Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Мажарстан Сыртқы байланыстар және сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтермен кездесті. Сондай-ақ кездесуге Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Отто Иван Рона және Венгрия Сыртқы істер министрлігінің Ресей және ОА департаментінің референті Леона Левай қатысты.
ҚСЗИ директоры өз сөзінде Қазақстан мен Мажарстан түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатын ұзақ мерзімді серіктестер екенін айтты. Еркін Тұқымов Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумының маңыздылығына тоқталып, форумның басты мақсаты Орталық Азия кеңістігінде зияткерлік пікірталас өткізу, жаңа серпінді идеялар мен жобаларды қалыптастыру екеніне назар аударды.
«Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған Шығыс Еуропаның алғашқы мемлекеттерінің бірі болды. Қазақстан Мажарстанды Еуропалық Одақ елдері арасындағы маңызды сауда серіктесі ретінде қарастырады. Бізде ауыл шаруашылығы, энергетика, IT-сектор, экология және гуманитарлық сала сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеует бар», – деді Тұқымов.
Бүгінгі таңда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Корвинус университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы сияқты Мажарстанның талдау орталықтарымен өзара іс-қимылдың ұзақ тарихы бар. 2018 жылы институттар арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, сәйкесінше ол тығыз ынтымақтастыққа жол ашты.
Тараптар Қазақстан-Мажарстан әріптестігін дамыту тек өсуді ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық сапасын тереңдетуді талап етеді деген пікірге келді.