Skip to content
Басты бет » Қазақстан-Қытай әріптестігін нығайту: университеттер өкілдерімен кездесу

Қазақстан-Қытай әріптестігін нығайту: университеттер өкілдерімен кездесу

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қытайдың Еуразия құрлығын зерттеумен айналысатын беделді университеттерінің делегациясымен кездесу өтті. Қонақтар қатарында Қытай Халық университетінің Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының, Ұлттық даму және стратегия академиясының өкілдері және басқалар болды.

Қонақтарды қарсы ала отырып, ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы маңызды кезең Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» III форумы болғанын атап өтті: «Форумда Қазақстан мен Қытай басшылары инвестициялық келісімдерді, сауда келісімшарттарын, технологияларды өндіріске тапсыруды, несиелік желілерді ашу туралы келісімдерді қоса алғанда, жалпы құны 16,54 миллиард долларды құрайтын 30 коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл құжаттар, әрине, елдер арасындағы қатынастардың дамуына жаңа серпін береді».

Өз кезегінде Қытайдан келген әріптестер жасыл энергетиканы, күн технологияларын дамыту және энергетикалық жобалардың өзара байланысын ілгерілету аясындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Сонымен қатар тараптар көлік маршруттарын дамыту тақырыбын қозғады. ҚСЗИ сарапшылары біздің еліміз халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналуға зор күш салып жатқанын атап өтті. Қытайдан Еуропаға бағытталған барлық жерүсті транзиттік тасымалдардың 85 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Мәселен, соңғы 15 жылда транзиттік-көлік саласын дамытуға 35 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалды.

Кездесуде инфрақұрылымды дамыту және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қол жеткізу мәселелері талқыланды. Тараптар қос ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту мақсатында диалог пен ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.