Skip to content
Басты бет » Astana Think Tank Forum 2025 аясында «Орталық Азия – қиылысу кезеңінде» монографиясын дайындау мәселесі талқыланды

Astana Think Tank Forum 2025 аясында «Орталық Азия – қиылысу кезеңінде» монографиясын дайындау мәселесі талқыланды

2025 жылғы 15 қазанда Astana Think Tank Forum бірінші күні аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов Орталық Азияның жетекші сарапшылармен кездесіп, ҚСЗИ жоспарлап отырған «Орталық Азия – қиылысу кезеңінде» монографиясының дайындық жоспарын талқылады.

Талқылауға Орталық Азияның жетекші «ақыл-ой орталықтарының» басшылары мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты: Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Хайриддин Усмонзода, Өзбекстан Республикасының Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабов, Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Қырғызстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Шумкарбек Адилбек Уулу, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директор орынбасары Бахтиёр Мустафаев.

Кездесу қатысушылары өңірдегі негізгі саяси және экономикалық тенденциялар, аймақтық бірегейлік, мемлекеттердің консолидациясы және одан әрі өсу мүмкіндіктерін талқылады. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия өзінің субъектілігін нығайтып, көпвекторлы сыртқы саясатты белсенді пайдаланып, әлемдік державалардың мүдделерін тартатын дербес орталыққа айналуда.

«Аймақтық консолидация процестері күшейіп келеді, әсіресе Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ және Парсы шығанағы елдері қатысатын «С5+1» форматы аясында. Бұл аймақ елдерінің дипломатия жүргізуде және сыртқы ықпалдарды тепе-теңдікте ұстауда көпвекторлы стратегияны белсенді түрде қолданатынын көрсетеді», – деді Жандос Шаймарданов.

ҚСЗИ басшысы атап өткендей, аймақ экономикасы шикізат экспорты, транзиттік және логистикалық бағыттардың дамуы және транзиттік коридорлардың рөлінің артуы арқылы өсуді жалғастыруда. Дегенмен, сыртқы нарықтарға тәуелділік, экологиялық тәуекелдер, трансұлттық қылмыстық қауіптер және киберқауіптер сияқты сын-қатерлер сақталады.

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Орталық Азияның ішкі жаңғырту қажеттілігі мен күшейіп келе жатқан геосаяси қысым жағдайында сыртқы теңгерімді сақтау арасындағы тепе-теңдікте стратегиялық өзін-өзі айқындау фазасына енгенін атап өтті.

«Осыған байланысты өңірдің қазіргі даму үрдістері мен өсу мүмкіндіктеріне арналған Орталық Азия тақырыбындағы монографияны дайындау идеясы туындады», – деп қорытындылады С. Көшкімбаев.

ҚСЗИ келесі жылы кітапты жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Өткен кездесу болашақ монографияның құрылымы мен мазмұны бойынша сарапшылар пікірімен алмасу алаңына айналды.