2024 жылғы 25 маусым күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Ирактың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Джабер Наджм Абдулла әл-Тамимимен кездесу өтті.
Екі елдің ғылыми орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту – елші сапарының басты мақсаты. Джабер Наджм Абдулла әл-Тамими мырза Ирактың жетекші think tank-ы «Әл-Нахрейн» стратегиялық зерттеулер орталығымен ғылыми-сараптамалық байланыстар орнату және тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екі елдің сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығын атап өтті. Бұл біздің мемлекеттік органдарға, бизнеске және азаматтарға өзара тиімді ынтымақтастық пен әріптестік орнату бағытын іске асыру үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктер табуға мүмкіндік береді.
«Ирак бүгінде оптимизм мен болашақ жоспарларға толы, өйткені біз жалпы елде қауіпсіздік пен тұрақтылықты орната алдық», – деп атап өтті Джабер Наджм Абдулла әл-Тамими. Қазіргі уақытта Ирак үкіметі Түркия, Иран, Катар және БАӘ-мен ынтымақтастықта елдің оңтүстік және солтүстік аймақтарын интеграциялау бойынша ірі жол-инфрақұрылымдық жобаны белсенді түрде жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру саясатын жүргізуде. Оның айтуынша, Ирак жыл сайын 4 млн тонна астық өсіреді, бірақ Қазақстаннан қосымша 4 млн тонна астық импорттағысы келеді. Сыртқы аренада Ирак аймақтағы медиация мен делдалдыққа бағытталған теңдестірілген сыртқы саясатты ұстанады, бұл, мысалы, Ирактың Түркияны Парсы шығанағы елдерімен татуластыруға белсенді ықпал етуінде көрініс тапты.
Өз кезегінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстанда, әлемнің кез келген жеріндегідей, жоғарыда аталған сыртқы саяси стратегияның құндылығы мен маңыздылығын жақсы түсінетінін және бөлісетінін атап өтті. Себебі еліміз сыртқы аренада, оның ішінде делдалдық бастамалар бөлігінде табыстарды көрсете отырып, теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясатты ұзақ жылдар бойы дәйекті түрде жүргізіп отыр.
Айта кететін жайт, бүгінде қос ел қатынастарының дамуы біртіндеп оң қарқын алуда. Өзара әрекеттестіктің негізгі бағыттары сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салаларда шоғырланған. Қазақстан Иракты Парсы шығанағы аймағындағы перспективалы сауда серіктесі ретінде қарастырады, ал қазақстандық кәсіпкерлер отандық өнімді Ирак нарығына экспорттауға мүдделі. Елдер арасындағы саяси өзара әрекеттестік мен диалог халықаралық ұйымдар – БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде де дамуда.
Тараптар сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайды және оның халықаралық күн тәртібіне әсерін талқылап, жанжалдың аймақтағы басқа елдерге таралу ықтималдығына алаңдаушылық білдірді.