Қоғамның өзгеріске бейімділігін түсінудегі мінез-құлық экономикасы

Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы реформалардың бағытын айқындап, жалпыұлттық өзгерістер курсын қалыптастырды. Алайда өзгерістер тек бағдарламалар мен сандарға ғана емес, халықтың дайын болуына да байланысты. Қоғам қиындықтарды қалай қабылдайды? Бұл тұрғыда Нобель сыйлығының лауреаттары қандай кеңес береді?
2025 жылғы Президенттің Жолдауы – бұл жай ғана тапсырмалар тізімі емес, қоғамның мемлекетпен бірге өзгеруіне бағытталған ұсыныс. Президенттің басты ойы – әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде, сондықтан бұл орайда Қазақстан жаңа тұрақсыздыққа бейімделіп қана қоймай, цифрлық дәуірге серпіліс жасауға міндетті. Президенттің айтуынша: «Біздің өскелең ұрпақ бақыт пен берекеде өмір сүруі тиіс. Ол үшін біз біртұтас ұлт ретінде табанды еңбек етуіміз керек». Бұл ой қарапайым көрінгенімен, өте маңызды: егер адамдар өзгеріс болатынына сенбесе, ешқандай реформа іске аспайды. Сұрақ тек біреу: біз өзгерістерге дайынбыз ба?
ҚСЗИ сауалнамасы нені көрсетті?
Көктемде жүргізілген сауалнамамыздың нәтижелері мынадай:
— Азаматтардың 60,8%-ы елдің алдағы 5 жылда оң бағытта дамитынына сенімді;
— 31,4%-ы бейтарап жауап беріп, «ештеңе айтарлықтай өзгермейді» деген; — 7,8%-ы болашақты теріс тұрғыдан бағалаған[1].

Бүгінгі таңда Қазақстанда сирек кездесетін қоғамдық оптимизм бар: қазақстандықтардың үштен екісінің болашаққа көзқарасы үмітке толы, демек қоғамның бастапқы нүктеден дайындықпен алға жылжуы байқалады. Дәл осы ресурс нақты әрекеттердің негізіне айналмақ. Бұл мәселеде мінез-құлық экономикасының идеялары көмекке келеді. Біз заманауи экономиканы түбегейлі өзгерткен және өзгерістер тек көрсеткіштермен ғана емес, адам болмысымен жұмыс істеуді қажет ететінін көрсеткен үш Нобель сыйлығы лауреатының идеяларына жүгінетін боламыз.
1. Ричард Таллердің «Nudge» / «түрткі болу» теориясы[1]: адамдардың таңдау еркіндігін сақтай отырып, шешімдерді жақсартуға болады.
Мәселен, Президент биылғы Жолдауында жаңа салықтық менталитет пен салық төлеушілердің адалдығына жүгінген болатын. Бұл ерекше жұмысты қажет етеді, өйткені бұл тұста дағдылармен, көзқарастармен және жалпы мінез-құлық мәдениетімен жұмыс істеу керек. Дәл осы туралы Нобель сыйлығының 2017 жылғы лауреаты Ричард Таллер жазған. Ол қарапайым, бірақ қуатты «түрткі болу» тұжырымдамасын ұсынды. Оның мәні – адамдардың мінез-құлқы бұйрықтар мен тыйымдар арқылы емес, таңдау құрылымын дұрыс құру арқылы өзгеретіндігінде. Таллер қарапайым, ыңғайлы тетіктер мен нұсқаулар арқылы мінез-құлықты өзгертуге болатынын көрсетеді. Бұл логикаға сәйкес, Қазақстанда халықтың салықтары мектеп, аурухана мен жол түрінде қайтып келетінін көруге болатын онлайн-калькуляторлар мен ашық цифрлық сервистер жасалуы тиіс. «Салық төлеу» барысы түсінікті, ыңғайлы әрі пайдалы болғанда, адамдар оны айналып өтудің жолдарын іздеуді қояды. «Түрткі болу» оң мінез-құлықты қалыпты әдетке айналдырады. Бұл – ойды іске айналдыратын қадам.
2. Даниэль Канеманның когнитивтік бұрамалаулары[2]: біз логика емес, жиі қателікке әкелетін жылдам құрастырылған ережелермен ойлаймыз.
Президент өз Жолдауында қоғамның өзгерістерге дайын болуының маңыздылығын атап өтті. Мұнда Канеман мен оның әріптесі Амос Тверскидің жаңалықтарын еске алған жөн. Олар адамдардың әлемді рационалды тұрғыда емес, бұрмаланған қабылдаулар тұрғысынан бағалайтынын көрсетті. Олардың әйгілі «проспект теориясы» біздің шығынға ұшырағанамызды пайда тапқанымыздан әлдеқайда ауыр сезінетінімізді дәлелдеді. Басқаша айтқанда, тіпті реформа болашақта пайда әкелсе де, адамдар таныс дүниелерінен айырылудан қорқып, ескіге жабысып қалады. Канеманның «шығынға ұшырау әсері» көмегімен қоғамның бір бөлігінің өзгерістерден сақтанатын себебін түсінуге болады. Адамдар өзгерістерге қарсы емес, тек тұрақтылықтан айырылмайтынына сенімді болғысы келеді. Сондықтан әр нәрсеге кепілдіктер беріп, қандай өзгерістер болатынын, не үшін қажет екенін қарапайым тілмен түсіндіру маңызды. Осы психологияны ескеріп, алаңдаушылықты азайту және өтпелі тетіктерді ұсыну маңызды. Мұның бәрі реформалардың батыл сипатымен қатар оларды қоғам үшін психологиялық тұрғыдан қолайлы ету қажеттігі жөніндегі Президенттің ойын күшейтеді.
Мысалы, еңбек нарығына жасанды интеллектті енгізу нәтижесінде, «роботтар адамдардың жұмыс орындарын тартып алады» деген алаңдаушылық туады. Алайда осы тұста жаңа мамандықтар пайда болатыны, қандай қайта даярлау бағдарламалары бар екені, мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілетіні халыққа түсіндірілсе, қорқыныш бейімділікке айналады. Егерде қоғамда жаңа салық кодексінің нәтижесінде тек «көбірек төлеу керек болады» деген түсінік қалыптасса, әрине, қорқыныш та пайда болады. Ал егер «салығыңыз – аудандағы мектебіңіздің жабылмауына, дәрігерлердің лайықты еңбекақы алуына, жолдардың уақтылы жөнделуіне кепілдік болады» деген ой қалыптасса, қабылдау әсері өзгереді. Бұл халық үшін бұдан былай «шығын» емес, әркімге қымбат игіліктен айырылу қаупі ретінде көрінетін болады.

3. Роберт Шиллердің нарративтік экономикасы[3]: қаржылық «көпіршіктер» биржада емес, адамдардың қорқыныштары мен үміттері арасында туындайды.
Президенттің цифрлық Қазақстан туралы Жолдауы – жай ғана технократиялық бағдарлама емес, еліміздің жаңа әлемнің бір бөлігі болып, артта қалмай, керісінше алға ұмтылатыны жөніндегі хикая. Бұл хикаяның адамдарға қалай жеткізілетіні маңызды. Тағы бір Нобель сыйлығы лауреаты Роберт Шиллер «нарративтік экономика» ұғымын енгізген болатын. Ол ұғымның мәні өте қарапайым: экономикалық процестерге тек көрсеткіштер мен заңдар ғана емес, халық сенетін хикаялар да ықпал етеді. Адамдар өсім, құлдырау, болашақ туралы хикаяларға сенім білдіреді.
Шиллерге сүйенетін болсақ, реформалардың табысты болуы азаматтардың жеке тәжірибесіне байланысты. Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды, өйткені азаматтардың екіден үш бөлігі болашаққа сеніммен қарайды. Нарративті қолдау дегеніміз – табысты оқиғаларды айту, жаңа мектептерді, жаңа жұмыс орындарын және цифрлық сервистерді көрсету. Егер цифрландыру қолжетімді медицинаға, әділ салықтандыруға және балаларды қорғауға кепілдік болса, ол қоғам тарапынан қолдау тауып, өзгерістерге қуат береді. Шиллер әлеуметтанушылар «әлеуметтік желім» деп атайтын құбылысты дәл осындай оқиғалардың қалыптастыратынын көрсетеді. Осы орайда, Президенттің болашақ ұрпақтың бақыты туралы идеясы қайталап, нақтылауды қажет ететін нарратив ретінде қабылдау маңызды.
Осылайша, Президент Қ.К. Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы елді өзгерістер төңірегінде біріктірсе, мінез-құлық экономикасының идеялары оның мазмұнын кеңейтіп, қоғамның үміт артқан жайттарын нақты қадамдарға айналдырады. Тек көрсеткіштерге ғана емес, сонымен қатар адам болмысына да сүйену арқылы Қазақстан жаңа әлемге бейімделіп қана қоймай, өзгерістер қоғамда ортақ іс және ортақ тарих болып қалыптасқан мемлекет ретінде сенімді түрде қадам басу мүмкіндігіне ие болады.
[1] Richard H. Taller. From Cashews to Nudges: The Evolution of behavioral Economics. www.nobelprize.org
[2] Daniel Kahneman. Maps of bounded rationality. www.nobelprize.org
[3] Robert Shiller. Speculative asset Prices. www.nobelprize.org