Мұхит Асанбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
халықаралық қауіпсіздік бөлімінің
бас сарапшысы
Ауғанстан дамуындағы шешуші кезеңді бастан өткеріп жатыр: ел ішінде саяси өзгерістер орын алуда, экономикалық қиындықтар байқалуда. Соған қарамастан, ел билігі экономиканы қалпына келтіру бағытында белсенді шаралар қабылдап, халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетуде. Жалғасып жатқан трансформация жағдайында сыртқы серіктестердің қолдауымен және Ауғанстанның табиғи ресурстарға бай әлеуетін ескере отырып, елдегі жағдайдың ұзақ мерзімді тұрақтануына үміт артуға негіз бар.
Ауғанстанмен көршілес Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің барлығы осы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына мүдделі болуы кездейсоқ емес. Бұл мемлекеттер Ауғанстандағы тәліптер режимімен сындарлы өзара іс-қимыл арналарының жедел жолға қойылуын қажет деп санайды, өйткені бұл олардың өңірлік ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келеді.
Бұл мүдделер тек терроризм, есірткі трафигі мен заңсыз миграция сияқты ортақ қауіп-қатерлер Ауғанстан мен оған шекаралас елдер үшін аса өзекті мәселе болғандықтан ғана емес, сонымен қатар Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы көлік-логистикалық және сауда-экономикалық дәлізді қалыптастыру қажеттілігімен де байланысты. Мұндай стратегиялық мақсаттарға тек Ауғанстанмен тату көршілік пен өңірлік жақындасу саясатын дәйекті түрде жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады.
Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Соңғы уақытта еліміз Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру ісіне және өңірдегі маңызды сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді.
Аталған бағыт аясында 2025 жылдың 13-17 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ делегациясы – институт директоры Еркін Тұқымов, Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев және осы бөлімнің сарапшысы Дариға Дәутова – жұмыс сапарымен Кабул қаласында болды. Сапар барысында Ауғанстанның бірқатар негізгі министрліктері мен жетекші талдамалық, ғылыми және білім беру мекемелерінің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесулер өтті.
Ауғанстан билігі өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық, транзиттік-логистикалық және инфрақұрылымдық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстанның Ауғанстандағы білім беру сапасын арттыруға және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға жәрдемдесу перспективаларын қозғады.
ҚСЗИ делегациясының сапарына орай Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы ұйымдастырған «Ауғанстан мен Қазақстан арасындағы жаңа мүмкіндіктер» атты конференция зор қызығушылық туғызды. Конференция қатысушылары Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастардың тарихи тамыры тереңде жатқанын атап өтті. Бабаларымыздың арасындағы байланыс ортақ мәдени-өркениеттік негізге сүйенген. Тарихтан белгілі болғандай, Орталық және Оңтүстік Азия халықтары бірлескен сауданы белсенді түрде дамытып, Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының маңызды буыны болған.
Сонымен қатар, Орта ғасырларда көптеген қазақ қажылары, Орталық Азияның басқа мұсылмандары сияқты, Ауғанстан аумағы арқылы Хиджазға аттанды, ал орталық және Оңтүстік Азия арасында белсенді көші-қон ағындары мен мәдени өзара алмасу болды.
Бүгінгі жағдайға келетін болсақ, конференцияға қатысушылардың басты қорытындысы ортақ шекаралардың жоқтығына қарамастан, екіжақты ынтымақтастық деңгейінде де, өңірлік өзара іс-қимыл форматында да байланыстарды кеңейту жолдарын сенімді түрде іздейтін екі ел — Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өсіп келе жатқан ынтымақтастықты айқындау болды. Сондай-ақ мұндай іс-шаралардың, яғни сарапшылар қауымдастығының әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған кездесулердің, мемлекет құрылымдарына, бизнеске және азаматтық қоғамға өзара тиімді ынтымақтастық пен серіктестік бағытын жүзеге асыру үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктер табуға септігін тигізетіні ерекше атап өтілді.
ҚСЗИ делегациясының Ауғанстандағы БҰҰ миссиясының басшысы Роза Отынбаевамен кездесуі ерекше маңызға ие болды. Бұл кездесуде Ауғанстандағы бейбітшілік процесін нығайту мәселелері мен халықаралық қоғамдастықтың жергілікті халыққа гуманитарлық көмек көрсету қажеттілігі талқыланды.
Сапардың соңғы кезеңінде ҚСЗИ делегациясы Мазари-Шариф қаласында Балх провинциясының әкімінің орынбасарымен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы және көлік-логистикалық салаларындағы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған ынтымақтастық жобалары жөнінде пікір алмасты. Ауғанстан негізінен аграрлық ел, ал Қазақстан Ауғанстанға ұнның ең ірі (жалпы көлемнің 70% құрайтын) экспорттаушысы болып табылады.
Қазақстанның болашақ жоспары – Ауғанстанға дән мен ұн экспортын ұлғайту және Қазақстан-Түрікменстан шекарасындағы, әрі қарай Ауғанстанға дейін тікелей қатынайтын Бейнеу дән терминалының мүмкіндіктерін тиімдірек пайдалану. Осы бағытта қазақстандық компаниялардың қатысуымен Тургунди – Герат теміржол желісінің жаңа учаскесінің құрылысы жүзеге асырылуда.


