екісі әйелдің көбірек табыс табуын табиғи құбылыс ретінде қабылдайды (4-сурет).

Бұл тақырып ең алдымен табысы төмен топтарға әсер етеді. Кіріс деңгейі неғұрлым төмен болса, әйелдің көбірек табыс табуы отбасылық қиындықтарға әкеледі деген сенім соғұрлым күштірек болады. Табысы төмен отбасыларда қаржы көбіне билік пен бақылаудың нышанына айналады, сондықтан кез келген теңгерімнің бұзылуы қалыпты тәртіпке қатер ретінде қабылданады. Ал материалдық жағдайы жоғары топтарда мұндай өзгерістерге көзқарас әлдеқайда байсалды.

Діндарлық бұл мәселеде елеулі рөл атқарады. Діни ұстанымдары берік адамдардың шамамен жартысы «жоғары табыс табатын әйел отбасыдағы тепе-теңдікті бұзады» деген пікірмен келіседі. Ал орташа діндар және дінге бейтарап адамдар арасында мұндай көзқарасты қолдайтындар аздау – шамамен үштен бірі ғана. Бұл жағдайда дін мәдени тұғырға айналып, ер адам – асыраушы, әйел – ошақ иесі деген дәстүрлі рөлдік түсінікті бекітеді.  

Бәсекелестіктен ынтымақ пен әріптестікке ұласу жолы

Бұл айырмашылықтар ақшаның өзіне емес, біздің билік пен қамқорлықты қалай түсінетінімізге қатысты. Ақша – ер адамның отбасыдағы басшылық рөлін, ал әйелдің үй мен мейірімге жауапты болуын бекіткен ескі сенімдердің айнасы іспетті. Сол себепті әйел ерінен көп табыс таба бастағанда, өмірдің бұрынғы түсінігі шайқала бастайды. Алайда бұл – отбасылық қарым-қатынастың күйреу кезеңі емес, жаңа тірек іздеу кезеңі деп есептуге болады. Қазіргі қоғамда материалдық жағдай биліктің өлшемі болудан қалып, серіктеске деген сыйластық бірінші орынға шыға бастады. Әйелдер уақыт өте келе көмекші рөлінде ғана емес, ортақ өмірдің тең серіктесіне айналуда. Осылайша, бұл өзгеріс отбасы институтының табиғатын түбегейлі өзгертуде — иерархиялық қатынастардан өзара серіктестік пен түсіністікке қарай бағыт алуда.

Әлемдік көрініс

Егер әлем бойынша ер адамнан көбірек табыс табатын әйелдердің саны артып жатса, онда Қазақстан бұл жаһандық үрдісте қай деңгейде тұр деген сұрақ туындайды. Ер адамның асыраушы ретіндегі рөлі берік қалыптасқан елдерде де мұндай жағдай қазақстандықтармен ұқсас реакциялар туғызатынын айтып кеткен жөн. Посткеңестік елдерде де ахуал ұқсас: халықтың көбі бұл өзгерісті сабырмен қабылдай бастағанымен, ескі түсініктер әлі де сананың түбінде қалып қойған. Батыста гендерлік теңдік заң жүзінде және ресми деңгейде мықтап орныққанымен, адамдардың сезімі мен қабылдауында ол әрдайым бірдей емес. Әлеуметтанушылардың АҚШ-тағы зерттеулеріне сүйінсек, әйелі көбірек табыс табатын ерлі-зайыптылар өз некесін «өте бақытты» деп жиі атай бермейді. Гендерлік теңдіктің эталоны саналатын Швецияда жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша, әйелі көбірек табыс табатын ер адамдарда психикалық бұзылыстар мен күйзеліс жиірек байқалады. Ал Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде ер мен әйелдің дәстүрлі рөлдері әлі де айқын бөлінген күйінде қалуда. Мысалы, Жапонияда ер адамның мансабы әлі де отбасылық мәртебенің басты өлшемі болып қала береді, ал Қытайда ер мен әйел мансап тұрғысынан тең мүмкіндіктерге ие бола бастаған. Қытайда кей ерлер әйелінің табысы мен жетістігін сыйлап, үйде қалып, ошақ иесі рөлін атқарып жүр. Бұл тақырып Таяу Шығыс елдерінде және жалпы мұсылман қоғамдарында әлі де сынға алынған, себебі  әйелдің табысы ердің намысы мен қадір-қасиетіне нұсқан келтіреді деген ойды ұстанады. Алайда мұндай қоғамдардың өзінде де жастар мен жоғары білімді қала тұрғындары арасында екі табыс – отбасы үшін тиімдірек, ал әйелдің көбірек табыс табуын мәселе ретінде қабылдауға болмайды деп санайтындар көбейіп келеді. Қалай болғанда да, қарқынды дамып келе жатқан экономикалық деңгей уақыт өте келе ескі әлеуметтік қағидалардың өзгеруіне ықпал етіп отыр.

Алайда бұл құбылыстың екінші қыры да бар. Мысалы, Парсы шығанағы елдерінде Филиппин мен Бангладештен келген ондаған мың әйел күтуші, қызметші, шаштараз болып жұмыс істеп, табысын үйдегі балалары мен көбіне жұмыссыз күйеулеріне жібереді. Олар жоғары лауазымды болмаса да, үйдің негізгі асыраушысы атанды. Бірақ мұның құны – отбасынан жырақ өмір сүру. Басқаша айтқанда, ерлер жұмыссыз, әйелдер кіріс табатын ортада қалыптасқан ескі рөлдер уақыттың талабымен күйреп жатыр.

Осының аясында, қазақстандықтардың 60%-ы мұндай жайтты табиғи деп санайтындықтан, Қазақстан бұл үдерісте орта деңгейде тұр. Біз өткеннің шеңберінен шықтық, бірақ жаңа тепе-теңдікке толықтай жете алмадық. Мүмкін, дәл осы себептен бұл әңгіме соншалықты маңызды шығар. Ол біздің бойымызда махаббатты ақша арқылы өлшеуге деген әдеттің қаншалық тереңде жатқанын көрсетеді.

Бұл жағдайдың сыртқы көрінісі

Ұсынылған деректердің артында жекелеген пікірлер емес, нақты адамдардың өмірлік тағдырлары жатыр. Әйелінің табысы көп отбасылар көбіне ішкі келіссөздер режимінде өмір сүреді. Ер адам өзіне деген құрметті сақтауға тырысады, ал әйел қарым-қатынаста теңгерімді ұстап тұруға ұмтылады. Біреулері тепе-теңдікті тауып, отбасын серіктестер одағына айналдыра алады, ал басқалары мақтаныш пен реніш арасында адасып қалады. Бірақ бұл тараптар арасындағы күрес емес, бұл дәуірлер қақтығысы: ескі «еркек – негізгі асыраушы» моделі өзектілігін біртіндеп жоғалтуда, ал жаңа «біз бірге еңбек етеміз» моделі енді қалыптасып келеді. Бәлкім, дәл осы нәрсе болашақта отбасы туралы түсінігіміздің қандай болатынын айқындайтын шығар.


Сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 11.05-22.06.2024 аралығында 8101 респонденттің қатысуымен өткізілді. Сауалнамаға 18 жастан асқан, елдің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары қатысты.