Осы күндері Сиань қаласында Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов «Еуразиялық экономикалық кооперация: жаңа дәуір» талдау орталықтарының субфорумында сөз сөйледі.
ҚСЗИ директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауымен ел экономикасының терең трансформациясын іске қосқанын және онда өңдеу өнеркәсібі шешуші рөл атқаратынын айтты. «Бұл даму векторы инвестицияларды, көлік коммуникацияларын, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды тарту мәселелері бойынша халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуді талап етеді», – деді ол.
Институт басшысының баяндамасы Азияның инновация көзі ретіндегі рөлі, Орталық Азияның логистикалық мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстандағы ХХІ ғасыр өнеркәсібі экономикасының даму перспективалары сияқты тақырыптарға арналды.
Осылайша Еркін Тұқымов әлемдегі патенттер саны бойынша Азия үлесінің өсу үрдісіне тоқталып, Қытайдың осы саладағы өсіміне баса назар аударды. Сондай-ақ ҚСЗИ басшысы электрондық коммерцияның өсіп келе жатқан рөлін және оның өңір елдері үшін мүмкіндіктерін атап өтті. «2022 жылдың қорытындысы бойынша Азия үлесіне әлемдік онлайн бөлшек саудадан түскен табыстың 51,1%-ы тиесілі. Өңір елдері робототехника мен электрондық коммерцияны қоса алғанда, цифрлық технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша жетекші орында тұр», – деді институт басшысы.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Орталық Азияның логистикалық әлеуетін дамытудағы орта дәліздің маңызы зор екенін айтты. Ол Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуда Орта дәліз маңызды қозғаушы күш бола алатынына сенім білдірді. Аймақ елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында Қытайдан Еуропаға транзиттік уақыттың қысқарғаны таңғалдырды. Осы орайда транзиттік уақыттың 53 күннен 19-23 күнге дейін үш есе қысқарғаны туралы айта кету керек. Сонымен қатар Орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында 1,3 миллион тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың бірінші жартыжылдығынан 1,8 есе көп.
Сонымен қатар Еркін Тұқымов орта мерзімді перспективада Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі жылына 10 миллион тоннаға жететініне үміт білдірді. Бұл жетістіктер Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын нығайту үшін Орта дәліздің маңызы мен әлеуетін көрсетеді.
ХХІ ғасырдағы Қазақстанның өнеркәсіптік экономикасының даму перспективалары туралы айта келе, ҚСЗИ директоры ОА мен Қытай арасындағы бірлескен жобалар өңірлік тұрақтылыққа салынған инвестиция екенін айтты. «Қытай – Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің «зәкірлік» экономикасы. Өңірімізде «Белдеу және жол» қызметін кеңейту Орталық Азия мен Қытай арасындағы өзара байланысты қалыптастыратын болады. Электр автомобильдерін, мобильді құрылғыларды, тұрмыстық техниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, роботтарды және басқа да техниканы өндіру үшін негізгі құрамдас бөліктерге айналуы мүмкін шикізат пен басқа да резервтердің қорларын ескере отырып, Қазақстан ХХІ ғасырдың өнеркәсіп экономикасын құруға әбден сене алады. Сондықтан Қазақстанды IT-технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық қызықтырады», – деді Е.Тұқымов.
Еске сала кетейік, «Орталық Азия – Қытай» талдау орталықтарының үшінші форумы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Аталған форумда ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев «Алуан түрлі өркениеттердегі жаңғырту» тақырыптық сессиясы аясында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстандағы экономикалық өзгерістер инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын дамыту және бірлескен инфрақұрылымдық жобалар саласында белсенді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететінін айтты.
Сондай-ақ А. Құрмашев Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне назар аударды. Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы және болашақта Түркі мемлекеттерінің ұйымы сияқты түрлі халықаралық ұйымдардың төрағасы бола отырып, Азиядағы бейбітшілік пен әл-ауқатты қолдау үшін ерекше жауапкершілікті өз мойнына алады.
Мұның бәрі Қазақстанның өңірлік және халықаралық бастамаларға белсенді қатысушы ретіндегі маңызын және оның өңірдегі ынтымақтастық пен тұрақтылықты дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысын көрсетеді.