2024 жылғы 20 қыркүйекте онлайн-форматта Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық зерттеулер институты (СЗИ) Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумының қолдауымен ұйымдастырды.
Алғы сөзді ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар НҰРША мен СЗИ директордың орынбасары Биджин ХАНДСУРЕН айтты.
«Қазақстан мен Моңғолияны қарым-қатынастың ұзақ тарихы байланыстырады. Біздің елдеріміз бен халық арасындағы өзара іс-қимыл ғасырлар бойы қалыптасқан және өзара құрмет пен мәдени жақындыққа негізделген. Географиялық жақындығына қарамастан, екіжақты әлеует толық пайдаланылмаған деп санаймын. Оларды арттырудың жаңа және тиімді жолдарын табудың уақыты келді», – деп атап өтті Асқар Нұрша.
«Қазақстан Моңғолияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып табылады. Біздің ел көршілес екі ірі елдің – Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан. Бүгінде біз алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп келе жатқан қарқынды әлемде өмір сүріп жатырмыз. Нәтижесінде Қазақстан да, Моңғолия да қауіпсіздіктің дәстүрлі және дәстүрлі емес сын-қатерлеріне тап болуы мүмкін. Ешбір ел бүгінгі сын-қатерлер мен қауіптерді жалғыз өзі жеңе алмайды. Сондықтан барлық елдер мен халықтар сын-тегеуріндерге жауап беру жолдарын бірлесіп іздеп, өзара түсіністік, ынтымақтастық және даму жолымен текетірестің алдын алуы тиіс», – деді Биджин Хандсурэн.
Моңғолия тарапы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық зерттеулер институты арасындағы нәтижелі өзара іс-қимыл болашақта Қазақстан-Моңғолия ынтымақтастығының табысты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Сессия барысында Қазақстан мен Моңғолияның стратегиялық әріптестігінің ортақ сын-қатерлері мен перспективалары талқыланды. Тақырыптарға ішкі және сыртқы саясаттағы стратегиялық басымдықтар, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту шаралары және мемлекетаралық қатынастарды нығайтудағы диаспоралардың рөлі кірді.
Іс-шараға «Отандастар қоры» КеАҚ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Моңғолия Ұлттық университеті, Моңғолия ішкі істер университетінің өкілдері, сондай-ақ ҚСЗИ және СЗИ сарапшылары қатысты.
Кездесу екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша пікір алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.
Естеріңізге сала кетейік, Орталық Азия форумы аясында 2023 жылы ҚСЗИ мен СЗИ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл бірлескен іс-шаралардың, зерттеулердің, жұмыс алмасудың, өзара қызығушылық тудыратын тақырыптар бойынша ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдердің басталуы болды.