2 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылар кеңесінің жұмысы бастау алды. Шара Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға сапары және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылды. Кездесу барысында екі елдің сарапшылары екіжақты ынтымақтастық пен аймақтық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады.
Іс-шараны аша отырып, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстан-Өзбекстан Сараптамалық кеңесі белгілі бір мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар бірлескен дамудың тиімді тетіктері үшін ізденіс барысында идеяларды тудыратын ортаға айналуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Өзбекстан президенттері 2022 жылдың желтоқсанында одақтастық қатынастар туралы келісімге қол қойды. Біз Сараптамалық кеңесте елдеріміздің басшылығына одақтастық қатынастарымыздың болашағын анықтауға көмектесуіміз керек. Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы 5, 10, 50 жылдан кейін қандай болады? Бұдан екі елдің азаматтары не ұтады? Одақтастық қатынастар дегеніміз не? Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы Орталық Азия аймағының интеграциясына қалай әсер етеді?», — деп ҚСЗИ директоры Кеңестің мақсаты мен міндеттерін нақтылады.
Мысал ретінде ҚСЗИ басшысы шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдету арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін алға тартты.
«Неге біз шекарадан өту үшін оңайлатылған құжат айналымына көшпейміз. Неге Ташкент – Шымкент, Ташкент – Тараз, Ташкент – Алматы, келешекте Ташкент – Астана пойыз бағыттарын іске қоспасқа. Трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мультипликативті нәтиже береді және онымен бірге басқа аспектілерді де «жандандыратын болады», — деді Еркін Тұқымов.
ҚСЗИ директоры Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты мен ҚСЗИ арасындағы ғылыми өзара іс-қимыл мәселелерін жеке қарастырып, тоқталды:
«Бірлескен іргелі зерттеулер жүргізуді ұсынамын. Мысалы, Орталық Азияның бірегейлігі. Бұл тұжырымдама нені білдіреді? Біздің жас ұрпақтың бірегейлігі қандай? Біздің елдеріміздің жастары одан әрі дамуды қалай көреді? Бұл зерттеулер әсіресе жастардың үлес салмағының өсуіне байланысты өзекті болып табылады. Өкінішке орай, бізде әлі күнге дейін елдеріміздің жастары туралы бірлескен ауқымды зерттеулер жүргізілмейді. Бұл ретте біз азаматтарымыздың көңіл-күйін түсінуіміз керек – біз қайда бара жатырмыз, сәйкестілік саласындағы ортақ саясатты қалай құруымыз керек? Бірлескен іргелі зерттеулер жүргізуде бізде үлкен әлеует бар деп есептеймін».
ҚСЗИ директоры сондай-ақ келесі кеңестерде суды пайдалану және су-экологиялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нақты мәселелерін талқылауды, Ауғанстан бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеуді, бірінші кезекте инфрақұрылымдық жобаларды, ауыл шаруашылығын дамыту форматында және де екі елдің үкіметтері үшін ұсынымдар әзірлеуді ұсынды..
Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының (СӨЗИ) директоры Эльдор Арипов Өзбекстан мен Қазақстанның сарапшылық қауымдастықтары арасындағы диалог тұрақты және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылық кеңесін құру, СӨЗИ басшысының айтуынша, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі қарсаңында ерекше мәнге ие болды.
«Біз бұл кеңеске үлкен үміт артамыз. Қазақстан тарапынан ҚСЗИ және Өзбекстан тарапынан СӨЗИ екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары бойынша диалог жүргізуге қабілетті және біздің кездесулерімізді мәнді және мазмұнды ете алатын жетекші екі құрылым», — деп атап өтті Эльдор Арипов.
Атап айтқанда, өзара ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының қатарында Эльдор Тахирұлы көлік коммуникациясын дамыту мен осы салада келісілген саясатты қалыптастыруды, Қазақстан жетекші рөл атқара алатын ортақ энергетикалық нарықты құруды атады.
СӨЗИ директоры Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия аймағында бірінші болып екіжақты қарым-қатынастарды одақтық деңгейге көтергенін атап өтті. Елдер арасындағы саяси диалог Жоғары мемлекетаралық кеңес форматында институттандыру кезеңіне өтті.
«Біздің мемлекетіміздің өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес келеді. Сонымен қатар, біздің елдеріміздің өңірлік даму логикасы аясында ғана бірлесіп шешуге болатын проблемалары бар. Бұл біздің елдерімізді аймақтық ынтымақтастықтың локомотивтеріне айналдырады», — деп түйіндеді сөзін Эльдор Тахирұлы.
Сараптамалық кеңеске қатысушылар ынтымақтастықтың жаңа векторларын анықтап, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара байланысты нығайту тетіктерін талқылады, сондай-ақ біздің елдеріміз алдында тұрған міндеттерді қарастырды.
СӨЗИ директорының бірінші орынбасары Акромжон Нематов, атап айтқанда, қазіргі таңда әлем басынан өткеріп отырған халықаралық қатынастар жүйесінің терең күрделі дағдарысын аймақ үшін басты міндет ретінде анықтады:
«Біз сенім дағдарысының, халықаралық институттардың тиімділігінің төмендеуінің куәсі болып отырмыз. Әлем тағы да саяси және экономикалық блоктарға бөлінді. Протекционистік шаралар күшейіп, инфляция жоғары деңгейде қалып отыр, ресурстар таусылады. Осы факторлардың шоғырлануы әлеуметтік-саяси шиеленістің күшеюіне әкеледі.
Жаһандық және аймақтық дағдарыстар, сауда шиеленістері және қаржыландырудың қатайтылуы жағдайында дамушы елдерден капиталдың кетуі белең алуда. Жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2023 жылы 2%-ға қысқарды. Ал Азия елдеріне, біздің айналамызға 8%-ға төмендеді».
Сыртқы қайшылықтарға аймақішілік, атап айтқанда сумен жабдықтау және энергетика саласындағы қатерлер қосылуда:
«Бүгінгі таңда Орталық Азияда суға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі өте өткір тұр, бұл климаттың өзгеруі жағдайында барынша ушығуда. Су ресурстарын тұтыну халық санының өсуімен, жедел урбанизациямен және белсенді өнеркәсіптік дамумен артады. 2018-2023 жылдар аралығында аймақтағы қала тұрғындарының саны 9,5%-дан 16%-ға өсті. БҰҰ мәліметі бойынша, 2030 жылдан бастап қала халқы ауыл тұрғындарынан асып түседі, ал 2050 жылға қарай бұл айырмашылық 46 пайызға артып, 57 миллион адамға жетеді.
Халық саны мен экономика өскен сайын энергияға деген сұраныс та өсуде. Қазір электр энергиясы саудасы арқылы сұраныстың 2,5 пайызы ғана қанағаттандырылып отыр. Бұл аймақтағы өзара қосылу мүмкіндігінің 40 пайызын ғана құрайды. Сауда көлемінің мұндай аздығы нарықтық алаңның жоқтығы мен аймақтық желіні басқару сапасының төмендігінен, инфрақұрылымның ескіруінен және үйлестірудің нашарлығынан», — деп атап өтті Акромжон Нематов.
Сараптамалық кеңестің күн тәртібінде өндірістік кооперация мен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Сарапшылар аймақтық өнеркәсіптік кооперацияны, халықаралық өндірістік және логистикалық тізбектерге интеграцияны дамытудың практикалық шараларын талқылады.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының (СӨЗИ), Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының, «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық ассоциациясының, Kazenergy қауымдастығының, Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының (ОАӨЭО), Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су комиссиясының (МҮСК ҒЗО), «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері қатысты.
Сараптамалық кеңес жұмысының нәтижелері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны нығайтуға маңызды негіз болады.
Анықтама үшін: 2023 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд долларға жетті, тауар жеткізілімінің көлемі 11,1 млн тоннаны құрады. Қазақстан Өзбекстанға 3,1 миллиард доллардың тауарын экспорттады. Экспорттың негізгі санаттарына бидай, күнбағыс майы, көмір, шымтезек, кокс, сондай-ақ құрамында азот, фосфор және калий бар тыңайтқыштар жеткізілді, олардың жеткізілімі 2,5 есе өсті. Ұн мен тәтті сусындардың жеткізілімі де артты. Өзбекстаннан Қазақстанға импорт тоқыма және трикотаж санатында өсім көрсетті. 2023 жылы Өзбекстаннан импорт 4 пайызға өсіп, 957,8 миллион долларды құрады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін бірнеше негізгі көлік дәліздері бар. Жүктерді, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін және өнеркәсіп тауарларын тасымалдау үшін пайдаланылатын тікелей теміржол байланыстары бар. Кедендік ресімдеу процедураларын жеңілдетуге және екі ел арасындағы жүк ағынын жеделдетуге көмектесу үшін шекарада логистикалық орталықтар құрылуда.
Қазақстан мен Өзбекстан Әзірбайжан, Грузия және Түркиямен бірге Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) қатысушылары болып табылады. Елдер сондай-ақ жолдарды, шекаралық және жол бойындағы инфрақұрылымды қайта жаңарту мен салуды көздейтін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі жобасын әзірлеуде.
Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су ресурстарын, әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендерінің бассейндерін бірлесіп басқару бойынша жұмыс жүргізуде. Екі мемлекет те су объектілерін бақылау және қорғау бойынша бірлескен жобаларды қамтитын су ресурстарын тұрақты пайдалануды жақтайды. Ауыл шаруашылығы секторында суды пайдалану тиімділігін арттыруға көмектесетін суару жүйелерін жаңғырту бойынша бірқатар бастамалар бар. Екі ел Орталық Азиядағы су ресурстарына қатысты мәселелерді шешу үшін Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысына қатысады.
#Қазақстан #Өзбекстан #ОрталықАзия #Сарапшылар_кеңесі #ынтымақтастығы