Айгерім Абдрашитова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы
Қазақстан халқының 36,7%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл – 6,1 мың ауыл мен 2,2 мыңға жуық ауылдық округ[1] тұрғындарын қамтитын 7,4 миллионнан астам адам[2]. 2027 жылға қарай ауыл халқы шамамен 7,7 миллион деңгейінде тұрақталып, ауыл саны 5,9 мыңға[3] дейін қысқарады деп болжануда. Урбанизация үдерісі белсенді жүріп жатқанына қарамастан, ауылдық аймақтарды дамыту еліміз үшін әлі де өзекті мәселе болып қала бермек.
Бұл саладағы мемлекеттік саясат ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, оларға көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуге бағытталған. Соңғы бес жыл ішінде ауылдық округтер мен ауылдарды дамыту үшін мемлекет стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды қабылдады. Бұл өңірдің өркендеуіне және даму теңсіздігінің азаюына ықпал етеді.
Сонымен қатар ауылдар мен республикалық маңызы бар қалалардың инфрақұрылымдық даму деңгейі мен соған сәйкес өмір сапасындағы айырмашылықтарды өлшеп, болжайтын арнайы құралдар қажет. Қазіргі кезде өңірлердің жағдайын бағалау, әлсіз тұстарды анықтау мен олардың даму жоспарын құру үшін Аймақтық стандарттар жүйесі (АСЖ) қолданылады.
Жүйе елді мекендерді сапалы өмір сүруді қамтамасыз етудің негізгі 12 бағыт бойынша бағалайды.

2021 жылы еліміз бойынша АСЖ-не сәйкес қызметтер мен нысандармен қамтылу деңгейі 64,1% болса, 2024 жылы 66,1%-ға жетті. Ауылдардың қажетті инфрақұрылыммен қамтылуы 2022 жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға өсіп (55,3%-дан), 65,7%-ды құрады. Қалаларда бұл көрсеткіш 2022 жылы 87%, ал 2024 жылы 89%[4] болды.
АСЖ міндетті және ұсынылатын нысандар мен қызметтер негізінде ауылдық аумақтарды дамытудың екі деңгейлі моделін қалыптастырады. Мәселен, ауылдық округтер мен тірек ауылдық елді мекендердің орталықтарына кәсіптік білім беру мен спорт кешендерінен бастап, банк қызметтері мен орталықтандырылған сумен жабдықтауға дейінгі кеңейтілген инфрақұрылым ұсынылады.
Ал қалған ауылдар негізгі қызметтер жиынтығымен қамтамасыз етіледі; оларға дүкендер, мәдени және спорттық нысандар, пошта мен телефон байланысы, интернет пен ұялы байланыс, учаскелік полиция пункті, өрт күзеті мен тұрмыстық қалдықтарды шығару жүйесі кіреді. Оларда көшпелі мемлекеттік қызметтер мен сумен жабдықтаудың блок-модульдік жүйелері сияқты икемді шешімдерге баса назар аударылады. Осылайша, негізгі инфрақұрылымның бар болуы ерекшелік емес, жайлы өмір стандартына айналады.
Бұл бағыттағы келесі маңызды стратегиялық құжат – ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023—2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы, оның іске асырылу динамикасы АСЖ индексі арқылы өлшенеді. Ол ауылдарды дамытудың кешенді тәсілін қалыптастыруға бағытталған, оған мыналар кіреді:
- ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы тұрмыс жағдайларын жасау;
- әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту;
- агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылық кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті ынталандыру және қолдау;
- жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және азаматтарды аумақты басқаруға тарту;
- өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ауылдық аумақтардың тұрақты экономикасын қалыптастыру.
Тұжырымдама ресурстарды тірек және дамушы ауылдарға шоғырландыруды көздейді, бұл әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал шағын және шалғайдағы елді мекендердің бір бөлігі, керісінше, біртіндеп ірі орталықтарға біріктірілетін болады.
Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша 3,5 мың тірек және серіктес ауылдар негізгі қызметтермен толық қамтылуы тиіс. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет қазірдің өзінде бірқатар қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдар мен шағын қалалар тұрғындарына жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетеді, әсіресе мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласына басымдық береді. Қарыз мерзімі 5 жылға дейін белгіленеді, жылдық мөлшерлемесі 2,5% құрайды. Ал мал шаруашылығы жобалары үшін мерзім 7 жылға дейін ұзартылған. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК, ал ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 8 мың АЕК-ке дейін беріледі. Биыл бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінді.
2023-2024 жылдар аралығында 16 мыңнан астам шағын несие беріліп, соның нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері өңірлерде 540-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.
Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетті. Оның мақсаты – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту. 2019 жылдан бері 2,6 мың тірек және серіктес ауылдарда 6,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 2 мыңнан астам әлеуметтік нысан, оның ішінде мектептер, медициналық пункттер мен мәдениет үйлері және 3 мыңнан астам ауылішілік жолдар салынып, жөндеуден өтті. 2025 жылы елдің 500 ауылдық елді мекенінде мыңға жуық жобаны жүзеге асыру үшін 176,4 млрд теңге қарастырылған.
Әрине, ауылдарды дамыту тек инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен шектелмейді. Оның стратегиялық маңызы – адами капиталды нығайту, өңірлердегі теңсіздікті азайту және ауылдық жерлерде халық үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау. Ауылдардың болашағы тұрақты экономикаға, белсенді жергілікті өзін-өзі басқаруға және дамыған әлеуметтік ортаға байланысты. Бұл өз кезегінде оларды өмір сүруге де, жұмыс істеуге де қолайлы мекен етеді.
[1] Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері (2025 жылғы 1 қаңтар). https://stat.gov.kz/ru/industries/social-statistics/demography/publications/281169/
[2] 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы демографиялық жағдай туралы. https://stat.gov.kz/ru/news/o-demograficheskoy-situatsii-za-yanvar-iyun-2025-goda-/
[3] Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысы. https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2300000270
[4] https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/568388?lang=ru