Skip to content
Басты бет » ATTF 2025 екінші күніндегі параллельді іс-шаралар: жаңа қалалар, демографиялық тұрақтылық және жасыл энергетика

ATTF 2025 екінші күніндегі параллельді іс-шаралар: жаңа қалалар, демографиялық тұрақтылық және жасыл энергетика

Astana Think Tank Forum 2025 аясында Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі бағыттары: урбанистика, демографиялық үрдістер және жасыл энергетиканың болашағына арналған мазмұнды параллельді іс-шаралар сериясы жалғасын тапты.

Бірінші side event Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов пен ҚСЗИ өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Амина Урпекова дайындаған «Жаңа қалалар: Алатау қаласы үшін сабақтар» атты аналитикалық зерттеуінің таныстырылымына арналды.

Аталған баяндама Astana Think Tank Forum 2025 қарсаңында ҚСЗИ тарапынан іске қосылған ғылыми білімнің жаңа цифрлық платформасы InsightsCentral.Asia сайтында жарияланды.

Зерттеуді таныстыра отырып, Амина Урпекова бұл жұмыс жаңа қалаларды құрудың әлемдік тәжірибесін және оның Қазақстан мен Орталық Азия үшін маңызын жан-жақты талдауға бағытталғанын атап өтті.

Баяндаманың басты бөлігіне соңғы онжылдықтардағы Қазақстанның ең ірі урбанистикалық бастамаларының бірі — Алатау қаласы жобасы арқау болды.

Зерттеуде Алатауды дамытуға қолдануға болатын басқарушылық және саяси сабақтар атап көрсетілген. Олардың қатарында мемлекеттік көшбасшылық пен жеке бастаманың тепе-теңдігін сақтау, құқықтық айқындық, сондай-ақ технологиялылықты әлеуметтік инклюзивтілік пен экологиялық тұрақтылықпен үйлестіру қажеттілігі бар.

Форумның күн тәртібіндегі екінші side event ҚСЗИ және Біріккен Ұлттар Ұйымының халық қоры (ЮНФПА) дайындаған екі аналитикалық баяндама ұсынылды: «Демографиялық төзімділік – даму стратегиясының қозғаушы күші: Қазақстан үшін перспективалар» және «Энергетиканың болашағы: жасыл сутегі».

Демографиялық төзімділік туралы баяндаманы ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская таныстырды.

Зерттеуде туу көрсеткіштері, өлім-жітім және көші-қон үрдістері талданады, сондай-ақ демографиялық факторлардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері қарастырылады.

Баяндаманың негізгі тұжырымдары — экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерді үйлестіретін теңгерімді шешімдердің маңыздылығын және Қазақстанның адами капиталын нығайту қажеттілігін көрсетеді.

Жасыл сутегі тақырыбындағы баяндаманы ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Бибігүл Өмірбаева ұсынды. Зерттеу жаһандық сутегі нарығын, негізгі халықаралық жобалар мен стратегияларды және жаңа энергетикалық саланы қалыптастырудағы Қазақстанның әлеуетін талдауға арналған.

Astana Think Tank Forum 2025 аясында таныстырылған барлық аналитикалық баяндамалар Орталық Азиядағы аналитикалық және ғылыми зерттеулерді біріктіру, алмасу және ілгерілету мақсатында құрылған ғылыми білімнің цифрлық платформасы InsightsCentral.Asia сайтында жарияланды.

Astana Think Tank Forum 2025-тің параллельді іс-шаралар сериясы Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуының басым бағыттарын талқылау үшін ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік институттар өкілдерін біріктірген маңызды сараптамалық алаңға айналды.