2024 жылғы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінде Үндістанның Алматыдағы консулы Свапнил Котавадэмен (Swapnil Kothawade) кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты сарапшылармен жүздесіп, ҚСЗИ-дың қызметімен, атап айтқанда азиялық бағыттағы зерттеулермен танысу, ынтымақтастықтың ықтимал перспективаларын, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар мен жобаларды өткізуді талқылау болды.
Свапнил Котавадэ мырза Қазақстан мен Үндістанның зерттеу және талдау орталықтары, сарапшылары арасында байланысты орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Бұл екі елді тереңірек зерттеуге және екіжақты қатынастарды кеңейтуге ықпал етеді.
ҚСЗИ сарапшылары Үндістанның өсіп келе жатқан жаһандық рөлі мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, онда болып жатқан процестерді мұқият зерттеудің маңыздылығын атап өтті. Әлемдік қаржы конгломераттарының болжамы бойынша, Үндістан 2027 жылға қарай әлемдегі ең ірі экономикалар тізімінде үшінші орын алуы мүмкін.
Тараптар әлемдегі жағдай, геосаясат және әлемдік экономика мәселелері, жаһандық және өңірлік проблемалар талқыланатын екі елдің ірі сараптамалық алаңдары – Қазақстандағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі форумы мен Үндістандағы Райсина диалогы туралы ақпарат алмасып, қатысуға қызығушылық білдірді.