Соңғы жылдар ішінде әлем өзгерді. Білім, ақпарат пен технологияларды білу қазіргі қоғамда маңызды ресурстарға айналуда. Ғылым білім өндірісіне айтарлықтай үлес қосады, дамуға ықпал етеді және жаһандық жарыста елдерге бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі.
Қазақстандық қоғамда білім мен ғылыми білімнің құндылығы басымдылыққа ие. Деректер бойынша, азаматтардың білім деңгейі өсуде. Осылайша, 2010 жылы Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың білімі негізінен орта деңгейде (42%) болса, 2021 жылы техникалық және кәсіптік білімі барлар саны – 43%, жоғары білімділер – 40%. Зиялылықтың өсуімен қатар, ғылым саласында тікелей жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны артты. 2000 жылдардың басында ғылым қызметкерлерінің саны 15 мың адамнан аспады, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 22,5 мыңға дейін өсті. Айта кететін жайт, сандық көрсеткіштер ғана емес, сапалық көрсеткіштер де өсуде. Осылайша, ғылыми қызметкерлердің құрылымында ғылыми дәрежесі барлардың саны артты. Ғылым докторлары – 8%, философия докторлары PhD – 11% және ғылым кандидаттары – 18%.
Бір қызығы, ғылым қызметкерлерінің гендерлік өкілдігі де өзгеруде. Көптеген әйелдер академиялық біліктілікке ие болып, ұзақ уақыт бойы ер адамдардың құзыреті болып келген ғылыми салада жұмыс істейді. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, әйелдер бүкіл әлем бойынша ғылыми қызметкерлердің шамамен 30% құрайды. Әсіресе, әйелдер әлемдік жұмыс күшінің 49% құрайтын Life sciences industry сияқты кейбір кіші секторларда прогресс байқалады. Қазақстанда әйелдер санының артуына қатысты алшақтық соңғы онжылдықта күшейе түсті. Статистикаға сәйкес, 2013 жылы зерттеуші мамандардың саны бойынша әйелдер/ерлер арақатынасы – 51,5% те 48,5% болса, 2021 жылы 54,5% әйел адамдар және 45,5% ер адамдар болды.
Дегенмен, бұл зерттеулер мен әрекеттердің гендерлік бағдары өзгеруі мүмкін екенін көрсетсе де, олардағы әйелдердің позициялары әлі де ерлерге қарағанда төмен. Бұл бағыттағы маңызды қадам Мемлекет басшысының Өкімімен Күнсұлу Закарияны ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының президенті етіп тағайындау болды. Бұл – Ғылым академиясының тарихында әйел адамның осы лауазымға тағайындалуының екінші жағдайы. Қазіргі уақытта ҚР ҰҒА академиктері арасында әйелдердің өкілдігі небәрі 10%, корреспондент-мүшелер арасында сәл артық – 22,4%. Бұл деректер ЮНЕСКО мәліметтері бойынша ұлттық ғылым академиялары мүшелерінің тек 12%-ы әйелдер болып табылатын жалпы әлемдік тенденциямен байланысты. Сонымен қатар, табысы төмен елдерде олардың үлесі одан да аз. Дегенмен, ғылым мен ғылыми білімнің құндылығын түсіне отырып, біз мүмкіндіктердің теңдігіне және азаматтардың әртүрлі санаттарын ғылымға тартуға ұмтылуымыз керек.
Гүлназ Қасымова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу
бөлімінің жетекші сарапшысы