Ағымдағы жылдың 16-17 қыркүйегінде ГФР канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары күтілуде. Сапарының себебі ҚР Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың Германия үкіметі басшысын елімізге келуге, сондай-ақ Астанада өтетін «Орталық Азия-Германия» екінші саммитіне қатысуға шақыруы болып табылады.
ГФР – Қазақстанның Еуропа құрлығындағы негізгі стратегиялық серіктесі. Бізді нығайтылған экономикалық ынтымақтастық, сенімді саяси қатынастар, экологиялық және гуманитарлық тәртіп мәселелерінде, оның ішінде халықаралық ұйымдар желісі бойынша тығыз өзара іс-әрекет байланыстырады. Тарихи отанында қонақжай қазақ жеріне деген жылы сезімдерін сақтап қалған миллионға жуық Қазақстаннан неміс қоныс аударушыларын «Достықтың алтын көпірі» деп атайды.
Екіжақты қатынастар шеңберінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалар айтарлықтай өсуді көрсетеді.
Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 3,9 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 41%-ға жоғары.
Бұл ретте Қазақстаннан Германияға экспорт 3,1 есеге (742,3 млн доллар) ұлғайды. Қазақстан экспортының негізгі үлесі мұнай мен мұнай өнімдеріне, көмірге, ферроқорытпаларға, фосфорға, балық филесіне, ұшу аппараттарына тиесілі болды.
Германиядан Қазақстанға импорт 2023 жылы 41,2%-ға өсіп, 3,1 млрд долларды құрады. Тауар ассортименті негізінен фармацевтикалық құралдардан, медициналық жабдықтардан, автомобильдерден, ауылшаруашылық машиналарынан, тракторлардан, тіркемелерден және жартылай тіркемелерден, мотор және майлау майларынан, сорғылардан және бу қазандықтарынан тұрды.
Жалпы, Қазақстанға ГФР-ның Орталық Азиямен тауар айналымының 83%-ы тиесілі, бұл Астананы өңірдегі Берлиннің негізгі экономикалық серіктесі етеді.
Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Әлемдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Svevind неміс-швед компаниясының Маңғыстау облысында жасыл сутегі өндіретін кластерін құру (инвестиция көлемі — 50 млрд доллар). Bergbau AG холдингі ШҚО-да литий (500 млн доллар) өндіретін зауыт және т. б. салуды жоспарлап отыр. 2023 жылы Германия Қазақстанды инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі бекітілген 34 елдің тізіміне енгізді.
Сапар барысында федералды канцлермен бірге жоғары деңгейдегі іскер топ келетінін ескере отырып, Қазақстан астанасында келіссөздерден сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жаңа келісімдер жасасуды күтуге болады. Атап айтқанда, ГФР үкіметінің ресми өкілі Ш. Хебештрайттың айтуынша, бұл ғылым, экономика, энергетика, коммуникация және шикізат саласындағы ынтымақтастық туралы болмақ. Германияның қажеттіліктерін және ЕО-ға аса қажетті материалдарды жеткізу саласында келісімнің болуын ескере отырып (Қазақстанда ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 шикізаттың 19-ы өндіріледі), келіссөздер осы саладағы ынтымақтастыққа әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, химия, машина жасау және т. б. салаларындағы жаңа жобаларды талқылау күтілуде. «Батыс – Шығыс» желісі бойынша тұрақты коммуникация жобасы ретінде жаһандық стратегиялық мүддені білдіретін Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік магистралі) перспективалары Қазақстанның еуропалық әріптестермен, оның ішінде Германиямен келіссөздерінің тұрақты константасы болып табылады.
Саяси тұрғыдан ҚР-да жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар мен ГФР-дағы сайлаудан (а.ж. 2 қыркүйегінде өткен Саксония, Тюрингия және Бранденбургтегі жергілікті сайлау) кейінгі ахуал аясында екі елдің ішкі саяси жағдайы мәселелерін талқылауды күтуге болады. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі сапарлар, әдетте, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуды көздейді – бұл жағдайда Украина мен Таяу Шығыстағы бейбіт процесті жеделдету перспективалары, Қазақстан мен Германияның осы процестерді ілгерілетудегі делдалдық мүмкіндіктері, сондай-ақ, ағымдағы айдың соңына жоспарланған БҰҰ-ның Болашақ саммитінің идеяларына қатысты тараптардың ұстанымдары туралы.
Қазақстан Германияның экология, климатты қорғау және орнықты даму саласындағы бастамаларына жоғары қызығушылық танытып отыр. Берлин 2007 жылы аймақтың су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға бағытталған Орталық Азия бойынша су бастамасын көтерді. Оның табиғи жалғасы мен дамуын 2019 жылы басталған ГФР-ның «Жасыл Орталық Азия» жаңа бастамасы деп санауға болады. Ол Германия үкіметінің қолдауымен экология және тұрақты даму мәселелерінде Орталық Азияның бес мемлекетінің кооперациясын көздейді.
Сондай-ақ, Германияның бүкіл Орталық Азия аймағымен ынтымақтастығын дамыту аясында Шольц сапарының маңыздылығын атап өткен жөн. Астана Орталық Азия астаналарының біріншісі болып осы форматтағы саммитті қабылдайды, бұл Қазақстанның сыртқы акторлармен өңірлік ынтымақтастық үдерістеріндегі жетекші рөлін көрсетеді. Сонымен қатар Германия мен ЕО үшін Орталық Азия бай және алуан түрлі шикізат ресурстарын, адами әлеуетті, транзиттік-көлік мүмкіндіктерін, сондай-ақ сатып алу қабілеті өсіп келе жатқан және тиімді сауда ұсыныстары бар ортақ экономикалық нарықты қамтитын біртұтас «организм» ретінде қызығушылық тудыратыны анық.
Бұл тұрғыда Германияның Қазақстанмен және басқа да Орталық Азия елдерімен байланысының жандануы айқын көрінеді. 2023 жылы ҚР мен ГФР арасында жоғары деңгейдегі сапарлар алмасуы болды: маусым айында Қазақстан мен Қырғызстанға ГФР Президенті Ф.-В. Штайнмайер келді, ал қазақстандық көшбасшы Германияға екі мәрте барды – қыркүйекте Берлинде өткен «Орталық Азия + ГФР» форматындағы бірінші кездесуге қатысу үшін, қараша айында – жеке ресми сапармен. Сол жылы Өзбекстан президенті Ш. Мирзиеев Германияға екі рет сапармен барды, өз кезегінде канцлер О.Шольц Астанаға келмес бұрын ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Ташкентке соғады. Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары С. Жапаров пен Э. Рахмон да өткен жылғы Берлин саммитіне қатысқан болатын.
Жалпы, ГФР Федералдық канцлері О.Шольцтың Астанаға алдағы сапары қазақстан-неміс қатынастарының дамуына және Орталық Азия мен Германия ынтымақтастығының жаңа сапалы деңгейге шығуына серпінді екпін береді деп болжауға болады.
Ербулат Сейлеханов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері