Әсел Әбен,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ экономикалық саясатты
талдау бөлімінің бас сарапшысы
Жаһандық климаттық дағдарыс пен халықаралық реттеудің күшеюіне орай көміртегі нарықтары экологиялық трансформацияның маңызды құралына айналуда. Қазақстан мен Қытай парниктік газдар шығарындыларымен сауда жасау жүйелерін (ШСЖ) әзірлеп, енгізуде. Бұл осы елдердің климаттық мақсаттарына қол жеткізуге және ЕО-ның трансшекаралық көміртек салығы (Carbon Border Adjustment Mechanism, CBAM) сияқты жаңа талаптарға бейімделуге бағытталған. Масштабтағы, саяси-экономикалық контекстегі және технологиялық жетілу деңгейіндегі айырмашылықтарға қарамастан, екі мемлекет те көміртегі нарығының өзіндік архитектураларын құру арқылы климаттық жауапкершілікке деген ұмтылысын көрсетіп отыр.
Қазақстан – жергілікті ШСЖ және көміртегі бейтараптығының амбициясы
Қазақстан Орталық Азияның көміртекті көп қажет ететін экономикаларының бірі бола отырып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ұмтылатынын мәлімдеді. Белгіленген мақсатқа жетудің маңызды элементі – шығарындылар квоталары мен көміртегі бірліктерінің дамыған сауда жүйесі. Бұл бағыттағы алғашқы қадам 2013 жылы, өзінің ШСЖ-сі (ТМД-да алғаш рет) енгізілген кезде жасалды. Әрі қарай жүйе бірнеше кезеңнен өтті: іске қосу, реформалау мақсатында тоқтата тұру (2016-2017), MRV мониторингі, есеп беру, верификация стандарттарын жаңарту және енгізу (2018-2021). MRV жартылай автоматты немесе қолмен басқару режимінде жұмыс істейді, дегенмен цифрлық платформаны құру мақсатында жұмыстар іске асырылуда.
Бүгінгі таңда қазақстандық көміртегі бірлігі сауда жүйесі 200-ден астам компанияны қамтиды және ел шығарындыларының шамамен 50% құрайды. Қамту аясында энергетика және өнеркәсіп секторлары қарастырылғанымен, ауыл шаруашылығы немесе қалдықтарды басқару сияқты маңызды көздер бұл жүйеден тыс қалып отыр. Бір көміртегі бірлігінің бағасы төмен – бір тонна CO₂-үшін 1-2 АҚШ доллары, бұл көміртексіздендіруді кең көлемде жүзеге асыруға түрткі болмайды. Сарапшылар атап өткендей, төмен көміртекті жобаларды тиімді ынталандыру үшін көміртегі бірлігі бағасының қажетті деңгейі 20 АҚШ доллары ⁄ CO2 т көрсеткішінен басталуы керек.
Басым бағыттардың бірі ерікті көміртегі нарығын (Voluntary Carbon Market, VCM) дамыту болды. 2023 жылы Қазақстан VERRA және Gold Standard халықаралық стандарттарына сәйкес келетін ерікті көміртегі бірліктері жүйесін құратыны жариялады. Бұл шығарындыларды азайту жобаларына жеке инвестицияларды тартуға және экспорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл үрдістерде орнықты қаржыландыру саласындағы бастамаларды және көміртегі бірліктерінің ұлттық тізілімін әзірлеуді ілгерілететін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) маңызды рөл атқарады. AIFC сонымен қатар Еуразиялық кеңістігінде шетелдік инвесторларды тарту және квоталармен сауда жасау хабы ретінде қарастырылады [1].
Алайда Қазақстанның қолданыстағы ШСЖ-сі бірқатар сын-қатерлерге тап болуда. Оларға сауда белсенділігінің төмен деңгейі, өтімділіктің шектілігі, цифрландырудың әлсіздігі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі мен есеп беру әдістемелерінің әртүрлілігін жатқызуға болады.
Қытай – жаһандық деңгейдегі ең ірі эмитент пен стратег
Қытай – әлемдегі ең ірі CO₂ эмитенті (жаһандық шығарындылардың шамамен 30%-ы). 2020 жылы ҚХР 2030 жылға қарай шығарындылардың шыңына және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету мақсатын жариялады. Қазақстандағыдай, қытайлық ETS кезең-кезеңімен қалыптасты: 2013-2017 жылдары сегіз провинцияда пилоттық схемалар сыналды, содан кейін 2021 жылы электр энергетикасы секторының 2000-нан астам кәсіпорынын қамтитын ұлттық жүйе іске қосылды (ел шығарындыларының шамамен 40%-ы). Жақын арада Қытай ШСЖ-сі болат құю, цемент, химия және авиация салаларын қосу арқылы кеңейтілетін болады. Қазірдің өзінде 100 негізгі өнім бойынша көміртек ізін есептеу стандарттары әзірленіп жатыр, ал 2030 жылға дейін бұл тізімді 200 өнімге дейін кеңейту жоспарлануда.
2023 жылы ШСЖ-н басқару бойынша ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Бұл нақты уақыттағы деректерді жинап өңдеуге, ауытқуларды анықтауға, үлкен деректер технологиялары мен жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Жүйеге реттеуші органдар, кәсіпорындар, техникалық тексерушілер қатысады. Осының арқасында деректермен жасалатын манипуляциялар айтарлықтай қысқарып, жүйеге деген сенім артты. Бір тонна CO₂ бағасы 10 АҚШ долларынан асады, ал 2030 жылға қарай баға 30-50 АҚШ долларына дейін өсетіні жайлы болжам бар. Жүйе жоғары деңгейдегі стандарттау және халықаралық климаттық мақсаттармен үйлесуді көрсетеді [2].
Қытай халықаралық критерийлерге сәйкес келетін China Certified Emission Reduction (CCER 2.0) ерікті өтемақы бірлігі нарығын да қалпына келтірді. Бұл бірліктер кәсіпорындарға өз міндеттемелерін өтеуге мүмкіндік беріп, экспортқа бағытталған климаттық жобалар аясында пайдаланылады.
Сонымен қатар Қытай BRI бастамасы аясында өзінің тәсілдері мен стандарттарын белсенді түрде экспорттайды. ШСЖ үйлесімділігі және офсеттермен алмасу мәселелері бойынша серіктес елдермен келіссөздер жүргізілуде. Бұл ШСЖ-н ішкі көміртексіздендіру құралы ғана емес, сонымен қатар ҚХР-ның геоэкономикалық әсерінің маңызды элементі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы контекст және сын-қатерлер
Екі ел де шығарындыларға шектеу қою және квоталармен сауда жүргізуді көздейтін cap-and-trade моделін қолданады. Бұл модель мониторинг, есептілік және верификация (MRV) рәсімдерімен қатар жүреді, сондай-ақ ШСЖ-ны біртіндеп жаңа салаларға кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Алайда бірталай айырмашылықтар бар: Қытайда орталықтандырылған басқару, дамыған цифрлық инфрақұрылым және нақты нормативтік базадан тұратын әлемдегі ең ірі ШСЖ жүйесі бар. Қазақстандық жүйе болса, ауқым жағынан өңірлік деңгейде қалып отыр, сондай-ақ стандартталуы төмен және жеткілікті деңгейде автоматтандырылмаған.
ЕО CBAM сияқты халықаралық механизмдер тарапынан қысымның күшеюіне байланысты Қытай көміртегі ізін сертификаттауды және экспортқа бағытталған климаттық стандарттарды ілгерілетуде, ал Қазақстан ШСЖ-ін реформалау мен есептіліктің ашықтығын арттыру бойынша қадамдар жасауда.
Екі ел де ортақ сын-қатерлерге тап болып отыр: көміртекті көп қажет ететін салалардың қарсылығы, білікті кадрлардың тапшылығы, автоматтандырылған бақылау жүйелерінің болмауы және есептеу әдістемелерінің жетілмегендігі секілді. Дегенмен, Қытай неғұрлым жетілген, жан-жақты тәсілді көрсетіп отыр және қазірдің өзінде жаһандық позициялау және өнеркәсіпті жаңғырту құралы ретінде ШСЖ-ін пайдаланады. Қазақстан әзірге өз жүйесінің іргетасын қалауда, бірақ цифрландыруды, ерікті нарықты дамытуды және есептілік сапасын арттыруды қоса алғанда, үздік тәжірибелерді бейімдеу үшін әлеуетке ие, бұл жаһандық климаттық трансформация жағдайында экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Осылайша ҚХР мен Қазақстанның көміртегі нарықтары жалпы климаттық мақсаттар шеңберінде, бірақ әртүрлі жылдамдықпен, ауқыммен және жетілу деңгейімен дамиды деп қорытынды жасауға болады. Цифрлық платформаларды құрудан бастап ерікті нарықты дамытуға және есептілік сапасын арттыруға дейінгі үздік тәжірибелерді біріктіру – климаттық трансформация жағдайында Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге көмектеседі.
Дереккөздер:
- Системы торговли выбросами и добровольный углеродный рынок: глобальный обзор и перспективы для Казахстана. — AIFC, февраль 2025 https://aifc.kz/wp-content/uploads/2025/02/cistemy-torgovli-vybrosami-i-dobrovolnyj-uglerodnyj-rynok-globalnyj-obzor-i-perspektivy-dlya-kazahstana.pdf
- Progress Report of China’s National Carbon Market (2024). Ministry of Ecology and Environment of the People’s Republic of China, July 2024
- https://kazpravda.kz/n/budushchee-globalnogo-uglerodnogo-rynka/