Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Нидерланд сараптамалық диалогты дамытуда

Қазақстан мен Нидерланд сараптамалық диалогты дамытуда

2025 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нико Схермерс пен Clingendael академиясының директоры Рон Тонмен кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов қонақтарды қарсы алып, Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тұрақты сараптамалық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол Нидерланд сараптамалық қауымдастығы Еуропадағы ең қуатты ғылыми-зерттеу әлеуетіне ие екенін, ал Clingendael академиясы стратегиялық зерттеулер мен дипломатиялық кадрларды даярлау бойынша танымал орталық болып саналатынын атап өтті.

Нидерланд тарапына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ ұйымдастыратын 2025 жылдың күзіне жоспарланған Astana Think Tank Forum мен Astana International Forum алаңдарына қатысуға шақыру жолданды.

Кездесуде екі елдің сараптамалық құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері басты назарда болды. Тараптар бірлескен іс-шаралар өткізу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу, сондай-ақ Еуропалық одақ – Орталық Азия диалогы аясында арнайы сараптамалық платформа құру мүмкіндіктерін талқылады.

Өз сөзінде Елші Нико Схермерс академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдіріп, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда пікір алмасудың тұрақты жүргізілуі маңызды екенін атап өтті.

Clingendael академиясының директоры Рон Тон өз кезегінде академияның құрылу тарихы мен қазіргі қызмет бағыттары туралы айтып өтті. Ол қолданбалы зерттеулер, Нидерланд пен басқа елдердің дипломатиялық кадрларын оқыту, сондай-ақ сыртқы саясаттың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру бойынша азаматтық қоғаммен жұмыс істеу бағыттарын атап өтті.

Әріптесінің сөзін тыңдай келе, ҚСЗИ директоры институт қызметкерлерінің Clingendael академиясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне қызығушылық білдірді.

1983 жылы құрылған және Гаагада орналасқан Clingendael халықаралық қатынастар институты Нидерландтағы жетекші сараптамалық орталық. Ол сыртқы саясат, халықаралық қауіпсіздік, дипломатия және қақтығыстарды реттеу салаларында маманданған.

ҚСЗИ мен Clingendael арасындағы ынтымақтастық 2024 жылы басталды: сол жылдың сәуір айында академияның ғылыми қызметкерлері Қазақстанға сапармен келсе, 2025 жылғы қаңтарда Clingendael «Орталық Азия көлеңкеден шығады: өзгеріп жатқан еуразиялық геосаяси жағдайдағы Еуропалық одақ пен Орталық Азияның қарым-қатынасы» атты аналитикалық баяндамасын жариялады.