Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Сербия мемлекеттері басшыларының қатысуымен ҚСЗИ мен IIPE арасында меморандумға қол қойылды

Қазақстан мен Сербия мемлекеттері басшыларының қатысуымен ҚСЗИ мен IIPE арасында меморандумға қол қойылды

19 қараша күні Белградта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичтің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Сербия Республикасының Халықаралық саясат және экономика институты (IIPE) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары аясында Қазақстан және Сербия ұйымдары арасында барлығы 10 меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісімдерге қол қою рәсімі екі ел президенттерінің тар және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінен кейін өтті.

Меморандумдарға қол қоюдан бұрын мемлекет басшылары сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге толық ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстан тарапынан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов және Сербия тарапынан Халықаралық саясат және экономика институтының директоры Бранислав Джорджевич қол қойған құжат ғылыми-сараптамалық диалогты дамытуға және зерттеу және білім беру салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.

Тараптар ғылыми материалдармен алмасуды, бірлескен зерттеулерді іске асыруды, екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша жалпы іс-шараларды өткізуді қоса алғанда, бірқатар негізгі бағыттардағы ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Сербия Президенттері екіжақты тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға өзара мүдделілік білдіргенін атап өткен жөн.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті қолда бар ресурс пен мүмкіндіктер қарастырылды.

Көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.

Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.