«Ақыл-ой орталықтарының» ынтымақтастығы елдер арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтереді Қазақстан-Сербия қарым-қатынасы шиеленіс нүктелерінің болмауымен, өзара қызығушылықтың бірлесіп дамуға негізделуімен ерекшеленеді. Сербия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктесі ретінде қарастырады.
Бұл туралы Сербия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Владимир Йовичич ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовпен болған бүгінгі кездесуінде мәлімдеді. Мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау, қақтығыстарды бейбіт реттеу, терроризмге қарсы күрес және Қазақстан сыртқы саясатының мультивекторлығы секілді халықаралық қатынастардың ортақ құндылықтары сербиялық әріптестердің ойымен үндесуде. Владимир Йовичич ақыл-ой орталықтарының ынтымақтастығы арқылы елдер арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруді ұсынады. Мәселен, Халықаралық саясат және экономика институты және Institute of European studies-пен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланды. Мұндай уағдаластық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың екінші жартысында Сербияға іс-сапары қарсанында өзекті болып отыр.
Еркін Тұқымов өз кезегінде жетекші ғылыми орталықтармен тікелей байланыс орнатуды қолдап, Сербияның экономикасы дамыған, саяси мықты мемлекет және еліміздің Балқандағы сенімді серіктесі екенін атап өтті.