Азамат Жансейтов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен
жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы,
ҚСЗИ-дың Қарағанды облысындағы өкілі
Қазақстандағы моноқалалар көбінесе индустриялық мұраның құлдырауы, әлеуметтік тоқырау мен халықтың көшіп кетуімен сипатталады. Алайда Саран қаласының тәжірибесі көрсеткендей, ойластырылған қадамдар мен кешенді қолдаудың арқасында индустриялық кезеңнен қалған моноэкономика да көпсалалы даму орталығына айналуы мүмкін.
2019-2020 жылдары Саран қаласы Қазақстандағы көптеген моноқалаларға тән жағдайда болды. Экономика тұрғын үй-коммуналдық және көлік секторындағы шектеулі кәсіпорындарға негізделді. Жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша, әсіресе әйелдер мен жастар арасында, орташа көрсеткіштен үнемі жоғары болды. Инфрақұрылымның күйі нашар еді: инженерлік желілердің, жолдардың және жылыту жүйелерінің тозуы 60%-дан асты. Бұл жаңа өндірістердің іске қосылуын және кәсіпкерліктің дамуын айтарлықтай тежеді.
Дегенмен проблемалар тек физикалық сипатқа ие болған жоқ. Институционалдық басқару деңгейінде де әлсіздік байқалды: шағын бизнесті қолдайтын құрылымдар, инвесторларды қолдайтын тиімді тетіктер және стратегиялық жоспарлауға қажетті аналитикалық база болмады. Сонымен қатар қалада белгілі бір артықшылық болды: Қарағанды мен Теміртау арасында географиялық тұрғыда тиімді орналасуы, сондай-ақ негізгі коммуникациялары бар бос өнеркәсіптік алаңдардың бар болуы. Мұның бәрі саяси ерік пен ойластырылған қолдау болған жағдайда индустриялық өсуді бастауға негіз қалады.
2020-2024 жылдары қала тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Саран ұйқыдағы моноқаладан белсенді дамып жатқан индустриялық орталыққа айналды. Өзгерістердің катализаторлары осылар болды:
- республикалық және облыстық деңгейде бірізді жүзеге асырылған мақсатты мемлекеттік инвестициялар. Негізгі қадамдардың бірі «Саран» индустриялық аймағының құрылуы болды. Бұл тек инженерлік инфрақұрылыммен ғана емес, сонымен қатар инвесторларға арналған әкімшілік пен салықтық преференцияларды қамтамасыз етумен қатар жүрді. Жекелеген индустрияландыруға қарағанда, жаңа өндірістік аймақ кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық пен өңірлік логистикалық тізбектерге енуге бағытталған біртұтас жүйе ретінде дамыды;
- инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. Саран инженерлік желілерді, жолдарды, жылумен жабдықтау мен су тартуды жетілдіру үшін республикалық қаржы алды. Бұл инфрақұрылымдық шектеулерді жойып, бизнес пен инвесторлар үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
- мамандар даярлаудағы өзгерістер. Қала жаңа өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сай мамандарды қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша пилоттық алаңға айналды. Бұл шаралар бұрын еңбек нарығына тартылмаған топтарды, соның ішінде жастар мен әйелдерді, қатыстыруға мүмкіндік берді;
- басқару жүйесін жаңарту. Негізгі басшыларды ауыстыру, әкімдіктің қызметін тек басқару емес, қолдау бағытына бұру, сонымен қатар проактивті жоспарлау мен мониторинг элементтерін енгізу жергілікті деңгейде басқарушылық формализмнен нақты экономикалық саясатқа көшуге ықпал етті.
2025 жылға қарай Саран дотацияға тәуелді өмір сүру кезеңінен шығып, индустриялық өсудің жаңа фазасына өтті. 2023-2024 жылдар аралығында өнеркәсіптегі жұмыс орындарын құру қарқыны облыстағы орташа көрсеткішінен 17%-ға жоғары болды. Ең жағымды үрдістердің бірі көші-қон ағынының, әсіресе жас мамандар арасындағы көшіп кету көрсеткішінің, азаюы болды. Бұрын қаладан кеткен білікті кадрлардың қайта оралу жағдайлары да тіркелді.
Қаланың жаңа болмысы біртіндеп қалыптасып келеді. Саранда IT-орталықтар, спорт алаңдары және жастарға арналған орындар ашыла бастады. Мұның бәрі қалалық ортаның сапалы түрде жаңаруына негіз қалайды. Қызмет көрсету нарығының жандана бастауы мен халықтың төлем қабілеттілігінің артуы – экономиканың қалпына келе бастауының қосымша көрсеткіштері.
Дегенмен бірқатар қауіптер әлі де сақталып отыр. Жұмыспен қамту деңгейі негізінен өнеркәсіп салаларында шоғырланған, ал қызмет көрсету секторы мен цифрлық жұмыспен қамту нашар дамып келеді. Білікті мамандар мен заманауи технологиялар жетіспейді, сол үшін денсаулық сақтау және білім беру жүйелері күрделі жаңартуды қажет етеді. Басқару мен қалалық инфрақұрылымды цифрландыру деңгейі төмен болғандықтан, оны ілгерілету үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек.
Саран тәжірибесі көрсеткендей, моноқаланы трансформациялау бірнеше маңызды шарттар орындалғанда ғана мүмкін болады.
Біріншіден, стратегиялық жоспарлау жеке жобаларға емес, тұтас индустриялық орталықты қалыптастыруға бағытталуы керек.
Екіншіден, инфрақұрылымдық дайындық инвестордың келуінен бұрын жүргізілуі тиіс, яғни кейінге қалдырылмауы керек.
Үшіншіден, жергілікті билік органдарының рөлі ерекше маңызды, себебі олар әкімшілік рөлімен ғана шектеліп қоймай, экономикалық өсуді ілгерілету үшін белсенді түрде үлес қосуы керек.
Сонымен қатар өндіріс саласының нақты сұранысына негізделген мамандарды даярлау шаралары өз тиімділігін көрсетті. Моноэкономикадан бір сәтте бас тартудың орнына жаңа салаларды кезең-кезеңімен дамыту өтпелі кезеңнің тұрақтылығын қамтамасыз етті.
Басқа моноқалалар үшін ең алдымен инфрақұрылым мен қолдаушы топ алғашқы инвесторлардан да маңызды екенін түсіну қажет. Жергілікті ресурстарды, логистиканы, халық құрылымын және кәсіпкерлік мәдениетті ескермей, өзге қалалардың үлгілерін көшіру дамудың көрінісін ғана жасап, шынайы ілгерілеуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ халық, бизнес және билік арасындағы сапалы коммуникация қажет, бірақ ол есеп беру түрінде емес, диалог, цифрлық кері байланыс және бірлескен жоспарлау форматында болуы керек.
Қорытындылай келе, сұранысы, мамандары мен логистикалық байланыстары жоқ қарапайым индустрияландыру тұрақты нәтиже бермейтінін атап өткен жөн. Индустриялық аймақты ілеспе қолдау институттарынсыз формалды түрде ашу тоқырау қаупін тудырады. Жедел «дамуға» ұмтылу барысында әлеуметтік пен экологиялық салдарды ескермей қою бұрынғы қателіктердің жаңа қаптамада қайталануына себеп болуы мүмкін.