ҚР жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы аясындағы кездесулер легі Ресей Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының Президенті Александр Дынкинмен жалғасты.
Еркін Тұқымов форум тақырыбының өзектілігіне тоқталып, Қытай мен Үндістан әлемдік ЖІӨ өсімінің қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Қытаймен және өңірдің басқа да елдерімен әріптестіктің маңыздылығына, Азия бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше мән береді.
ҚСЗИ директорының айтуынша, форум Орталық Азия өңірін дамытудың әртүрлі аспектілерін талқылауға және ортақ шешімдер табуға мүмкіндік береді. Аймаққа айтарлықтай әсер ететін халықтың өсуі мен климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде ӘЭХҚИ президенті Александр Дынкин форумның тақырыбы шын мәнінде өзекті екенін және әлемдік экономиканың дамуы бүгінде Азиямен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ғылыми-талдау институттың басшысы ҚСЗИ сарапшыларын ресми түрде Мәскеудегі IX Примаков оқуларына шақырды. Кездесу барысында форум қатысушылары талдамалық әлемнің күн тәртібі, think tanks жұмысы сияқты бірқатар мәселелер бойынша көзқарастарымен және идеяларымен алмасты.
Сонымен қатар тараптар сараптамалық диалогты тереңдетуге және қос ел арасындағы қатынастарды дамытуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ жақында қайта құрылған Қазақстан-Ресей сараптамалық кеңесі пікір алмасу мен даму стратегияларын әзірлеу үшін маңызды алаң екені расталды. Қос тарап тұрақты және қолайлы ынтымақтастық қажеттігін атап өтіп, ортақ міндеттердің шешімін іздеуге және достық қарым-қатынасты дамытуды жалғастыруға дайын екенін білдірді.