«Поляризациядан әріптестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру» тақырыбындағы Astana Think Tank Forum 2025 өз жұмысын жалғастыруда.
Форумның екінші және үшінші сессиялары аясында қатысушылар әлемдік тәртіптің трансформациясы мен бірполюсті жүйеден көпполюсті жүйеге өту мәселелерін, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелерін талқылады.
«Бірполярлықтың аяқталуы: өзгермелі күш теңгерімі жəне көпжақтылықтың болашағы» атты екінші сессияның модераторы ретінде Еуразиялық технологиялық университетінің (Қазақстан) академиялық қызмет жөніндегі проректоры Асқар Нұрша сөз сөйледі.
Қатысушылар аймақтық державалардың ықпалының артуы халықаралық қатынастар архитектурасын қалай өзгертетінін талқылады. Дискуссия барысында түрлі аймақтардың жаңа шындыққа бейімделу сценарийлері мен неғұрлым инклюзивті әрі тұрақты халықаралық әріптестік формаларын қалыптастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Қақтығыстардың алдын алудың және геосаяси сын-қатерлерді конструктивті шешудің негізгі құралдары ретінде диалог пен өзара сенімнің рөліне ерекше назар аударылды.
Ғаламдық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар (Үндістан) өз сөзінде адамзат алдындағы ең өзекті сын-қатерлерге – қауіпсіздік, климат, терроризм қаупі, пандемия, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке тиісті деңгейде назар аудару қажеттігін атап өтті.
Каспий саясаты мәселелері жөніндегі орталықтың (АҚШ) зерттеу директоры және аға ғылыми қызметкері Эрик Руденшиолд өз сөзінде Орталық Азияның жаңа көпполюсті жүйедегі орны мен Еуразиядағы күштерді қайта бөлудегі рөліне тоқталды.
«Бүгінде Орталық Азия – дербес орталық державалар кластеріне айналуда. Аймақ елдерінің «орта держава» (middle power) ретіндегі күшеюі бізді «ұлы державалар бәсекелестігі» ұғымын қайта қарауға мәжбүрлейді. Қазақстан мен аймақтың басқа да елдері – әрқайсысы өз ерекшелігімен – енді тек сыртқы ықпалдарға жауап беріп қана қоймай, аймақтық динамиканы өздері қалыптастырып жатыр», – деді Эрик Руденшиолд.
Ал Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының Орталық Азияны зерттеу орталығының басшысы Эрдэнэцогт Доржпалам өз кезегінде бірполюсті жүйеден көпполюсті әлемге өтудің катализаторы ретінде Ғаламдық Оңтүстік елдерінің жедел экономикалық өсуін атап өтті.
«Әлемдік экономикалық әлеует Батыстан Шығысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке қарай ығысуда. Жаңа көлік-логистикалық, өнеркәсіптік және технологиялық орталықтар пайда болуда, ал көпполюсті әлемнің ауырлық орталығы Еуразияда шоғырлануда», – деп атап өтті моңғолиялық сарапшы.
«Ядролық сын-қатер: стратегиялық бәсекелестік дәуіріндегі таратпау және қарусыздану» тақырыбына арналған үшінші сессияның модераторы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен болды.
Сессияға қатысушылар биполярлық әлемге арналған дәстүрлі таратпау және қарусыздану тетіктері бүгінде Ядролық ойыншылар мен бәсекелес стратегиялық державалардың алуан түрлілігіне төтеп бере алмайтынын атап өтті.
Осыған қарамастан, ПИР-Орталығының негізін қалаушы және директоры, Ресей СІМ МГИМО университетінің профессоры Владимир Орлов Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) бірегей шарт болып қала беретінін атап өтті – оған ешкім дау айтпайды.
«Оның үш тірегі – қарусыздану, атом энергетикасын бейбіт жолмен дамыту, ядролық қаруды таратпау – барлық елдер үшін өзекті болып қала береді», – деді ресейлік сарапшы.
Қару-жарақты бақылау жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры (АҚШ) Дэрил Кимбалл өз сөзінде стратегиялық бәсекелестіктің жаңа дәуірінде қорғаныс кедергілерін нығайту және ядролық қарусыздану дипломатиясын ілгерілету мәселелеріне тоқталды.
«Қазіргі жағдайда барлық жауапты мемлекеттер ядролық қарудың жинақталуына, таралуына, сыналуына және қолданылуына қауіп төндіруіне кедергі келтіретін ЯҚТШ нормаларын нығайтуға тиіс. Азаматтық қоғам мен үкіметтер кез – келген жағдайда ядролық қаруды қолдану немесе қолдану қаупі өте қауіпті және қолайсыз деп біржақты айтуы керек», — деді америкалық сарапшы.
Манохар Паррикар атындағы Қорғаныс зерттеулері және талдау институтының аға ғылыми қызметкері (Үндістан) Раджив Наян өз кезегінде ЯҚТШ-ның қазіргі таратпау және қарусыздану жүйесінің тұрақтылығының тірегі екенін атап өтті. Үнді сарапшысының пікірінше, қару-жарақты көпжақты бақылау тұтастай алғанда тұрақтылықты сақтайды және оның институционалдық механизмдері жалғасуда.
Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының атқарушы директоры (Пәкістан) Әли Сарвар Накви Оңтүстік Азия аймағында шиеленісті болдырмау үшін дипломатиялық күш-жігердің маңыздылығын және Пәкістанның мәселелерді консенсус негізінде шешуге дайындығын атап өтті.
Соңында, ядролық басқару жөніндегі тәуелсіз сарапшы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктіңқауіпсіздік саласындағы саясатты бақылау және үйлестіру департаментінің бұрынғы жетекшісі (Австрия) Тарик Рауф Қазақстанның таратпау және қарусыздану мәселелеріне қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
«Сіздің еліңіз — атом энергетикасы ресурстарының ең ірі жеткізушісі. Сонымен қатар, Қазақстан барлық ядролық державалармен сындарлы ынтымақтаса алады. Бұл, менің ойымша, сіздің елдеріңіздің үлкен жетістігі», — деді Тарик Рауф.
Осылайша, сессия барысында пікірталасқа қатысушылар стратегиялық бәсекелестік дәуірінде қару-жарақты көпжақты бақылауды сақтау мүмкіндігін қарастырды, ядролық тәуекелдерді төмендетудің инновациялық тәсілдерін зерттеді және ядролық қарусыз мемлекеттердің ядролық державалар арасындағы келіспеушіліктерді жеңуге қалай ықпал ететінін талдады.
Astana Think Tank Forum 2025 өз жұмысын 15-16 қазанда жалғастырады.







