Skip to content
Басты бет » Қазақстан өңірлерінің тұрақты дамуы КИСИ GPS алаңында талқыланды

Қазақстан өңірлерінің тұрақты дамуы КИСИ GPS алаңында талқыланды

2025 жылғы 22 қазанда Шымкент қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының отырысы өтті. Кездесу Қазақстанның өңірлік тұрақты дамуы мен өзекті цифрлық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Сараптамалық алаң жұмысына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері, ғылыми қауымдастық және сарапшылар қатысты. Қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында назарға алынған өңірлік саясаттың басым бағыттарын талқылады. Өңірлердің цифрлық трансформациясына, экономикалық өсуіне және әлеуметтік тұрақтылығын арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина отырысты аша отырып, былай деді:

«Бүгінде өңірлердің теңгерімді дамуы, өмір сүру сапасын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу және жаңа экономикалық орталықтарды қалыптастыру мәселелері елдің стратегиялық бағытының негізгі құрамдас бөлігіне айналып отыр».

ҚСЗИ директорының орынбасары іс-шараның Шымкент қаласында өтуі символдық мәнге ие екенін атап өтті, өйткені бұл өңір тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп, елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі болып табылады:

«Соңғы жылдары Шымкент негізгі салалардың тұрақты дамуын байқатып отыр. 2021–2024 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық артты. Бұл өз кезегінде бизнестің сенімінің артуын және инвесторлар үшін қолайлы жағдайдың қалыптасқанын көрсетеді».

А. Жолдыбалина атап өткендей, ҚСЗИ өңірлердегі аналитикалық әлеуетті арттыруға айрықша мән беріп келеді. Осы мақсатта қазіргі уақытта еліміздің тоғыз облысын қамтитын өңірлік өкілдер желісі қалыптастырылған.

Өз кезегінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадүр Нарымбетов өз сөзінде цифрландырудың басқару тиімділігін арттыру мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартудағы маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу жергілікті атқарушы органдар жұмысының ашықтығын, жеделдігін және айқындығын қамтамасыз етеді.

«Цифрландыру – қалаларды тиімді басқарудың және тұрақты дамудың негізгі кілті», – деді депутат.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры Ғани Бесбаев өз сөзінде университеттің цифрландыру, жасанды интеллект, Big Data және робототехника салаларында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Университет базасында заманауи зертханалар ашылып, цифрлық және интеллектуалды технологияларды енгізуге бағытталған ғылыми зерттеулер мен пилоттық жобалар жүзеге асырылуда», – деді Ғ. Бесбаев.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев инвесторларға арналған қаланың интерактивті картасын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның айтуынша, бұл жоба өндірістік, логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылым туралы деректерді біріктіріп, инвестициялық алаңдарды таңдауды жеңілдетеді және бизнес пен инвестициялық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттырады.

«Интерактивті карта инвесторлардың оң шешім қабылдауына ықпал ететін және Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын тиімді құралға айналады», – деп атап өтті М. Өткелбаев.

Шымкент қаласының «iKomek 109» ахуалдық орталығының басшысы Азат Әміртаев қаладағы цифрлық сервистер мен жедел әрекет ету жүйелерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ол орталықтың жұмысы тұрғындар мен мемлекеттік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге бағытталғанын атап өтті:

«Бүгінде цифрлық платформалар қалалық экожүйенің ажырамас бөлігіне айналып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, жеделдігін және сапасын арттыруға ықпал етуде».

Shymkent Hub өңірлік менеджері Құрманғазы Мұратовтың пікірінше, қаланың стартап-экожүйесін дамыту – басты басым бағыттардың бірі. Оның айтуынша, Shymkent Hub жас кәсіпкерлер мен технологиялық бастамалар үшін тартылыс орталығына айналуға ұмтылуда.

«Біз инновациялық жобалардың өсуіне, стартаптарды қолдауға және IT-кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап отырмыз», – деді Қ. Мұратов.

КИСИ GPS қатысушыларының пікірінше, өңірлердің тұрақты дамуы үшін мемлекет, бизнес, ғылым және қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіретін жүйелі тәсіл қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік саясатты жетілдіруге, өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтуға және Қазақстан өңірлерінде инновациялық экожүйелерді дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленетін болады.