Skip to content
Басты бет » Астанада Орталық Азия мен Қытай аналитикалық орталықтарының форумы өтті

Астанада Орталық Азия мен Қытай аналитикалық орталықтарының форумы өтті

2025 жылғы 3 маусымда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстаның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (ҚҚҒА) ұйымдастырған «Орталық Азия – Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері» талдау орталықтарының V форумы өтті.

Форум жұмысына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен жетекші аналитикалық орталықтардың, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қытай мен Орталық Азия елдерінің «ақыл-ой орталықтары» форумдары 2021 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл сарапшылық қауымдастықтың саяси деңгейде шешімдер қабылдауға ықпал етудегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.

Биылғы форумның күн тәртібінде Орталық Азия мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық архитектурасын қалыптастыру, транзиттік дәліздерді дамыту, сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелерді құру салаларындағы технологиялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Мемлекеттік кеңесші таяу арада Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін атап өтті.

Ерлан Қарин Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың күшейе түскеніне назар аударды. Сондай-ақ, ол елімізде жүзеге асырылған реформаларға және даму жолындағы басым бағыттарға тоқталды.

ҚҚҒА Президенті Гао Сян форум қатысушыларына бейнеүндеуінде Қытай мен Орталық Азия аналитикалық орталықтарының форумы екіжақты механизм аясында құрылғанын және оның гуманитарлық байланыстарды нығайтуда, қоғамдық диалог орнатуда және прагматикалық ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қытайлық спикер қауіпсіздік, технологиялық және өнеркәсіптік даму, гуманитарлық алмасу салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Болашақта біз білім беру, туризм, БАҚ, аналитикалық орталықтар, жастар мен мәдени қауымдастықтар, археология және спорт салаларында өзара әрекеттесу әлеуетін аша түсуіміз керек. Үкіметтер, бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар қатысатын көпдеңгейлі ынтымақтастық алаңдарын құруымыз қажет», – деп атап өтті Гао Сян.

Өз кезегінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов жаһандық тұрақсыздық жағдайында аналитикалық қауымдастық мемлекеттер мен қоғамдар арасындағы көпір рөлін атқара отырып, барған сайын маңызды бола түскеніне назар аударды.

«Бүгінгі таңда жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Глобалдық дауыл басылар емес, қайта күшейіп келеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – дипломатия мен халықаралық қатынастар зерттеушілері үшін алтын дәуір», – деп түйіндей келе, аналитикалық орталықтардың аймақтық серіктестікті нығайтудағы ерекше рөлін атап көрсетті.

Спикер «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы негізгі жетістіктерге тоқталып өтті. Олардың қатарында тауар айналымының артуы, Хатшылықтың іске қосылуы және гуманитарлық байланыстардың жандануы бар. Ол Орта дәліздің стратегиялық маңыздылығына назар аударып, оны жай ғана маршрут емес, болашақтағы өңіраралық экономикалық артерия деп атады. Сондай-ақ ол одан әрі ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын атап көрсетті: көлік дәліздерін дамыту, кадр даярлау және климаттың тұрақсыздығы жағдайындағы су қауіпсіздігі мәселелері.

«Елдеріміз арасындағы бизнес деңгейіндегі орнықты байланыс пен сенім ынтымақтастық көкжиектерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жасанды интеллект, биотехнологиялар, кванттық есептеу, технопарктер мен зерттеу орталықтарын құру бойынша бірлескен жобаларға мүдделіміз», – деп атап өтті Тұқымов.

Сонымен қатар ол алдағы «Орталық Азия – Қытай» саммиті стратегиялық серіктестікке жаңа серпін беріп, сараптамалық қауымдастық бүкіл аймақтың мүдделерін көрсететін нақты бастамаларды ұсынатынына сенім білдірді.

ҚҚҒА-ның Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжи өз сөзінде күрделі және тұрақсыз халықаралық ахуал жағдайында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тату көршілік пен достық қарым-қатынастардың тұрақты өсу үрдісін сақтап отырғанын атап өтті. Ол бұл серіктестіктің жоғары деңгейі, кең ауқымдылығы, кешенділігі және ұзақмерзімділігі сияқты жарқын ерекшеліктерін толықтай бейнелейтінін айтты.

Сондай-ақ ол алдағы «Қытай – Орталық Азия» саммитіне тоқталып, бұл іс-шара екі тараптың ынтымақтастығы үшін маңызды мәнге ие екенін, ұзақмерзімді стратегиялық даму бағытын айқындайтынын және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетудің жақсы келешегін ашатынын атап өтті.

«Әлемге тұрақты Орталық Азия, гүлденген Орталық Азия, үйлесімді Орталық Азия және бір-бірімен байланысқан Орталық Азия қажет», – деп тоқталған Сунь Чжуанчжи, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы және өңірлік серіктестік механизмі аясындағы ынтымақтастық пен стратегиялық жоспарлауды нығайтудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Форум аясында «Орталық Азия мен Қытай ынтымақтастығының стратегиялық архитектурасы: жүйелілік, ашықтық және ортақ мүдделер», «Транзиттік дәлізден экономикалық хабқа: болашағы зор салалар мен жобалар», «Технологиялық ынтымақтастық: цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелерді дамыту» тақырыптарында сессиялар өтті.

Форумда Орталық Азия мен Қытайдың жетекші аналитикалық орталықтарының басшылары, сарапшылар және зерттеушілер сөз сөйледі. Атап айтқанда, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Хайриддин Усмонзода, Өзбекстандағы Халықаралық Орталық Азия институтының директоры Жавлон Вахабов, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Бахтиер Мустафаев, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Шумкарбек Адилбек уулу, Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық қатынастар институтының Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Шири Шириев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрайымы Әсел Сарсенбаева, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азия және Кавказ бөлімінің бастығы Чжан Нин, Қытай халықаралық қатынастар академиясының Еуразияны зерттеу институты директорының орынбасары Хань Лу, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының Си Цзиньпиннің дипломатиялық ойлары бөлімінің бастығы Сюй Цзинь және басқа да сарапшылар.

Форумға қатысушылар Қытай мен Орталық Азия арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейге аяқ басуда – институционализацияға, қауіпсіздік мәселелеріне, технологиялық, көлік-логистикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

Сараптамалық орталықтар сараптамалық қауымдастықты біріктіре отырып, саясат пен нақты трансформациялар арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналып, ынтымақтастықтың оң күн тәртібін ілгерілетуге ықпал етуде.