Энергетикалық ауысу – көмір, мұнай, газ сияқты дәстүрлі энергия көздерін пайдаланудан күн және жел энергиясы сияқты экологиялық таза энергетика көздеріне біртіндеп көшу процесі.
Бұл ауысудың мақсаты – қоршаған ортаның ластануын, парниктік газ шығарындыларын азайту және қазба отындарға тәуелділікті азайтып, жаңартылатын энергияны көбірек пайдаланатын тұрақты энергия жүйесін құру. Осы ауысулар бұрын инновациялық циклдарға, экономикадағы құрылымдық өзгерістерге сәйкес органикалық түрде жүрді.
Қазіргі ауысу бұрынғы энергетикалық ауысулардан айтарлықтай ерекшеленеді (мысалы, ағаштан көмірге немесе көмірден мұнайға). Әрине төмен көміртекті энергияға көшу – процестердің жылдамдығымен және ширек ғасырдан аз уақыт ішінде тез жүзеге асырылатын ауысу қарқынымен ерекшеленеді (сурет). Бұл жер бетіндегі орташа температураның жоғарылауына, климаттың өзгеру процестерінің жеделдеуіне байланысты және уақыт шеңберін айтарлықтай шектей отырып, төмен көміртекті саясатты жүзеге асыру үшін үкіметтерден айрықша күш-жігерді қажет етеді.
Сонымен қатар, қазба энергия көздерінен жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшу – энергетикалық жүйені, өндіріс құрылымын алдағы 20 жылда түбегейлі қайта құруды талап етеді. Одан бөлек, бірқатар қиындығымен қатар жүреді. Әсіресе табысы төмен елдерде тәуекел жоғары, осыған қарамастан экономикалық-әлеуметтік прогреске айтарлықтай мүмкіндіктер ашады.
Сурет. Энергетикалық ауысу кезеңдері.
Дереккөз: Vivid Economics based on data in energy transitions: Global and National Perspectives by Vaclav Smil (2017).
Демек, төртінші энергетикалық ауысу кезеңінде негізгі ағым – жаңа энергия көздерінің экономикалық тартымдылығы емес, сапалы жаңа фактор – жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрес және декарбонизация қажеттілігі.
Осы процестердің барлығы жаһандық ауқымдағы болашақ экономикалық дамуды сипаттайтын белгілі бір трендтерді қалыптастырады:
— экономикалық өсудің энергия тұтынудың ұлғаюына тәуелділігінің төмендеуі.
Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, соңғы жылдары әлемнің жетекші экономикаларында, соның ішінде АҚШ, ҚХР және ЕО-да энергияны бастапқы тұтыну іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Ал Ұлыбритания, Жапония және Германия сияқты елдерде ЖІӨ өсімі энергетикалық тұтыну көлемінің төмендеуімен қатар жүреді;
— құрылымдық өзгерістер әсерінен өнеркәсіптің энергия сыйымдылығын төмендету, технологиялық процестерді жетілдіру, тиімдірек жабдықтарды енгізу және т.б. Инновацияларға, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарға ресурстардың үлкен көлемін инвестициялайтын елдерде көбірек ілгерілеушілік байқалады. Мысалы, АҚШ, ЕО елдері, сондай-ақ Қытай сияқты ірі дамушы елдер. Ұлттық даму және реформалар комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, Қытайдың энергия сыйымдылығы 2013-2023 жылдар аралығында 26,4%-ға төмендеді;
— капиталдың энергияны көп қажет ететін салалардан энергияны аз қажет ететін салаларға ағыны.
Климаттық тәуекелдерді ескере отырып, тауарлар мен активтерді қайта бағалау – бизнестің стратегиялық көкжиегін кеңейтуді және капитал ағынын жаһандық декарбонизация мақсатына сәйкес келетін салалық активтерді қаржыландыруға бағыттауды талап етеді. ХВҚ мәліметтері бойынша, 2050 жылға қарай төмен көміртекті жобаларды инвестициялау 2020 жылғы 900 миллиард доллардан 2030 жылға қарай жылына 5 триллион долларға дейін арттыру қажет. Тиісінше, жасыл қаржы нарығы өседі. Spherical Insights & Consulting жариялаған зерттеуге қарағанда, 2023 жылы әлемдік жасыл қаржы нарығының көлемі 4,18 трлн долларға бағаланса, 2033 жылға қарай ол 28,71 трлн долларға жетеді деп болжанады;
— көлік секторында энергия тұтынуды болашақта жеделдей түсетін ЖІӨ бірлігіне азайту.
DNV (Халықаралық тәуекелдерді қамтамасыз ету және басқару ұйымы) деректеріне сәйкес, жаһандық көлік қызметі қазіргі кездегіден 9%-ға аз энергия жұмсайды және тасымалдау үшін мұнайды пайдалану 46%-ға азаяды. Сондай-ақ, жол жүгін теміржол көлігімен тасымалдауға, іштен жану қозғалтқыштарын өндіруден электромобильдер жасауға ауысуды атап өтуге болады;
— жаһандық өндірістік тізбектер мен тасымалдауды трансформациялау.
Жаһандық тасымал тізбегіне байланысты көміртегі шығарындылары басқа шығарындыларға қарағанда жылдамырақ өсуде. Сонымен қатар, заманауи тұтынушылар өз қажеттіліктерін қанағаттандыратын өнімді алуды ғана ойламайды. Олар этикалық нормаларға сәйкес келетін және экологиялық жауапкершілікке ие өндіріс пен жеткізу тізбегі бар өмірлерін жақсартатын өнімдерді алғысы келеді. Мәселені реттеу Сауда және көлік-транзит саясатының көптеген аспектілерін қайта қарауды талап етеді;
— еңбек нарығының өзгеруі.
Тұрақты энергия көзіне көшу қарқынын жеделдету – жоғары көміртекті секторлардағы жұмыс орындарын төмен көміртекті секторлардағы жаңа жұмыс орындарымен алмастыруға итермелейді. Ал жекелеген жұмыс орындары мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Еңбек нарығындағы мұндай трансформация жекелеген секторлардағы жұмыссыздық деңгейінің өсуімен, халық табысының төмендеуімен, әлеуметтік толқулармен қатар жүруі мүмкін. Мәселен, ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) деректері бойынша, 2030 жылға қарай энергетика секторында тұрақтылыққа қол жеткізу есебінен 18 млн жұмыс орны, ал циклдік экономиканы енгізу есебінен 6 млн жұмыс орны ашылуы мүмкін. Алайда, мұндай жағдайда, мұнай өндіру мен мұнай өңдеу, көмір өндіру мен көмірден электр энергиясын өндіру салаларында жұмыс орындарының қысқаруы болатыны белгілі.
Бізге белгілі трендтер көптеген мемлекеттің қазіргі кездегі өзгерістерінің тек азғана бөлігін ғана сипаттайды. Демек ұзақ мерзімді дамуда жүзеге асырылатын экономикалық саясат перспективаларын қайта қарау керек деген сөз.
Бұл жағдай әлем елдерінің ұлттық экономикалық жағдайларына тікелей оң және теріс әсер етеді. Нәтижесінде прогрессивті бөлік одан да алға жылжиды, ал аз прогрессивті бөлік бұрынғыдан да нашар жағдайда болуы мүмкін.
Осылайша, төртінші энергетикалық ауысу бір қарағанда әлдеқайда күрделі мәселелерге тап болған секілді. Мысалы, халықаралық сарапшылар, атап айтқанда Даниэль Ленин, кем дегенде төрт негізгі проблеманы анықтайды: энергетикалық қауіпсіздік, макроэкономикалық салдар, солтүстік пен оңтүстік арасындағы алшақтық және пайдалы қазбалардың шектеулілігі. Бұл мәселелерді жеңу оңай емес. Себебі олар өзара тығыз байланысы әрі бір-біріне тәуелді.
Қорытындылай келе, қазіргі энергетикалық ауысу – тек экономикалық қана емес, сонымен қатар көптеген мемлекеттің саяси динамикасын түбегейлі өзгертетін көптеген айқын және жасырын факторларға байланысты екенін атап өтеміз. Бұл олардан терең түсінуді және одан әрі дамудың оңтайлы стратегиясын таңдауды талап етеді.
Асель Абен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы