Қазақстан өз экономикасын шикізаттық бағыттан өңдеу өнеркәсібіне айналдыруға күш салуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауы арқылымемлекеттік және жеке сектордан сараптамалық қатысуды талап ететін ел экономикасының терең трансформациясын іске қосты.
Осыған байланысты Кореяның «экономикалық ғажайып» тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше қызығушылық тудырады. Осылайша, «Корея өнеркәсібін дамыту тәжірибесін Қазақстанның болашағын пайымдауда қолдану мүмкіндіктері мен шектеулері» тақырыбындағы семинар Кореяның дамушы мемлекеттен дамыған мемлекетке дейінгі жолын тақырыптық талқылау үшін әртүрлі салалардан сарапшылар мен мамандарды жинады. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шара сараптамалық мемлекетаралық диалогты нығайтуға арналған.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстанның инвестициялық әлеуетін кеңейтудің маңыздылығына ерекше көңіл аударды. Елімізде қазақстандық адами капиталдың өсуіне ықпал ететін, сондай-ақ елдің экономикалық дамуына серпін беретін Оңтүстік Корея инвестицияларының қатысуымен бес жүзге жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Корея Республикасы арасында жалпы сомасы 4,5 миллиард долларды құрайтын 58 бірлескен инвестициялық жоба бар. Корея Республикасы Қазақстан экономикасына инвестициялар көлемі бойынша 6-шы орында. Бұл сандар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму үшін зор әлеуеті бар екенін көрсетеді.
Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ-ик мырза Корея материалдық көмек алатын әлемнің ең кедей елдерінің бірінен экономикалық тұрғыдан мықты державаға айналып, елді демократияландыру мен индустрияландыруда жетістікке жеткенін атап өтті. Аталған семинар арқылы Қазақстанмен өздерінің даму тәжірибесімен бөлісу өте маңызды екенін қоса айтты.
Сондай-ақ елші мырза Қазақстан өз елі үшін сауда айналымының (2022 жылы 6,5 млрд АҚШ доллары) және Орталық Азиядағы инвестициялардың 70%-ын құрайтын негізгі серіктес екенін атап өтті. «Қосылғанның – қолы ұзын, қос керуеннің – жолы ұзын» деген қазақ мақал-мәтелін келтіре отырып, биылдипломатиялық қатынастардың орнағанына 31 жыл толуына орай стратегиялық әріптестікті нығайту және тереңдету бойынша бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдірді.
Семинарда тәжірибе мен білім алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Қос елсарапшылары өңдеу өнеркәсібін дамытудың әртүрлі аспектілерін, өндіріс пен басқаруға инновациялық тәсілдерді, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ортаны құру тәжірибесін талқылады. Бұл талқылаулар Қазақстан Корея тәжірибесінен ескеруі тиіс негізгі тұстарды анықтауға мүмкіндік берді.
Спикерлер қатарында Йонсей университетінің Жоғары Экономика мектебінің профессоры Ким Джин-гук, ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов, ҚСЗИ Еуропалық және азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов, Назарбаев университеті профессорының ассистенті Го Хо-юн және басқалар сөз сөйледі. Модератор ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев болды.
Семинарда екі ел арасындағы ғылыми-сараптамалық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Қазақстан мен Кореяның жетекші талдау орталықтарының қатысуымен өтетін сараптамалық диалог экономика мен басқа салалардағы мәселелерді шешудің неғұрлым тиімді стратегиялары мен тәсілдерін әзірлеуге ықпал етуі мүмкін.